«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Адам мамандықты қабілетіне қарай игереді

Адам мамандықты қабілетіне қарай игереді
Автор
Әрбір жас тұлғаның өмірден өз жолын адаспай табуына ықпал ететін фактордың бірі – мамандық таңдау. Сондықтан да болар, бүгінде заманауи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлау мәселесі өте өзекті. Т.Рысқұлов ауданы Қазақ ауылының Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінде жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында «Мамандығым – мақтанышым» атты кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шарада мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуіне ықпал ету көзделді. Оқушылардың өз ойын еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу, олардың қоғамға деген азаматтық позициясын қалыптастырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсат етілді.

Мектептің 9, 10, 11-сынып оқушылары қатысқан басқосуға ақпарат және мәдениет салаларының ардагері Қаржаубай Сыдықназартегі, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері, театр майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбек және басқа да осы ауданнан шыққан журналист, қаламгерлер мен әр саланың мамандары шақырылған. Олар өздері еңбек етіп жүрген саланың қыр-сырын айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

– Еңбек адамды абыройға, халқыңның құрметіне бөлейді. Әрине, егер адал еңбектеніп, өз ісіңнің шебері болсаң ғана. Сондықтан мамандықты бойыңда бар қабілетіңе қарай таңдаған жөн. Қандай мамандықты таңдасаң да көп ізденіп, көп оқу – маңызды. Барлық істе де, тіпті саналы өмір сүру үшін де білім қажет. Ізденудің әртүрлі жолдары бар. Тек бір мамандық шеңберінде емес, адам санасын оятатын, өмірлік мәселелерді қозғаған әдеби кітаптарды да оқу керек. Әдебиет – адам баласының таусылмайтын қазынасы. Ал өзім еңбек еткен салам бойынша айтар болсам, телеарнада ұзақ жыл режиссерлік қызмет атқардым. Түрлі хабарлар түсіріп, көптеген адамдармен етене жақын әңгімелестім, алуан жағдайларға куә болдым. Сол арқылы адам психологиясын тануды меңгердім. Себебі, ақпарат саласы адамның жан дүниесін танитын психолог болуды талап етеді. Әртүрлі саланың мамандарымен сұхбаттасасың, тіпті ешқандай мамандығы жоқ, қарапайым адамдармен де терең тілде суге тура келеді. Міне, осындайда сұхбаттасушыңның ойын оқып, тілі жетпей тұрған тұсын өзің сүйемелдеп айтқыздыра білуің керек. Журналистиканың қызығы да көп, қиындығы да жетерлік. Егер өз мамандығыңды сүйсең, өз ісіңді жақсы меңгерсең, кездескен кедергінің бәрін де еңбекпен жеңесің, – деді Қаржаубай Сыдықназартегі.

Театр өнеріндегі қызықтарды әңгімелеген Жүніс Әлімбек актерлікке бейім балаларды қызықтыра түсті.

– Қандай мамандық болса да адамның туабітті қабілетіне қарай игеріледі. Әсіресе өнер саласының мамандарына мінез бен қанда бар қасиетті өнер аса қажет. Қазақ «қанында бар» деп бекер айтпайды, өнер саласында танылған кез келген азаматтың әкесі мен анасында немесе ата-әжесінде сондай қасиет бар болып шығады. Мен қарапайым шопанның баласымын. Дегенмен анамның ән айтқандағы дауысы бөлек ырғақты болған, шопан болып жүріп те ән айтатыны бар еді. Сондай ананың әлдиімен, ақ сүтімен өскен біз де өнерге жақын болдық. Жеті ағайынды бауырларымның ішінде мен ғана өнер жолында жүрмін. Ал актер болу үшін сомдайтын кейіпкеріңді тек сөзін жеткізу емес, оның жан дүниесін, болмысын іс-әрекетімен дәл келтіре білуің керек. Әрбір ойнайтын кейіпкеріңді терең зерттеп, әбден меңгеру үшін үздіксіз ізденіс қажет. Байқасаңыздар, бұл істе де кітап оқу үлкен рөлге ие. Салалық кітаптардан бөлек, әдеби кітаптар өмірдің қырсырын түсінуге, адамдардың алуан түрлі болмысын тануға, кездесетін неше түрлі жағдайларда дұрыс жол табуға, ой-санаңды кеңейтуге, көркем сөздік қорыңды байытуға зор ықпалын тигізеді, – деді Жүніс Әлімбек.

Мектеп – оқушыларға тек білім мен тәрбие беріп ғана қоймай, олардың болашағына даңғыл жол салады. Әрбір шәкірттің ертеңіне алаңдаған ұстаз олардың кемел келешектің иесі болуын көздейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұн білімнің тұлғаға бағытталуын, олардың белгілі бір мамандықты игеруіне ықпал етуін қамтиды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен мектеп директоры Мадина Сәрсенова таныстырды.

– Ел билігі жастарға заманауи, сапалы білім беруде бар мүмкіндікті пайдаланып, барынша жағдай жасап отыр. Мәселен, мектебімізде екі кабинет ғылым және робототехникаға арналып, Ұлттық қордан жабдықталғалы жатыр. Тек материалдық тұрғыда жабдықталмайды, Назарбаев мектебінің, Білім инновация мектебінің мұғалімдері келіп, оқушыларды оқытып, біздің мектептің мұғалімдерімен озық тәжірибелерін бөлісетін болады. Ең бастысы – материалдық жабдық емес, білім сапасы. Шынын айтқанда, ауыл мектебінің мұғалімдерінде бәсекелестік жоқ. Қай пәннен болса да бір ғана мұғалім, яғни жалғыз физик, жалғыз химик, бір ғана математик деген секілді. Мысалы, өзім 1994 жылы осы мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып келгенмін, міне содан бері әлі осында жүрмін. Әрине, мұғалімдеріміз білімдерін жетілдіріп тұрады, өздері де, оқушыларды да жарыстарға дайындап, қатысып жүреді. Алған жүлделері – педагогтеріміздің кәсіби біліктілігінің жемісі. Мектебімізде бүгінгі күні 30 мұғалім қызмет етеді. Педагогикалық сапалық құрам 56 пайызды құрап отыр. Бұл мектеп 2012-2013 оқу жылында тірек мектебі ресурстық орталығы болып ашылған. Мұндағы негізгі мақсат – шағын жинақты мектептердегі оқушылардың әлеуетін көтеру, білім сапасын арттыру. Бұған магнитті мектептер – Алғабас ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп, Қарақат ауылындағы №2 мектеп, Малдыбай ауылындағы мектептің оқушылары жылына 3 рет келіп, оқып кетеді. Енді 2025-2026 оқу жылынан бастап аталған магнитті мектептердің оқушылары мұнда келмей, онлайн режимде оқитын болды. «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы аясында химия, биология, математика, физика, ағылшын тілі пәндері магнитті мектептермен аптасына бір рет онлайн өткізіледі. 2017 жылы ресурстық орталықтардың байқауынан облыстық кезеңде жеңіп, республикалық деңгейде «Үздік ресурстық орталық» атандық. Содан екі жыл өткенде, яғни 2019 жылы өзім шағын жинақты ауыл мектептері директорларының байқауына қатысып, «Үздік табысты менеджер» атанып, І орынды иелендім. Ал 2021 жылы мектебіміз Тамыз конференциясында «Үздік ауыл мектебі» номинациясымен 1 миллион теңгені олжалады. Осылай нәтижелі еңбек етіп жатырмыз. Кез келген табыс ұйымшылдықпен келеді, шүкір ұжымымыздың ауызбірлігі өте жақсы, – дейді Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінің директоры Мадина Шералықызы.

Мектеп басшысының айтуынша, ауылда балалар тек мұғалімдерді, ауыл шаруашылығында еңбек ететін тракторшы, диқан, малшы секілді мамандарды ғана көріп жүр. Сондықтан жасөспірімдер еңбектің түрлі саласынан хабардар болуы үшін әр салада өз ісін шебер атқарып жүрген мамандарды шақырып, кәсіби бағдарға арналған іс-шара ұйымдастырылыпты. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Ақылбекова мен кәсіптік бағдар беруші мұғалім Гүлмайдан Рысжанова ұйымдастырған кездесуде өнерпаз оқушылар ән шырқап, сахналық қойылым да көрсетті.

– Кез келген саналы баланы «Мен болашақта қандай мамандықты таңдасам екен?» немесе «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны анық. Мамандықты таңдау үшін адам, ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өзіне өзі «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қойып, соған жауап іздеуі қажет. Мынау көп салалы өмірде мамандықтың түрі көп. Әрине, таңдау жасау оңай емес. Ең бастысы – адам еңбекке қабілетті, зейінді болуы және мамандығы, еңбегі өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосуы шарт. Мамандығын дұрыс таңдаған, өз ісіне сенімді адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып, еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықыласпен, шабытпен жасаған іс – табыс биігіне жеткізетін қанат. «Неге арналсаң, соны істе» деп Абай атамыз айтқандай, қашанда адам өмірден орнын өз таңдауымен тапқан жөн. Оқушыларымызға осыны ұғындыру үшін әр салада табысты еңбек етіп, өзін нағыз шебер маман ретінде таныта білген кісілерді оқушыларымызбен кездесуге шақырып, ақыл-кеңестерін тыңдаттық, – дейді кәсіптік бағдар беруші мұғалім Гүлмайдан Сайлаубекқызы.

Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр әл Фараби: «Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рақмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады», деген екен. Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті. Оқушыларының оң жол табуына барын сала еңбектеніп жүрген ұстаздарға және жас ізденушілерге сәттілік серік болсын дейміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар