Нұрсифат апай жас күнінде оқу орындарына бара алмаған екен. Бірақ, көзі ашық, сауатты кісі болған. Тағдыр Мақсұт Салықов деген азаматқа жолықтырып, Тараз қаласына (бұрынғы Жамбыл қаласы) келін болып түскен. Жолдасы Мақсұт облыстық қазақ драма театрында актер екен.
Қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры екенін көпшілік жақсы біледі. Жас келіншек Нұрсифат та күйеуімен ілесіп, театрға барып жүріп, ондағы өнер адамдарымен түгел танысып алады. Әр күні отағасының қабағына қарап, түрлі дәмді тағамдарды да әзірлеп, азаматын асыға күтіп отырған. Екеуінің мінездері де, ойлары, өнерге деген көзқарастары да үйлесе кетеді. Отағасына әсіресе келіншегінің ән салғаны ұнайтын. Бөлекше, әсем дауысы бар. Содан Нұрсифат та іздене бастайды. Мақсұт барған тойларда, жиындарда көзге түсіп, ән салады. Бір күні театрдың сол жылдардағы директоры Әділ Төлебаев шақырып алып: «Сенің дикцияңды тексерсін, осында тәжірибеден өтесің. Бірер ай жақсы өнеріңмен көріне білсең, театрға актриса етіп жұмысқа қабылдаймын», – дейді.
Мұнан асқан қуаныш бола ма? Нұрсифат бұл жаңалықты ең алдымен отағасы Мақсұтпен бөліседі. Мақсұт ұсынысты құптай кетеді. Көп ұзамай Нұрсифат театрдың 6 адамнан құралған оркестрімен бірге ән айтып, дауыс дикциясын тексереді. Сынақтан сүрінбей өтеді. Театрда тәжірибесін шыңдауға кіріседі. Содан театрдың сырт облыстарға, көршілес республикаларға бірнеше айға созылған іссапары басталады.
Бұрынанан істеп жүрген артистермен бірге Нұрсифат Салықова да іссапарға кетеді. Бес ай сырт облыстарда жүріп келеді. Іссапардан келген соң, директор Әділ Төлебаев уәдесінде тұрып, Н.Салықованы актриса ретінде жұмысқа қабылдайды. Бұл 1959 жылдың 13 сәуірі екен. Апай жұмысқа қабылданған күнін жетпіс жылға жуық уақыт өтсе де ұмытпапты. Көп ұзамай апай сол кездегі Жамбыл мәдени ағарту училищесін сырттай оқып бітіріп алады. Оның баршасында тілеулес болып отағасы Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі Мақсұт Салықов қасында жүреді. Екеуі бірнеше ұлқыздарды бірге тәрбиелеп өсірді. Олардан немере-шөбере сүйіп отыр.
– Отағасының қолдауымен менің өмірім осылай жақсы арнаға қарай бұрылды. Кейде бір отбасынан екі артист шыққаны қиын екені туралы айтылып жатады. Бірақ, Мақсұт екеуміздің арамызда ондай мәселе болған жоқ. Мақсұт мені әбден түсінді, мен ол кісіні түсіндім. Бір-бірімізге тілеулес болдық. Бір-біріміздің рөлімізді қолдап, құрметтедік. Қай рөлді алсақ та екеуміз де пенделіктен биік тұрып, әр кейіпкерді өнер деп қарадық. Сол кейіпкеріміздің кейпіне еніп, сол образды керемет шеберлікпен алып шығуға тырыстық. Отбасы құндылығы, атаның қанымен келетін қасиеттердің адам ұрпағы үшін орны қашанда ерекше. Менің әкем Рахымбай – Халық ақыны еді. Семей өңірінде ғұмыр кешкен. Шығыс облыстарға есімі кеңінен таныс кісі. Талай айтыста бас жүлде алған екен. Ән салатынымыз, дауысымның ашықтығы әкеме тартса керек. Театрда біздің отбасыға тілеулес, жас шаңырағымызға жанашыр алдыңғы толқын ағалар көп болды. Халық артисі Шәріпбай Сәкиев маған сахнада өзімді қалай ұстауды, қалай жүріп-тұруды, қалай қозғалуды үйретті. Сол кезде театрда Махметқали Табанов, Тұрар Ізбасаров, Алтын Ружева, Бақтыораз Саршаев, Жорабек Шүленбаев секілді аса талантты актерлер ойнады. Келген режиссерлер де керемет талантты болатын. Режисерлердің атасы – Асқар Тоқпанов. Маман Байсеркенов тереңдікке көп барып, Михаил Шолоховтың «Тұнық Донын» сахнаға дайындады. Ол кісінің режиссерлік шешімдері кремет еді. Сонымен қатар сол жылдары «Еңлік-Кебек», «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Табыттан шыққан үн», «Қаракөз» қойылымдары сахналанды. Қазіргі құрам да жаман емес. Талантты жас актер, актрисалар да бар. Осы театрда 63 жыл 3 ай жұмыс істедім. Көптеген жас ұл-қыздардың анасындай болып кеттім. Мәселен, отбасы тақырыбына біздің театрда көптеген қойылымдар қойылды. Әлі де репертуарынан түскен емес. Осыдан 7-8 жыл бұрын «Бір түп алма ағашы» деген қойылым жүрді. Отбасы құндылығына арналған. Ананың рөлін менің замандасым, Халық әртісі Мәкен Рахымжанова сомдады. Ол қойылымда қартайған ана қара шаңырақта мүгедек баласымен бірге қалады. Қол арбаға таңылған баласы ақылды. Қалған балалары кәсіп, қызмет жолын таңдаған. Бірақ, жүректерінің жылуы жоқ. Аналарын іздемейді. Осындай ойлы қойылым. Жақында театр көрермендері Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» атты қойылымын тамашалады. Премьерасы өтті. Өте жақсы, ой саларлық спектакль. Көреременге, жас отбасыларға берері тәрбиесі мол. Сондай қойылымды аудан мен аулыдарды аралап қойып, көрсету керек. Сонда, халыққа кеңінен танылып, әсері де көп болады, – дейді Нұрсифат Салықова.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




