«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ата мен әже мектебінің мәні зор

Ата мен әже мектебінің мәні зор
Автор
Отбасы құндылығы әрқашанда маңызды. Бүтін отбасы – мемлекеттің байлығы. Президент Қасым –Жомарт Тоқаев Қызылорда қаласында өткен бесінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігі үшін нақты қадамдар жасалды» деп атап өтті.

Отбасы құндылығының маңыздысы – үлкен кісілердің мектебі. Атасынан бата алған, әжесінен ертегі тыңдаған бала ешқашан жаман болмайды. Қазігі таңда өз әке-шешесі сүйрелеп алып кетсе де, атасы мен әжесіне қарай қашып келетін немерелер аз емес. Қазақта «Балам – балым, баламның баласы – жаным» деген сөз бар екен. Содан кейін тілі тәтті немерелерін арқалап жүрген әжелердің кейде: «Өз балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» деген сөз рас екен ғой» деп қоятыны бар. Өкпелемей, қиналмай айтады.

Қайта сол немерені бағып жүргендеріне риза пейіл танытады. Ұрпағын өсірген, өндірген Жаратушыға күн сайын мың мәрте алғыс айтатын аталарымыз, әжелеріміз аз емес. Әр баланың үлкені атасы мен әжесінің қолында өсетін дәстүр де бар. Ұзақ жылдар осы үрдіс сақталып келді. Бірақ, ата мен әже тәрбиелеген балалар жаман болған жоқ. Қазіргі таңда әр бала өз әке-шешесінің тәрбиесінде өсуі қажет деген сөз де айтылып жатыр. Бәлкім бұл пікірді де ескере жүруге болатын шығар. Дегенмен, «Қартың болса – қазына» демекші, ата мен әжеден ұрпақтары еш зияндық көрмейді. «Ата сөзі – асыл қазына» деп бекер айтылмаса керек. Атасы мен әжесінің тәрбиесін алып жүріп, жетістікке жеткен ұл-қыздар аз емес. Солардың бірі – қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын, білім саласының маманы Гауһар Сағатова.

– Қазіргі таңда әр бала өз отбасында тәрбие алуы керек деген пікірлер жиі айтылып жүр. Ондай пікірмен өз басым аса келісе бермеймін. Өзім де атам мен әжемнің тәрбиесінде өстім. Ол кісілер шопан болып, мал шаруашылығында еңбек етті. Кейіннен зейнетке шығып, ауылдың сыйлы қариясына айналды. Өз әкем – мұғалім, анам – кітапханашы болып еңбек етті. Жоғары білімі бар өз ата-анама қарағанда өмірдің университетінен сабақ алған атам мен апамның тәрбиесі әсерлі болатын. Атам мен әжемнен қазақы құндылықты, салт дәстүрді, әдет-ғұрыпты үйрендік. Өсиеттері мен ертегілерін талай тыңдадық. Атам мен апам бауырына басса да, жаман тәрбие алған жоқпын. Университет, магистартура бітіріп, білім саласынан өз орнымды таптым. Тұрмысқа шығып, перзенттерді өсірдік. Қазір өзім де немере сүйдім. Дегенмен, сол Сағат атам мен Күлзада апамның тұнық тәрбиесін, өнегесін сағынамын. Сол кісілердің тәрбиесін алып, бауырында өскеніме мақтанамын, – дейді ол.

Қазіргі таңда отбасындағы тәрбие мәселесі өзекті болып отырғаны жасырын емес. Ата-аналардың көпшілігі балаға тәрбие беруден гөрі атқарып жүрген жұмысының жауапкершілігін артық көреді. Әсіресе, әкелердің жауапкершілігі азайып барады. Оны мектептерде өтетін ата-аналар жиналысынан да аңғаруға болады. Мәселен, өзіміз де ата-анамыз. Мектептерге жиналысқа барып тұрамыз. Сол кезде байқайтынымыз, егер бір сыныпта 25 оқушы болса, сыныптың ата-аналар жиналысына 5 ата-ана ғана жиналады. Оның ішінде біреуі ғана – әке.

Дегенмен, 2026 жылдың қаңтар айында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің қолдауымен бірнеше мектептерде әкелер форумы қызу өткізілді. Мұндай форумды алғашқылардың қатарында №35 орта мектеп өткізді. Жиналған әкелердің алдында Білім беру саласының ардагері, Тараз қалалық ардагерлер кеңесі білім саласы бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Баймұрат Жақсыбеков сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесі бойынша ой қозғады. Тараз қаласы №16 орта мектепте өткен әкелер форумына Тараз қаласы білім бөлімінің басшысы Әйгерім Алтынбекова қатысып сөз сөйледі. Ол жиынға белсенді әкелер көбірек жиналды.

Қоғамның дамуында, тәрбие саласында әкенің орны ерекше. Сіздер бала үшін – бір-бір биік таусыздар. Әр балаға сіздердің ақша тауып, киіндіріп қойғандарыңыздан бөлек, жылы жүректеріңіз, нұрлы ақыл, өнегелеріңіз керек. Қазір жасөспірімдер арасында сан түрлі бұзықшылықтар тіркеліп жатыр. Былтыр оқу жылының қандай жағдайлармен басталғанын сіздер жақсы білесіздер. Мектеп оқушылары – сіздер тәрбиелеп отырған ұлқыздар. Сіздер тәрбиені мықтап қолға алсаңыздар, ол бала түзеледі. Жақсы мінез қалыптастырып, ізгілік жолына түседі. Жас ұрпақты тәрбиелеуде сіз бен біздің бірігіп атқарар жұмыстарымыз көп», – деді ол.

Осы жиында қоғам белсендісі Ринат Нұрақбаев та сөз алды. «Біздер әкелер өз баламыздың тәрбиесіне, біліміне, содан кейін ішіп жүрен тамағына мән беруіміз керек. Өкінішке қарай қазір тәрбиені ұялы телефон беріп жатыр. Осындай әкелер форумы Тараз қаласы №3 мектеп-лицейінде де өтті. Жиналған әкелерге аталған білім ошағындағы Ұлан Абзалиев басқаратын үйірменің оқушылары әсерлі көріністер қойды. Жиналған әкелердің алдында озат мұғалім, осы кезге дейін 17 мың кітап оқыған Базарбай Дүйсенбаев сөйлеп, ерекше ойлар айтты.

«Баланың жақсы жетілуі әкелерге тікелей байланысты. Себебі, «әке көрген оқ жонар» дейді.

Ол бала оқ жонып кетеді деген сөз емес. Әкенің тәрбиесімен өмірден өз жолын табады дегенге саяды. Сондықтан, әр балаға әкесімен бірге жасаған ісі әсерлі. Бала әкесімен балыққа барса да, бірге кітап оқыса да, бірге сурет салса да бақытқа бөленеді. Себебі, бала үшін әкенің орны бөлек. Қазіргі таңда білім саласы әкенің тәрбиесіне, ер азаматтардың рөліне мұқтаж болып отыр. Сондықтан, әкелер жауапкершілікті түсініп, тәрбиеге көңіл бөлер уақыт жетті деді ол.

Жиында өзге де білікті мамандар, құқық саласының қызметкерлері өз пікірлерін ортаға салып, әкелердің қатысуымен түрлі ойындар ұйымдастырылды. Жиынды мектеп-лицейдің директоры Мәулен Райқұлов қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

«Сіздер бүгін үлкен маңызды іс атқарып отырсыздар. Біздің жиындарға әкелердің осынша көлемде жиналғанын алғаш рет көріп отырмын. Әр бала әкесімен, анасымен бақытты. Сондықтан, баланы бақытынан алшақтатпай, үнемі оларға көңіл бөліп тұруларыңызды өтінеміз. Біз мектепке шақырғанда осылай келіп, балаңыздың хабарын естіп кетсеңіздер. Өздеріңзге де пайдалы болады. Бала деген – жас шыбық. Жас шыбыққа дұрыс нәр беру, түзу өсіру міндетіміз, –деді мектеп басшысы.

Осындай әкелер форумы Тараз қаласы №66 орта мектебінде де өтті. Ол жерде Тараз қаласының Құрметті азаматы Жетпісбай Медеуов сөз сөйледі.

«Біздердің бала күнімізде әкелердің ықпалы өте күшті болатын. Олар бір ауыз сөйлемеу емес, қабағымен бәрімізді ықтыратын. Қазіргі таңда әкелердің рөлі неге әлсіреп барады? Осы жайды ойлану керек. Әкелердің жауапкершілігін арттыру қажет. Ол үшін әкелерді осылай мектеппен жиі байланыстырған жөн. Өз баласымен бірге мектептің іс шарасына, байқауларына қатысу да балаға керемет әсер береді. Бала деген тәрбиелесе, өз жемісіміз, өз болашағымыз» деді.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар