«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоларбадағы жандар үшін қоңырау іске қосылды

Қоларбадағы жандар үшін қоңырау іске қосылды
Автор
Облыста мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау және оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ерекше қажеттілігі бар жандарды еңбек нарығына тарту бағытында бірқатар нақты жұмыстар атқарылып келеді.

Осы мақсатта Amanat партиясы облыстық филиал жанынан құрылған жұмысшы топ «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында Тараз қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға зерделеу жұмыстарын жүргізді. Жұмысшы топтың басты міндеті – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтуға арналған 2-4 пайыздық квотаның сақталуын бақылау, олардың жұмыстан негізсіз босатылмауын қадағалау, сондай-ақ жұмыс орындарында кедергісіз қозғалысқа жағдай жасалуын және мүгедектік топтарына сай ыңғайлы еңбек кестесінің сақталуын зерделеу. Жұмысшы топ алдымен облыс орталығындағы №2 қалалық емхананың қызметімен танысты.

Бүгінде емханада 400- ден астам адам еңбек етеді, оның ішінде 7 қызметкер – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Ұжымда олар үшін жұмыс істеуге қажетті жағдайлар қарастырылғанымен, ғимараттың қолжетімділік талаптарына толық сай еместігі анықталды. Атап айтқанда, тактильді жолақтар талапқа сай орнатылмаған, қоңырау белгісі істемейді және арбадағы азаматтарға арналған есік жабық тұрған. Жұмысшы топ өкілдері аталған олқылықтарды қатаң сынға алып, бір апта ішінде жою жөнінде нақты тапсырма берді.

Нәтижесінде есік ашылып, қоңырау іске қосылды. Келесі кезекте жұмысшы топ Тараз қаласының әуежай ғимаратында болды. Зерделеу барысында мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін жүріп-тұруына барлық жағдай жасалғаны анықталды. Сонымен қатар мекемеде 2-4 пайыздық квота толық сақталып, қазіргі таңда екі мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ жұмысшы топ Жамбыл политехникалық колледжінде болып, квота талаптарының орындалуын тексерді. Колледжде 400- ге жуық қызметкер жұмыс істейді, оның 6-уы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар.

Атап айтқанда, 5 қызметкердің – III топ, 1 қызметкердің II топ мүгедектігі бар. Жұмысшы топ мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Анар Бексұлтанованың айтуынша, қоғамда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бөліпжаруға жол берілмеуі тиіс.

– Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында әлеуметтік нысандарды аралап, квотаның сақталуын зерделедік. Көптеген мекемелерде квота сақталғанымен, инфрақұрылымдық қолжетімділік мәселелері бар. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстап, тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар жолдайтын боламыз, – деді Анар Бексұлтанова.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде 21 мекеме тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 24 бос жұмыс орны ұсынылып, олардың барлығы 2-4 пайыздық квота талаптарына сай тұрақты жұмыспен қамтылды. Қазіргі таңда олар мектептерде, балабақшаларда және мемлекеттік мекемелерде вахтер, күзетші, бағбан, жүргізуші, тәрбиеші көмекшісі және хатшы ретінде еңбек етуде.

Сонымен қатар 2025 жылы Мансап орталығы арқылы 341 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, оның 199-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Бұдан бөлек, Мансап орталығы Amanat партиясымен бірлесіп, арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін ұйымдастырып, нәтижесінде бір қатар азаматтар тұрақты және уақытша жұмыс орындарына жолданды. Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында арнайы жұмыс орындарын ашатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау бағытыда жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарлама аясында 2025 жылға 8 адамды жұмыспен қамту жоспарланғанымен, нақты нәтижесінде 10 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар