– Құрақ құрау, көрпе тігуді әжем Айкүмістен үйрендім. Әжем қол өнер шебері болатын. Кішкентайымнан осы өнерге баулыды. Қасында отырып жүн түттім, кесте тіктім, алғашқы қадамым осылай басталып, мектеп бітірген соң тігінші мамандығын алуға ұмтылдым. Бүгінде осы мамандық иесі атанғаныма өкінбеймін. Тігіншіліктің арқасында кәсіп ашып, елге өз қызметімді ұсынып, көптің көңілінен шығып жүрмін, – дейді ол.
Дариға Аллабергенқызы 1993 жылы Хорезмдегі №3 кәсіптіктехникалық училищесін тігінші мамандығы бойынша тәмамдап, мамандығы бойынша сондағы тігін цехында бірнеше жыл жұмыс істейді.
Кәсіпкерлікке бет бұрғанға дейін үйде әжесі екеуі тапсырыс қабылдап, киім және қыз жасауын тігеді. 2004 жылы құдай қосқан қосағы Рәшит Досымовпен бірге ұл-қызын ертіп ата жұртқа оралады. Көктөбе ауылынан тұрғын үй сатып алады. Жаңа орынға келген соң да тігіншілігімен көршіқолаңға танылып, үйде тапсырыс алып жұмыс істейді. Қыз жасауы, құрақ құрау, көрпе тігумен қатар жұрттың сұранысымен ұлттық киім, мектеп формасын тігеді. Жағдайлары біршама түзелген соң Бауыржан Момышұлы ауылына көшіп келеді. Мұнда да сүйікті ісін жалғастырады. Осы арада неге өз кәсібімді ашпасқа деп талаптанып, «Айдана» базарынан орын алды. Міне осы орында кәсібін жүргізіп отырғанына он бес жылдан асып кетіпті.
– Кәсіпті жаңа бастаған тұста жалғыз киімді қалпына келтіру ісімен ғана айналыспай, басқа да дүниелерді тігіп, жұрт назарына ұсынуды ойладым. Сөйтіп, осыдан 13 жыл бұрын аудан әкімдігінің «Жұмыспен қамту орталығына» тіркеліп, «Ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының облыстық филиалынан төмен пайызбен төрт жылға 700 мың теңге несие алдым. Оған қажетті құрал-жабдықтарды алып, кәсібімді бастаған едім. Шынымды айтсам, бастапқыда несие алып жұмыс істеуге қорықтым. Мақсатқа қол жеткізу үшін несие алуға бекіндім. Соның арқасында жұмысым жүріп, тірлігім алға басты. Алғашқы несиеден тез құтылған соң, кәсіпкерлігімді кеңейте түскім келді. Осыдан кейін банкпен жиі жұмыс істеп, кәсібімді дамыттым, – дейді ол.
Бүгінгі күні бірнеше қыз-келіншекті жұмыспен қамтып отыр. Осылайша ол алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып, аудандағы жұмыссыздар санының азда болса азаюына үлесін қосып отырған жайы бар. Сонымен бірге кәсіпкер сауда нүктесінде жалға ұлттық және жаңа жыл, басқа да мерекелерге арналған киімдер береді. Ал жұмысшыларының табысы жұмыстың көлеміне байланысты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




