Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен дайындалатын, жылу өткізбейтін мата. Өндірісте ол қымбат материалдарды ауыстыру ретінде қолданылады. Материалдың негізгі қасиеттері – арзан, бойлық және көлденең бағытта жоғары беріктік, кесудің қарапайымдылығы, беріктігі, тұрақтылығы, ыстыққа төзімділігі, изотроптылығы (біртектілігі) және тыныс алуға жеңілдігімен ерекшеленеді. Серіктестік құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты пандемия кезінде шикізаттан қатты тапшылық көрген. Шекаралар жабылып, мемлекеттер арасындағы байланыс аз уақытқа тоқтаған тұста, зауыт жабылып қалудың аз-ақ алдында қалыпты. Дегенмен ол қиындықты өз күштерімен еңсере білген басшылық, бірінші кезекте шикізат қорын жасақтау керектігін түсініп, зауыт салуды жоспарлай бастайды.
– Фармацевтикалық зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бір реттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырмалар, ота жасауға арналған құрал-жабдықтар жасалады. Оған керекті шикізатты Ресей мен Белорусиядан жеткіземіз. Пандемия кезінде қатты қиналдық. Зауыт салу сол кезде ойымызға келген еді. Жобамызды сол тұста жүзеге асыруға «Даму» қоры үлкен қолдау көрсетті, – дейді ол.
«Даму» қорына қайырылған зауыт басшылығының өтінішін өңірдегі «Bereke Bank» акционерлік қоғамы мақұлдаған. Сөйтіп сыйақы мөлшерлемесі – 15 пайызды құраған, «Даму» қоры тарапынан субсидиялау мөлшерлемесі – 9 пайыз болса, ал қалған 6 пайызды компания құйған. Жалпы бірреттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын «Super Pharm» фармацевтикалық зауыттың республикада өзіндік орны бар. Өйткені мұндай зауыт елімізде бірнешеу ғана. Соның бірі біздің облысымызда он бес жылдан аса тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі де еселеп артуда.
Бастапқыда 15 түрлі медициналық бұйым жасаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды шығарады. Бұрын шикізатты Ресей, Белорусия мен Қытай мемлекеттерінен тасымалдаған өндіріс ошағы ендігі жерде бұл мәселені өз күшімен шешіп отыр. Зауыттың бас технологы Сергей Пак зауыт тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Оның айлық қуаты 920 тоннаны құрайды. Онда 40 адам төрт ауысыммен жұмыс істеуде. Зауытта әзірге шикізат қорының, яғни іргесіндегі фармацевтикалық зауытқа қажетті тоқыма емес матаның төрт түрі шығарылуда.
– Ені екі метрді құрайтын бұл мата мұнай өнімдерінің қалдығынан жасалады. Оны жылыжай, ауыл шаруашылығы мақсатында және жол құрылысына пайдалануға болады. Ол су өткізбейтіндігімен де ерекшеленеді. Бұрын Ресей мен Белорусиядан алып келген шикізатты енді өзіміз өндіреміз. Дегенмен әзірге мұнай қалдығынан дайындалатын парафин, яғни күріш кейіпке келтірілген ұнтағын Қытай мемлекетінен алдырудамыз. Қазір қарап отырсақ, шет елден тоқыма емес мата қорын біз бұған дейін 30-40 пайыз қымбат бағамен алып келіппіз, – дейді ол.
Бұдан бөлек, «Даму» қорының қолдауына жиі сүйеніп, кәсібін дөңгелетіп отырған келесі зауыт – «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағы сыйымдылығы 1, 2 және 3 литрге дейінгі шыны банкілерді шығарумен айналысады.
Аталған кәсіпорын 2020 жылы «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «субсидиялау және кепілдік беру» құралы арқылы процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ өзге де құрал-жабдықтар сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған. Несие сомасы 314 миллион теңгені құраса, ал компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайызға айналды, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құрады. Серіктестіктің цех бастығы Есберген Еламановтың айтуынша, шыны банкілер шығаратын цехтың жұмыс бастағанына да жеті жылға жуықтапты. Зауыттың өндірістік цехында шыны банкілері өндірісі жақсы жолға қойылған. Зауытта тәулігіне 70- 80 мың шыны банкі шығарылады. Яғни, банкінің 12 түрін шығаратын зауыт цехында 56 адам жұмыс істейді. Ондағы бір желі сыйымдылығы 0,5-тен 1 литрге дейінгі банкілерді шығаруға арналған. Үш-төрт жыл бұрын екінші желісі іске қосылып, екінші желі сыйымдылығында 2 мен 3 литр аралығындағы банкілер шығарылуда.
– Зауыт банкілерді кең ассортиментте шығара алады. Жиынтықтар формаларының жеткілікті таңдауы бар. Өндірілетін өнім сапасы бойынша «Консервіленген тамақ өнімдеріне арналған шыны ыдыс» формасы мемлекеттік талаптың барлық стандартына сай келеді. Кәсіпорында шығарылатын өнімге Еуразиялық экономикалық одақ сәйкестігі туралы декларациясы бар. Бұл банкілерді Кеден одағы елдеріне өткізуге мүмкіндік береді, – дейді цех бастығы.
Зауыт ауласында бір айға жететін шикізат қоры әзірленген. Цех басшысының айтуынша, шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатынын айтты. Кейбір маңызды қоспаларын Ресей мен Өзбекстан Республикасынан алдырады екен.
– Біз бір тәулікте 40 тонна шикізатты шыны сынықтарымен қосып балқытамыз. Күнделікті халық тұтынатын бөтелке құтысы, есік және терезе сынықтарын, айна мен басқа да шыны қалдықтарын қаланың түкпір-түкпірінен жинатамыз. Өзге облыс орталықтарынан жинатып, жүк көліктерімен тасымалдап аламыз. Осы арқылы табиғатқа, жасыл белдеу қалыптастыруға өз үлесімізді қосудамыз десек те болады. Біріншіден қала көшелерінде, табиғат аясында шыны ыдыстары қалдығының азаюына себепші болсақ, екіншіден оны қайта өңдеп, банкі жасап шығамыз. Алдымен шыны ыдыстарды арнайы тазалаудан өткізіп, құм мен соданы, басқа да қоспаларға араластыра отырып ұнтақтаудан өткіземіз. Одан кейін ол шикізат 1500 градустағы балқыту пешіне түсіп, 102 тонналық ваннада қайнап, балқып шығады, – дейді цех басшысы.
Сұйықтық цехтың екі желісі арқылы 0,5 грамнан 3 литр аралығындағы банкілер құймасына құйылып, ары қарай дайын өнімге айналу сәтін де көзбен көрдік.
«Цех жұмысы тоқтап қалмас үшін бір ай бұрын бір айлық шикізат қорын дайындап аламыз. Құмнан бөлек, бөтелке, шиша қалдықтары республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналып, осында жеткізіледі. Қор жинақтау мәселесі шешімін тапқан», – деді ол.
Дайын өнім Қырғыз және Өзбекстан республикаларына экспортталуда. Ал зауыттың Қазақстандағы негізгі тұтынушысы Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы консервілеу зауыттары. Осылайша «Даму» қоры өнеркәсіп саласында жобасын жолға қойған кәсіпкерлерді тұрақты қолдаумен тұрақты айналысып келеді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




