«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Карго- бұл қандай бизнес?

Карго- бұл қандай бизнес?
Автор
Қытаймен сауда бұрыннан қалыптасқан. Ұлы Жібек жолының бойында ата-бабамыз қытайдың шәлі матасын, боз кілемін, жібектен жасалған орамалын саудалаған. Биыл Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим енгізілгелі әрі Президентіміздің Қытайға сапарынан соң екі ел арасындағы саудасаттық ерекше қарқын алды. Ғаламторда қытаймен сауда деп талай жан карго бизнесі арқылы өздерінің кәсібін дөңгелетуде. Осындай екі елдің байланысын жақсартып, аз ақшамен өз ісін ашып отырған жандар – ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Азамат Ерназаров пен Айсара Серік.

Олар «Адал карго» жекеменшік кәсібінің иелері. Яғни Қытайдан тауар алдырып, он шақты күнде жеткізіп береді. Бастапқыда айлықтан-айлыққа күнелткен қарапайым екі қызметкер жеке кәсіп ашып, өзіне жұмыс істеуді қалайды. Дегенмен, көп ретте идея ойға оралғанымен, іс жүзінде орындалмай жатады. Көпшілік бизнес ашуды ойлайды, бірақ біліктілік пен қалтаның жұқалығы мақсатқа жетуге кедергі келтіреді. Дәл сол секілді олар да басында қиналды. Памперс пен сүтке ақшалары жетпей жүрген олар нар тәуекел етіп, бірінші білім алды. Ер азаматының ақшалы жүруін тілеген әйелі бірнеше бизнестің басын шалып көріпті. Көбісі сәтсіз аяқталған. Алайда олар сынбаған.Бұл жөнінде Айсара Жанболатқызы былай дейді:

– Біз әулеттің үлкені болғандықтан, ер-азаматымның іні-қарындастарына үлгі болып, абыройлы болып жүргенін қалайтынмын. Енемнің тәрбиесі, күйеуімнің қолынан келмейтін ісі жоқ, қолы шебер. Қандай іс бастасақ, Азаматтың табысы қазіргіден артып кетеді. Осы тазалығы мен тиянақтылығын қандай бизнеске арнасақ, табысқа шығады екенбіз деп үнемі ойланып жүретінмін. Машинаға қатты қызығады, таза ұстайды, автобөлшектер сатамыз деп көрдік, іске аспады. Содан ол бизнесті сатып, той көйлектерін жалға беруді айналдырып көрейік дедік, онша жүргізе алмадық, аренда төлегеніміз болмаса, керісінше минусқа кірдік. Сосын бір күні инстаграмда бір қарапайым әйелді байқадым. Балайым деген блогер. Құлан ауылында тұрады, инстаграмда би билеп, TikTok-ты жүргізеді. Бір көргеннен ұнады. Жақын тартып парақшасына жазылып алдым. Инстаграммен онлайн Қытай сайттарын (пиндуодуо) оқытады екен. Неше түрлі блогерлер мен эксперттер пиндуодуо оқытамын десе, бір алаяқ көргендей болатынбыз. Ал Балайымға сендім, үйренгім келді. Күйеуімнен рұқсат сұрадым. Жолдасымнан қиылып сұрасам да, ойланып алаяқ шығар қайдан білесің деп бетімді қайтарып тастады. Кейін рұқсатын берді. Сонымен пиндуодуо үйреніп, алғашқы тапсырысымды жасадым. Ол 2020 жыл болатын. Тапсырысым келгеннен кейін жанжағымдағы құрбыларыма үйрете бастадым. Бірақ ол кезде қазіргідей 8-15 күнде келмейтін тауар. Ол кезде Қазақстан бойынша 3-4 ғана каргоны білетінбіз. Кейіннен Қытай сайтын Қазақстанға алғашқылардың бірі болып үйреткен Айгүл Ерубаева ханым өзі жеке карго ашты, сол кісінің ашқан каргосына серіктестік сатып алдық. Солай карго саласына кіре бастадық. Сосын «Тараз қаласынан неге өзіміз карго ашпасқа?» деген ой келді. Ол кезде Таразда 2-ақ карго бар етін, олар Алматыдағы карголардың филиалдары еді. Іздестіріп жүріп, сенімді адам тауып бір-ақ күнде карго ашамыз деп шешім қабылдадық. Үй аламыз деп жинап жүрген «Отбасы банктегі» ақшамызды шешіп алып, карго аштық. Жетпегеніне тағы кредит алдық, солай Тараз қаласына тікелей келетін ең алғашқы каргоны біз аштық. Тұтынушыларға сенім тудыратын, қысқа нақты болсын деп «Адал карго» атадық. Алғашқы 2 ай үйден тауар тараттық, алғашқы клиенттеріміз сол өзіміздің ата-анамыз, әпке-жеңгелеріміз болды. Көзіме көрінген адамға қытайдан тапсырыс беруді үйрететінмін. Мектепте сабағым жоқ уақытта кітапханашы апайға үйретіп, көршілеріме, туысқандарыма үйретіп алғашқы тауарымыз 17 күнде келді. «Адал каргоның» жұмысын бүгінде толығымен Азамат басқарады. Өзі жүргізеді. Бүгінде олардың 19 филиалы, тұрақты клиенттері бар. Сапалы жұмыстарына ел әділ бағасын беріп «Адал карго бренд» деп мойындап жүр. Жеке бастарында ешқандай кредиті жоқ. Кезінде 7000 теңгеге курс оқып, қазір миллиондап ақша санап отыр. Адал еңбектің арқасында адал ас ішуде. Жеке есепшісі, заңгері, үш жүк тасушысы бар. Барлығына әділдікпен нәпақасын тауып беріп отыр. Ал Айсара болса өте ақылды жар. Күйеуіне кәсіпті сеніп тапсырып, өзі №50 Ө.Жолдасбеков атындағы мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда.

– Карго бизнесінде ең бастысы сенімді серіктес табу. Қазір өте арзан тариф ұсынатын серіктестер көбейіп кеткен. Белгілі бір суммаға жеткізіп, жоқ болып лақтырып кететіндер де бар. Біздің қытай серіктесімізбен қазір бірге жұмыс жасап жатқанымызға 10 ай болды, есімі Цзинь Ген. Өте жауапкершілігі мол, кейде мыңнан бір тауар жоғалып кетіп жатса, орнына тауар қайта сатып алып жібереді немесе ақшасын қайтарады. 2020 жылғы карантиннен бастап халық онлайнға әбден үйреніп алды. Қазір бұрынғыдай базар, дүкенге баратын халық аз, үйден шықпай-ақ арзан бағада тікелей тапсырыс беріп отыру халық үшін өте тиімді, – дейді Азамат Нұрланұлы.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

Ұқсас жаңалықтар