Жиын барысында алғашқы сөз алған журналист, блогер Мөлдір Анарбаева қоғамда үнсіз қалмаудың маңызын ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде «Зорлық-зомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бұл – барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір адам бейжай қарамай, әділетсіздікке қарсы үн қоса білуі керек», – деді. Психолог, «Анаға тағзым» орталығының маманы Бану Тілесова әйелдердің жан дүниесіне үңіліп, психологиялық қолдаудың маңызын тілге тиек етті.
«Әйелдің жан жарасы көзге көрінбейді. Оны түсіну үшін мейірім мен сабыр қажет. Қоғамда қолдау мен сенім болса ғана, адам өз мәселесін ашық айта алады», – деп атап көрсетті.
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Фарида Метеркулова «Қоғамдағы ізгілік – тәрбиеден басталады. Ұлттық құндылықтарды ұлықт ау арқылы біз болашақ ұрпақтың санасына мейірім мен жауапкершілік ұялата аламыз», – деп тәрбиенің маңызын тереңнен қозғады. Ұлттық ұлан 5513 әскери бөлімінің рота фельдшері Жанерке Абитаева қауіпсіздік мәселесіне тоқталып:
«Қауіпсіздік – тек қорғану емес, оның алдын алу. Қоғамда құқықтық сауаттылық артқан сайын, құқық бұзушылық та азаяды», – деді.
Ұстаз Тоғжан Айтқұлова өз сөзінде жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беріп, отбасы мен мектеп – тәрбие берудің қос қанаты екенін, осы екеуі біріккенде ғана саналы, қауіпсіз қоғам қалыптасатынын баса айтты.
Жиын барысында қатысушылар «Қауіпсіз қоғам дегеніміз не?», «Зорлық-зомбылықтың алдын алудың тиімді жолдары қандай?» деген сауалдар төңірегінде ой бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды. Кездесу көркем өнермен де сабақтасты.
«Ақберен» үйірмесінің шәкірті Мирас Жамалбек анаға деген құрмет пен ізгілікті жырға қосқан арнауын орындап, көрермен көңілін тебірентті. Ал «Қаратау» үйірмесінің шәкірті Қанат Жасаров «Ана» тақырыбындағы әсерлі өлеңімен ананың асыл бейнесін айшықтады.
Жиын барысында жыршы, дәстүрлі әнші Бекарыс Көштаевтың «Аналар» әні де жиынға қатысушылардың көңілін толқытты.
Кештің көркем шымылдығын қорытындылаған орталықтың үйірме жетекшілері мен шәкірттері «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» әнін орындап, жиынға ерекше рухани жылулық сыйлады.
Іс-шара қорытындысында әйелдердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – тек міндет емес, бұл – адамзаттық парыз екені айқындалды. Қоғамда мейірім мен жауапкершілік салтанат құрғанда ғана қауіпсіз орта қалыптасатыны тағы бір мәрте атап өтілді.
Ақмарал ІЛЕБАЕВА
облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының әдіскері
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




