Сүндеттеу – пайғамбарлардың амалы. Ізгі амал. Бұл дәстүр X-XI ғасырда еніп, XIV-XV ғасырдан бастап жалпы халықтық дәстүр ретінде танылды. Бүгінде жер-жерде арнайы сүндеттеу орталықтары ашылған. Шетінен креативті, барлығының бір жаңашылдығы бар. Жалпы, баланы неше жастан бастап сүндеттеген жөн? Кімге, қайда апарып мұсылман қылған дұрыс? Қай жыл мезгілінде сүндеттеген дұрыс? Бұл рәсім қалай жасалады деген сұрақпен біз қаламыздағы танымал вип сүндеттеу орталығы «SUNDET medical center» басшысы Қайрат Рахметовқа жолықтық. Кәсіпкер Қайрат Байғанинұлы бұл орталықты 2022 жылы ашқан. Өзі Алматы қаласындағы «Жан мен тән» сауықтыру орталығының бас директоры. Көптеген жобалардың авторы.
– Бастапқыда баламды сүндетке отырғызу үшін қайда, кімге апарарымды білмей, заманауи орталықты көп іздедім. Қарасам, Алматы мен Астанада арнайы баланы сүндеттейтін орталықтар көп екен. Ал Таразда жоқ. Өзім Тараздың тумасы болғандықтан, өз жерімнен неге ашпасқа деп ойға келдім. Не үшін мен баламды Алматыға тасуым керек. Қой, кіндік қаным тамған жерден кәсіп ашайын деп осы орталықты аштық. Алматыға барып осы саланы зерттедім. Ғимарат табудан бастап, барлық керекжарақпен қамтамасыз еттім. Ең бастысы, білікті маман таптым. Біз баланы сүндеттеп болған соң мадақтаймыз. Қолына «Батыл жігіт» деген грамота ұсынып, ойыншық көлік сыйға тартамыз. Көптеген ата-аналар бір қағазда тұрған не бар деуі мүмкін. Біріншіден, баланы әр жақсы ісі үшін марапаттау керек. Сонда бала ерлік іс жасауға дайын болады. Екіншіден, бала батыл шешімдер жасайтын болады. Оның қандай да бір қадамы, ісі үшін күн сайын марапаттасаңыз да болады. Баланы жылдың бар мезгілінде сүндеттеуге болады. Ал енді орталығымыздың ерекшелігін айтайық. Бала көлікті кереуетте жатып, машинаның рулін бұрап, қызықтап, ойнап жатқанда, әпсәтте лазермен, медицина тілімен айтсақ электркоагулятормен күйдіріп ке сіп тастайды. Лазермен кесіп сүндеттеудің артықшылықтары көп. Қан көп шықпайды, уақытты үнемдейді, тігісі аз болады. Бұрынғының ер азаматтарының есінде сақталып қалған нәрсе ол – молданың аяққолын байлап тұрып, жан-жағын қан қылып кесуі еді. Стресспен өткен сүндеттеу бұл.Өзімнің де басымнан өткен. Осы істі жеңілдету мақсатында аштым десем де болады. Осы уақытқа дейін бірнеше бала сүндеттедік. Жылап, бақырған бала көрмедім. Ешбір бала стресс алмады. Миға ауырлық түспеді. Креативті орталық десек болады. Бала маса шаққандай күй кешеді. Хирург дәрігерлеріміздің еңбек өтілі жоғары. Баяғыда кең көйлек кигізіп қоюшы едік балаға. Бұл күндері Түркияда жасалған арнайы ауа өткізетін сүндеттелген балаға арналған ішкиімдер бар. Сол ішкиімді кигізіп жібереміз. Осы уақытқа дейін 5 мыңнан аса баланы сүндеттеппіз, – дейді Қайрат Байғанинұлы.
Қанша жаста сүндеттеуге болады деген сұраққа этнограф Досымбек Қатранұлы былай деп жауап береді.
– Қазір кейбірі баланы тіпті 1 жасында сүндетке отырғызып жатады. Олай болмайды. Себебі 1 жаста баланың денесі қалыптаспайды да. Олай жасау өте қауіпті. Қазақ халқы яғни мұсылман қауым тақ сандарды киелі деп есептегендіктен, бала 3,5,7 жасқа келгенде сүндетке отырғызған. Бағзы заманда өз әкелеріміз, аталарымыз сүндеттелгенде қанды тоқтату үшін ыстық киіз басқан. Молдалар кескен. Қан тоқтамай, мертіккен оқиғалар да болған. Дұрыс кеспей, екінші мәрте дәрігерлерге апарған кездер де болған. Сүндетке отырғызу деген ойыншық емес. Ол бір адамның тағдыры. Етіңнен ет кесу оңай ма? Ер азамат болдың деген осы. Сондай-ақ дәстүр бойынша, сүндеттелген балаға жақын туыстары мал атап беруі қажет. «Қозы, қой, тай» деп ақшасын береді. Теңгемен санасақ, сол малдың бағасы шығады. Бұл бұрынғы дәстүрлі формасы ғой. Ал қазір заман өзгерді ғой. Жақын туыстары 10-20 мың теңге беріп жатады, 100 доллар да беріп жатады. 2-3 мың теңге беретіндер де жоқ емес. Жалпы, бұл атқа міну салтына өте ұқсас болып келеді. Атқа міну – баланың денесін шынықтыратын жаттығудың бір түрі десе де болады, – дейді этнограф.
Жамбыл ауданы, Аса ауылында да ерекше бастаманы қолдайтын осындай сүндеттеу орталығы бар екен. Орталық иесі Нұрболат Маликов ойын кереуетіне жатқызып, баланы ауыртпай сүндетке отырғызатындықтарын ғана айтып өтті. Неліктен екенін, газетке шығуға қарсымын дегендіктен ол туралы толығырақ жазбадық. Сүндеттеу – ата-ана мен балаға ортақ сынақ. Баланы осындай сынақтан өткізу анаға да оңай тимейді. Баласымен бірге жылап, бірге күлетін аяулы нәзікжандылар мұндай ұлы күндерді баласымен қоса бірге өткереді. Баласының дене сіне пышақ тиетінін ойлаған ана сүндеттеу деген әңгіме басталғанда-ақ өзі сүндеттелетіндей мазасыз күй кешеді. Сондай жаны нәзік жас ананың бірі – Әсел Сапарбекова. Жас ананың өзі де онкологмаммолог дәрігер.Ұлдары Нұрисламның жасы 5-те. Үш күн бұрын сүндеттелген. Білікті неанотолог-хирург Нұртуған Айтуғанұлы сүндеттепті.
– «Салтанат» шағынауданындағы орталыққа барғанымызда кезек көп болды. Үлкен дозада балама анестезия салынды. Қан болмайды, ауырсыну болмайды дегенге сеніп бардым. Бірақ бізде қан болды. Дәрінің күші тарқаған соң ауырсыну болды. Балам мазасызданып, үш күндей кіші дәретке отырмады. Қорқып қалса керек. Дәрігердің қолы жеңіл болды. Әр бала солай қиналатын шығар. Балам эмоционалды бала. Мүмкін содан да болар. Қанша жерден өзім дәрігер болсам да баламмен бірге қиналып, жаным шығып барады. Су ішеді, бірақ қуығын қысып жүреді. Қорқақтайды. Суланып тұрған жері қабыршықтанып түсе бастады. Соған қуандық. Балам азамат болды, ел қорғайды деп шаттанудамыз, – дейді дәрігер ана. Енді сүндетке отырудың пайдасы туралы айтсақ. Бұл жайында бізге білікті дәрігер, 2021 жылдың ҚР Президентінің «Халық алғысы» медалімен марапатталған Жамбыл облысының бас неонаталды хирургы Нұртуған Әлқуатов айтып берді.
– Ешуақытта 3,5 жастағы балаға сүндеттелетіндігі жайлы айтпаңыз. Ол қорқады. Бала түсінігінде солай қалыптасқан. Психологиясы зардап шекпеуі керек. «Дәрігерге көрсетеміз» деп қана айтыңыздар, толық мән-жайды ашып айтпаңыздар. Сүндеттелгендер арасында жыныс мүше обырына шалдығу қауіптілігі 0 пайыз. Мүлдем жоқ. Алайда Қытай, Уганда және Пуэрто-Рико сияқты елдерде обыр ауруының 12-22 пайызы жыныс мүше сінің обыры үлесінде. Бұл зияндылығы жағынан өте жоғары көрсеткіш. Бұған қоса нәрестелердің де зәр жолының қабынуының 95 пайызы сүндеттелмеудің с алдарынан орын алады. Ал сүндеттелген балалар арасындағы зәр жолы қабыну көрсеткіші 5 пайыздан төмен. Демек, бүйрек жұмысының бұзылуына, қанға және денеге зиянды бактерия таралуына соқтыратын басты себеп – сүндеттелмеу екен. Екіншіден, жыныс жолы арқылы таралатын кеселдерді болдырмайды. Қазақ халқы өте дана халық қой! Мұның бәрін іштей білген. Айқайлап айтпаса да жаман аурудан, дерттен тыйып отырған. Жыныс жолы арқылы таралатын көптеген аурулардың басым салмағы сүндеттелмеген адамдар жағында екенін зерттеулер нәтижесі көрсетті. Үшіншіден, әйелдің жатыр мойнының обырынан қорғайды. Сүндеттелген жұптар арасында әйел жыныс мүшесінің обыры болмайтын көрінеді. Бұл мәліметтерді доктор Мұхаммед әл-Бар өзінің «Сүндеттеу» атты кітабында жазған, – дейді Нұртуған Айтуғанұлы.
Пайдасын айтып болсақ, сүндеттеудің бағасына тоқталайық. Жаз және күз айларында хирург дәрігерлердің қолы жүріп тұрған кез. Өмірдің шындығы, бұрыннан молдаға кестірсең де сый-сияпаты деп мал атап, қолына ақша ұстатып, шапан жапқан. Қазіргідей дамыған заманда сүндеттеудің өзі де жанданып, жылдан жылға өзгеріп отырғанына байланысты сүндеттеудің арнайы прайсы бар. Нақты орталыққа барсаңыз алдыңызға бағасы жазылған қағазды ұсынады. Сөздің тоқетері – баланы сүндетке отырғызу құны 20 мың мен 60 мыңның арасы.
Жансыздандыратын дәрісі бар, анестезиологтың, хирургтың, кәсіпкердің құны бар, жалпы кейде ұсынатын сыйлығы, памперсы, арнайы ішкиімі бар осы 60-70 мың шығады. Кейбір хирург бергеніңді алады. Ал кейбірі нақты бағасын айтады. Өңірімізде сүндеттеу орталықтарынан бөлек ауруханалардағы, емханалардағы белгілі хирург дәрігер де баланы сүндетке отырғыза береді. Бұл атаананың қалауына байланысты. Айтпақшы, сүндеттеу тәсілін әке-шеше өзі таңдайды. Қайшы, не скальпель, не лазермен. Бірақ лазермен кесу 21-ғасырдағы медицинадағы ең үлкен жаңалық екен.
Ер баланың азамат атанғанының алғашқы белгісі де осы – сүндетке отырғызу. Ал түсінген адамға сүндет – пәктіктің, тазалықтың, мұсылмандықтың белгісі. Қазақ сүндетке отырған балаға «Ашамайлы атқа, мұсылмандық таққа мінгені құтты болсын!» деп тілек айтып, сүндет той жасаған. Той төресі – сүндет той көп болсын!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Таразда таңды-таңға ұрып қисса айтатын жігіт бар
- 10 ақпан, 2026
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




