«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел әскеріндегі егіз сарбаз

Ел әскеріндегі егіз сарбаз
Автор
Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып жүрген егіз сарбаздардың бірі – Тұрар мен Әли. Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің С-300 зениттік-зымырандық дивизионындағы Аждурлиевтер 2003 жылдың 5 шілдесінде дүниеге келген. Жоғары білімді, спортты серік еткен жігіттер үшін әскери қызмет – тек міндет қана емес, елге деген шынайы құрмет пен жауапкершіліктің айқын көрінісі.

Қос бауыры оқу орындарын тәмамдаған соң азаматтық өмірді кейінге қалдырып, бірден әскер қатарына келуді таңдаған. Бұл – олардың саналы шешімі мен отансүйгіштік ұстанымының дәлелі. Егіздің үлкені Тұрар Oрталық Азия инновациялық университетін бітірген. Ол бокс және тоғызқұмалақ спорт түрлерінен спорт шеберіне үміткер. Әскери қызмет барысында да Тұрар өзінің төзімділігімен, тәртіпке беріктігімен және жауынгерлік рухымен ерекшеленіп келеді. Ал егіздің сыңары Әли ауыр атлетика және тоғызқұмалақ спорт түрлерінен спорт шеберіне үміткер, ауыр атлетикадан жаттықтырушы мамандығын меңгерген. Ол Oрталық Азия инновациялық университетінің түлегі ретінде әскери ортада да көшбасшылық қабілетімен, жауапкершілігімен көзге түсуде.

Аждурлиевтер әулеті – патриоттық тәрбие мен спортты өмірлік ұстаным еткен жанұя. Егіздер – бес ағайындының үлкендері. Жігіттер артынан ерген інілері мен қарындастарына әрдайым үлгі болуға тырысады. Қарындастары Мадина қыздар футболынан спорт шеберіне үміткер атанып, Қазақстан спортының абыройын асқақтатып жүр. Ал інілері Құрал ауыр атлетикадан жоғары нәтиже көрсетсе, т ағы бір қарындаст ары Алия тоғыз құмалақтан табысты өнер көрсетуде. Отағасы Вали Аждурлиев пен аяулы аналары Лазат Окасова – тоғызқұмалақтан жаттықтырушылар. Ұрпақ тәрбиесінде ұлттық спорт пен рухани құндылықтарды қатар ұстанған ата-ананың еңбегі бүгінде жемісін беруде. Ерлік пен елге адал қызмет ету – бұл әулетке тән қасиет.

Егіздер асыл әжелерінің інісі Ауған соғысының ардагері екендігін тілге тиек етіп, ағатайлары олардың өмірлік бағдаршамы бола білгенін жеткізді.

«Сол кісінің ерлігі бізге әрдайым күш береді. Ел қорғаны болу – үлкен абырой. Сондықтан әскерге бірге баруды мақсат еттік», – деп атап өтті қатардағы жауынгер Тұрар Аждурлиев.

Бүгінде Тұрар мен Әли С-300 зениттік-зымырандық дивизионында әскери қызметтің жауапты міндеттерін мінсіз орындап, ел аспанының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлестерін қосып келеді. Бастысы, олардың өмір жолы – жастарға үлгі, Отанға адал қызмет етудің жарқын көрінісі болып қала бермек.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар