«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ер– елдің қорғаны ғана емес, мақтанышы

Ер– елдің қорғаны ғана емес, мақтанышы
Автор
Гір көтеру спортының тарихы тым тереңде жатқанымен, дәстүрлі спорт ретінде тек 1985 жылы ғана мойындалып, ресми бекітілгені мәлім. Ауыр атлетика спортының бір түріне жататын гір тасын көтеруді Шығыс Еуропа халықтары ойлап тапқан. Ал бұл спорт түрі қазақ жеріне XIX және ХХ ғасырларда келгенін әйгілі Қажымұқан мен Балуан Шолақ секілді жауырыны жер иіскемеген балуандарымыздың жәрмеңкелерде гір тасын көтерудің жарқын үлгісін көрсеткенінен білеміз.

Жалпы, 1985 жылы ресми спорт түрі болып бекітілген гір көтеруді ешбір спорт түрі өз құрамына енгізген жоқ. Сөйтіп, 2007 жылы Шығыс Еуропаның бес мемлекеті – Эстония, Литва, Ресей, Украина және Беларусь бас қосып, Халықаралық гір спорты одағын құрды. Осылайша әлемнің 63 елін өз мүшелігіне қабылдаған ұйым 2010 жылдан бастап гір көтеруден Әлем чемпионатын ұйымдастыра бастады. Жыл сайын тұрақты түрде өткізілетін әлемдік доданың 2016 жылғы бәсекесі Қазақстанның Ақтөбе қаласында ұйымдастырылғанын да айта кетейік. Шын мәнінде, спорттың қай түрін алып қарасаңыз да, бәрінің мақсаты – салауатты өмір салтын ұстану, әуесқой және кәсіби деңгейде жетістікке жету, түрлі жарыстарға қатысу.

Дегенмен, тәуір нәтижеге қол жеткізіп, чемпионаттарда топ жару кез келген спортшыға бұйыра бермейді. Мұндай жетістікке тек қажырлы еңбек етіп, спортты шексіз сүйіп, кез келген қиындыққа мойымай, тек алға қарай ұмтылатын жандар ғана жетеді. Осы спортта бағы жанып, бабы келіскен, гір көтеруден спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы, әскери қызметші, майор Әділхан Нұрғазиннің спорттық ғұмыры көп жанға үлгі боларлықтай. Кейіпкеріміз бозбала күнінен спортты жанына серік еткен. 1992 жылы кәсіби-техникалық училищеге оқуға түскен ол алғашында күреспен айналыса бастаған. Кейіннен гір көтеруге зейін қойып, оның қыр-сырына қанығады. Ол небәрі екі жылдың ішінде гір көтеруден Қазақстан чемпионы атанды.

1994 жылы алғаш рет жастар арасында ұйымдастырылған ел біріншілігінде ол 24 килограмм гір тасын серпе көтеру жаттығуында 80 рет, жұлқа көтеру бағдарламасында 85 рет көтеріп, алтыннан алқа тақты. Ауылда өскен жігіттің еңбекқорлығы спортта да талай сыналды. Спорт шеберіне кандидат атағын алу үшін де біраз тер төкті. 1995 жылдың күзінде Қазақстан чемпионатына іріктеу үшін өтіп жатқан облыстық жарыста 40 рет серпе, 40 рет жұлқа көтеріп, спорт шеберіне кандидат атанды. Бастысы, Әділхан қай жарысқа барса да қоржыны бос қайтпайтын. 1997 жылы екі жыл әскер қатарында Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп, үйіне оралады.

– 1999 жылы әскерден келгенімде спорт шебері, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әділбек Баймұхамбетовті кездестірдім, ол мені аудандық жарысқа шығарды. Жарыстан бірінші орын алып, артынша облыстық додаға да қатыстым. 2000 жылы көптен армандаған спорт шебері атағына қол жеткізіп, ересектер арасында Қазақстан чемпионы болдым, – дейді әскери спортшы.

2001 жылы келісімшарт бойынша әскери бөлімге қызмет етуге келеді. Әділханның спортқа деген ерекше ықыласын байқаған басшылық оны Әуе қорғанысы күштерінің авиабазасына ауыстырып, дене дайындығы және спорт басшысы лауазымына тағайындады. Әскери қызметте жүрсе де, спорттан қол үзбеген кейіпкеріміз ТМД-ға мүше елдер арасындағы жарыстарда бірнеше мәрте өз мықтылығын дәлелдейді.

Атап айтар болсақ, 2010 жылы Петербургте үшінші, 2012 жылы Қырғыз елінің астанасы Бішкекте өткен турнирде екінші орын иеленді. Сонымен қатар әр жылдары ұйымдастырылған осындай халықаралық жарыстарда да жүлделі орындардан көрініп жүрді. 2021 жылы жаттықтырушысы Серік Әбдіақинмен бірге Бішкекте ұйымдастырылған Азия чемпионатына қатысып, алғаш рет Сары құрлық бәсекесінде дараланды. Батыр жігіт 32 килограмдық гір тасын серпе және жұлқа көтеруде барлық қарсыласынан оқ бойы ұзап, 165 ұпаймен үздік шықты. Сондай-ақ 2022 жылдың сәуірінде Щучинскіде 40 жасқа дейінгі ардагер спортшылар арасында өткізілген Азия біріншілігінде бақ сынап, қатарынан екінші мәрте тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.

Отбасында үш ұл, бір қыз өсіріп отырған әскери спортшы бүгінде шәкірт тәрбиелеуді қолға алған. Әділхан Нұрғазин қазір гір көтеру спортынан бөлек, әскериленген кросс, офицерлік үшсайыс сынды басқа да спорт түрлерінен ізбасарларын даярлап жүр. Ол жас жеткіншектермен қатар, сарбаздарды да спортқа баулып, оларды елішілік және шетелдік жарыстарға да қатыстырып келеді. Еселі еңбегі еш кеткен емес. Үндістанда өткен дүбірлі додада шәкірті Ербол Дайырбаймен бірге өзі де бақ сынап, екеуі де алтын тұғырдан көрініп, әлем чемпионы атанған.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар