Осынау атаулы күн жыл бойы жалғасын таппақшы. Осы орайда облысымыздағы «Желтоқсан -86» қоғамдық бірлестігінің мүшелері бастары қосылып, жиын өткізді. Басқосуды аталған бірлестіктің төрағасы, Тараз қалалық мәслихаттың депутаты Мұрат Бердалиев жүргізіп отырды.
«Қазақ халқының тарихына ел намысы болып жазылған Желтоқсан оқиғасы жұрттың жадынан ешқашан шықпайды. Сіздер бәріңіз де сол күндердің қаһарманысыздар. Желтоқсан – сіздердің бойдағы намыстарыңыз, рухтың бастауы. Сол оқиғаның 40 жылдығына ерекше мән береміз, екі рет «Желтоқсан оқулары» байқауын өткізіп, ардагерлер арасында волейболдан жарыс ұйымдастырсақ дейміз. Оқиғаның 40 жылдығына арнап желтоқсаншылар естелігінен кітап шығарсақ деген жоспарымыз бар. Биыл көзі тірі болғанда Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков 60 жасқа толатын еді. Сол Қайрат Ноғайбайұлының рухына арнап, туған ауылында іс-шара өткізу, рухына Құран бағыштау жоспарланған. Сіздер түрлі ұсыныс айтсаңыздар, олар да назарға алынады», – деді төраға.
Жиында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі «Желтоқсан желі» әнінің авторы Әбиірбек Тінәлі айтылған жоспарды қолдайтынын айтты.
«Біз сол кезде батыр болып ерлік жасап едік деп емес, сол күндердің әсерін, намысты ұл-қыздардың патриоттығын жас ұрпаққа өнеге ретінде беруіміз қажет. Мүмкін, аудандарда іс-шаралар өтетін шығар. Денсаулығым жарап тұрса барлық жиынға баруға, үлес қосуға әзірмін. Себебі, әр желтоқсаншының жүрегінде қазақтың болмысы, намысы, уақыт шындығы жатыр», – деді ол.
Желтоқсаншы, аталған бірлестік төрағасының орынбасары Хаджымұрат Исмайлов өз ойын ортаға салды.
«Біз желтоқсаншылардың мәселесіне, оларды құрметтеуге келгенде ешқандай кедергі іздемеуіміз қажет. Сабира қызға көшенің аты берілгенде Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданына бардық. Не үшін бардық? Желтоқсаншылардың рухы үшін сапарға шықтық. Қордай ауданында рухы мықты өнерпаз жігіттер «Махаббат» деген ансамбль құрыпты. Желтоқсан оқиғасына қатысты барлық іс-шараларда өнер көрсетеміз деп, өздері ықылас білдіріп отыр», – дейді ол.
«Жолдасым Бауыржан Үсенов «Желтоқсан» поэмасын жазды. Желтоқсаншылар намысын, рухын жан жүрегімен қабылдады. Жарық көргелі жатқан кітапқа сол поэманы ұсынамын. Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнап, «Қайрат оқулары» байқауын өткізсек», – деді.
Бұл ұсынысты Мойынқұм ауданы, Көктерек ауылының қызы, желтоқсаншы Қарлығаш Күзекова қызу қолдады. Жиында Тараз қаласы №53 орта мектеп-гимназиясының директоры Салтанат Төлеу, Тараз қаласы №13 орта мектептің директоры Айтжамал Ағыбаева өз ойларын ортаға салды. Олар да 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан екен. Мұнан соң Тараз қалалық білім бөлімінің әдіскері Гауһар Шерімова, желтоқсаншылар Ермахан Мырзабеков, Света Иманқұлова айтылған ұсыныстарды қолдайтындарын жеткізді.
Жиынды бірлестік төрағасы Мұрат Әзімханұлы қорытындылап, барлық желтоқсаншыларға және қонақтарға алғыс білдірді. Аталған оқиғаның 40 жылдығы сөз жүзінде қалып қоймай түрлі іс-шаралармен жалғасатынын, ол үшін Алматы қаласындағы желтоқсаншылармен де, түрлі қоғамдық ұйымдармен де байланыс күшейе түсетінін айтты.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




