«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Былтыр 70 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, биыл бесеу-ақ... Неге?

Былтыр 70 адам қоғамдық жұмысқа тартылса, биыл бесеу-ақ... Неге?
Ашық дереккөз
Жақында редакциямызға ауданнан бір тұрғын хабарласып, биыл халықты қоғамдық жұмыспен қамту саласында үлкен өзгерістер болғанын, бірақ бұл реформалардың елдің тұрмысына кері әсер етіп жатқанын айтып шағымданды. Бізге жеткен мәліметке қарағанда бұрын Жамбыл облысының әр ауданында қоғамдық жұмысқа жүзге жуық адам тартылса, енді биылдан бастап бұлардың саны күрт кеміпті. Мәселен, Байзақ ауданында бұған дейін 70-ке жуық адам қоғамдық жұмысқа тартылса, енді биылдан бастап оның саны қысқарып, 5 адамға түскен. Дәл осылайша Мойынқұм ауданында былтыр 42 адам жұмысқа тартылса, биыл 5 адам ғана қоғамдық жұмыспен қамтылып отыр. Неге бұлай болды? Тұрғындар көтеріп отырған мәселесінің орынды екенін түсініп, істің мән-жайын білмек болып облыстық еңбек мобильдігі орталығына хабарластық.

– Қоғамдық жұмыстың түрі көп. Көбісі әлеуметтік пайдалы жұмыстар. Әдетте, бұл жерде жұмыспен қамту уақытша, бір жылдан аспайды. Бірақ осы кезеңде қатысушы кәсіби дағдыларын жоғалтпаудан бөлек, болашақта кәдеге жарауы мүмкін жаңа мамандықтарды игереді. Ең бастысы, ол тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі. Ал жұмыс жасаған кезеңі оның еңбек өтіліне есептеледі. Жалақы кемінде 20 айлық есептік көрсеткішті құрайды және оны жұмыспен қамту орталығы толығымен көтереді. Алайда орындалатын жұмыстың күрделілігіне байланысты жұмыс беруші осы жалақыға қосымша үстемеақыны өз қаражаты есебінен белгілегені абзал.

Қоғамдық жұмыстарға жұмыссыздар, студенттер және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушылары оқудан бос уақытында қатыса алады. Сондай-ақ өндірісі тоқтап қалуына байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдарға да қатысуға болады.

Егер облыста әр ауданнан небәрі 5 адамнан ғана қоғамдық жұмыстарға тартылса, мұның бірнеше нақты себебі бар. Қазақстандағы жалпы жұмыспен қамту механизмінің заңнамалық және тәжірибелік ерекшеліктерімен байланысты. Біріншіден, заң бойынша қоғамдық жұмыстар саны шектеулі. Қазақстандағы қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру тәртібі заңмен реттеледі. Субсидияланатын жұмыс орындары туралы №275 бұйрыққа сәйкес, жаңа ережелер енген. Ереже талаптары өзгерді. Біз сол ережеге бағынып жұмыс істеудеміз. Қоғамдық жұмыстарды жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастырады және олар тек жергілікті бюджет пен жұмыс берушілердің өтініші бойынша ғана қаржыландырылады. Яғни, мекемелер немесе аудандар тек белгілі бір орын саны туралы өтініш береді. Егер әр ауданнан 5 адам ғана тартылса, бұл жергілікті жоспар мен бюджет шегіндегі квота болуы мүмкін. Кейде қаржыландыру тек белгілі жоспар бойынша болады. Жұмыспен қамту орталықтары қоғамдық жұмыстарға маңызды критерийлер бойынша ғана адам алады. Әуелі ұзақ тіркелген жұмыссыздар, әлеуметтік төлем алмайтындар, келісімі барлар. Егер осындай критерийлер бойынша адамдар көп болмаса, әр ауданға бөлінген орын саны автоматты түрде аз көрінуі мүмкін.

Қоғамдық жұмыстар тұрақты жұмысқа қарағанда уақытша, әлеуметтік қолдау көрсету шарасы ретінде көрінеді. Көп жағдайда жұмыссыз адамдарды тұрақты жұмысқа орналастыру, оқыту, қайта даярлау сияқты басқа да шаралар ұсынылады. Бұл – жұмыссыз жанды «аяққа тұрғызумен» байланысты кешенді саясаттың бір бөлігі. Бюджет қаражаты созылмалы емес. Десе де, наурыз айында портал ашылып, бюджет қайта қаралады. Сол үшін күткен жөн. Жыл соңына дейін әр ауданда тек 5 адам қоғамдық жұмыспен қамтылады дей алмаймыз. Адам саны көбеюі мүмкін, – дейді облыстық еңбек мобильдігі орталығының директоры Серік Әлібеков.

Қоғамдық жұмыс мәселе сін Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова да көтерген болатын. «Шалғай ауылдарды жұмыссыздық жайлаған уақытта қоғамдық жұмысшылар санын қысқартуға болмайды деп санаймын», – деген болатын халық қалаулысы.

Шын мәнінде, аудандағы жұмыссыз жандардың жағдайын жақсартуға сеп болған қоғамдық жұмыспен қамту мәселе сінің тұрғындар үшін маңызы зор. Сол себепті жақын арада бұл жағдай толық шешіледі деп сенеміз!

Эльмира Байназарова

Ұқсас жаңалықтар