«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Биыл пітір садақа 735 теңге, ол қалай есептелді?

Биыл пітір садақа 735 теңге, ол қалай есептелді?
Автор
Айлардың сұлтаны саналатын Рамазан айы бүгіннен басталып, 19 наурызда аяқталады. Ал наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – Ораза айт мерекесі болып бекітілді. Биылғы пітір садақаның мөлшері 735 теңге болып белгіленді, ол қалай есептелінеді? Рамазан айын қандай амалдармен атқарған дұрыс? Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Асқар қажы Зәкіржанұлы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді.

Рамазан – берекелі де кешірімі мол ай. Бұл айда мұсылмандар жақсы амалдар жасауға, рухани кемелденуге ерекше мән береді. Ізгі ниет қандай істермен жүзеге асады?

– Рамазан айында атқарылатын негізгі құлшылықтар – Құран оқу, ораза ұстау, мінезқұлықты түзеу, садақа беру, нәпіл намаздарын көбейту. Осы айда түскен қасиетті кітапты жиі оқып, оның мағынасын терең түсінуге тырысуымыз қажет. Ораза ұстау – тәніміздің садақасы, үлкен парыздың бірі. Мінез-құлықты дұрыстаумен сабырлы, мейірімді, кешірімді болуға ұмтыламыз. Аз болса да садақа беру, көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созу – үлкен сауап. Түнгі намаздарымызды арттырып, қосымша ғибадаттарды орындағанымыз абзал. Мейірім айында қоғамдық ауызашарлар ұйымдастырылып, қайырымдылық ісшаралары өтеді. Мешіттерде рухани дәрістер, сұрақ-жауап кештері өткізіліп, халықтың көкейіндегі сауалдарға жауап беріледі. Жастар мен балаларға арналған рухани тәрбиелік бағдарламалар ұйымдастырылады. Биыл қасиетті Қадір түні наурыз айының 16-нан 17-не қараған түніне түсіп тұр. Қасиетті Қадір түнінде мешіттерде арнайы бағдарламалар жүргізіледі, – дейді Асқар қажы Зәкіржанұлы.

Ал пітір садақасының мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептеледі екен.

– Ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды. Пітір садақасын құрма, мейіз бағасымен де беруге болады. 2026 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағамен есептеліп, бидай 2 килограмм – 318 теңге, ұн 2 килограмм – 735 теңге, арпа 4 килограмм – 514 теңге, мейіз 2 килограмм – 6400 теңге, құрма 4 килограмм – 12400 теңге болуына қарай бекітілді. Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері де кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі. Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының алғашқы күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб. Осыған орай 2026 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 735 теңге етіп белгіленді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (6400 теңге) немесе 4 келі құрмамен (12400 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 4000 (төрт мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді, – дейді бас имам.

Рамазан айында жасалған әрбір дұға, жақсылық істердің ерекше қабыл болатынын ескеріп, рухани тазару мен өз-өзімізді жетілдіру мүмкіндігін бос өткізіп алмайық!

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар