«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тәубе» ақиқатты танытады

«Тәубе» ақиқатты танытады
Автор
«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби жобасының арнайы жүлдесімен марапатталған Қуат Бораштың «Тәубе» романының таныстырылымы Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында өтті. Жаңа романның таныстырылымында жергілікті қаламгерлер оқырман ретінде алған әсерлерін айтып, қалың жұртшылыққа туындының мән-мағынасын тереңінен әңгімеледі.

Қазіргі қазақ қоғамындағы діни нанымның ақиқатын ашып көрсететін роман – дәстүрлі дініміздің тарихы мен тауқыметті жолын үш ұрпақ өкілінің өмір шежіресі арқылы суреттейтін әлеуметтікпсихологиялық туынды. Рухани құндылықтар мен атеизм және радикал ағындар арасындағы қақтығыстар «Алмағайып», «Ғапыл», «Тәубе» атты үш бөліммен берілген. Жаратушы Иені танудағы, ақиқатты табудағы жанталастар басты кейіпкерлер – атасы Ғапардың, баласы Исламның және немересі Әділжанның іс-әрекеттерімен баяндалады.

Таныстырылым барысында романның жазылу стилін және оқиғаны оқырманға нанымды түрде бере алу шеберлігі турасында жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы әңгімеледі. Ал романның негізгі мағынасын ашудағы автордың өз туған ауылын айта келіп, өмірден өзі көрген сәттермен байланыстыра жеткізудегі жазушылық қырларын ардагер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан сөз етті. Жаңа романды екі күнде оқып, ондағы кейіпкерлер арқылы өзінің ауылдастарын танығанын айтқан «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира МырзаҒали өз басынан да сондай оқиғаны кешіргендіктен қатты әсерленгенін жасырмады. Жаңа романның таныстырылымына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Маралтай Райымбекұлы және жергілікті қаламгерлер қатысты.

– Жаңа жинақтың тұсаукесерін қызыл лента қиып, ән-бимен думандататын кеңестік кезеңнен қалып кеткен ескі үрдісті бұзып, ұлтымызға тән құндылықты сандыққа сақтайтын салтымызбен жаңғыртып, осындай таныстырылым ұйымдастыруды руханият және тарихтану орталығы жолға қойып келеді. Себебі, жаңа кітаптың мән-мағынасын, жазылудағы шеберлікті сол саланың саңлақтары талдап жеткізіп, онда не жазылғанын қалың қауымға таныстыру арқылы оқырманды қызықтыра тарту – кітап үшін маңызды. Біз осы бастамамызбен Қуат Бораштың жаңа романының таныстырылымын өзінің туған өлкесінде өткізіп отырмыз. Бұған дейін де бірнеше жаңа жинақтарды оқырман қауымға осылай жеткізгенбіз, – деді Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.

Расында да романды оқып, мазмұнымен танысқандар айтқан ақпаратқа қарап көпшіліктің жаңа туындыға қызығушылығы артқаны осы басқосуда-ақ байқалды. Орталық тарапынан жасанды интеллект арқылы алдын ала әзірленген шағын бейнефильм де романның мән-маңызын таныстырып, оқуға деген қызығушылықты күшейте түсті.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

 

 

Ұқсас жаңалықтар