Соған қарамастан, көпті көрген қариялар мешітке үлкен құрметпен қарап, бізге «дінді құрметтеңдер» деп айтып отыратын. Сол мешіттің түбінде Тойшыманұлы Абдулла би Кеңес өкіметінің қитұрқы саясатынан қаймықпай, оны екі-үш мәрте жөндетуге ықпал жасағанын білемін. Шынында да мешіттің құрылысы ерекше еді. Осыдан бес жыл бұрын Астана қаласындағы Бас мешітке барып жүрдім. Сонда кіреберістегі үлкен залдағы арнайы бөлмеде Қазақстандағы мешіттердің макеттері жасалып, қазқатар етіліп, әйнек астында тұр екен. Солардың ішінде ең көрнектісі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен біздің Абдулла Ишан мешіті екені көзіме оттай басылды. Мешіт төрт бұрышты, күйдірілген кесектен өрілген, төбесі көк күмбезді. Орталық зал үлкен күмбезбен, қалған бөлмелері мен жанындағы үш айван кішілеу келген он бес күмбезбен жабылған. Айванның сыртқы қапталдары аркалы күмбездер түрінде асқан шеберлікпен өрілген.
Негізгі орталық бөлменің оңтүстік-батыс қабырғасында михраб қуысымен эпиграфикалық мәнерде жазылған жазудың іздері ғана қалған. Сірә, ол сөздер Құран кітаптан алынған болар. Маған Абдулла бидің баласы Рысбек бұл мешіт Қазақстанда ғана емес, Орта Азиядағы ірі мешіттердің бірі деп айтушы еді. Кезінде мен ол мешіт жайлы Абдулла би атамнан естіп, қағазға түсіргенім бар. Ол туралы сәл кейінірек.
Жақында маған Абдулла Ишанның ұрпағы Әсетілдаев Сейтқасым келіп, Абдулла Ишан мешіті жайлы әңгімедүкен өрбітті. Ол маған интернетте және газеттерде жарияланған деректерді көрсетіп, көбінің шынайы фактілерді бұрмалап, халықты шатастырып жүргенін айтып, өкінішін білдірді. Соның бірінде былай деп жазылыпты: «Деректерге қарағанда Абдулла –Ишан Саиди (1836-1914) жергілікті өңірде діндар Саитбаттал – хазрат отбасында дүниеге келген. Ол 9 жасқа келгенде ата-анасынан айырылып, жетім қалады. Нағашы атасының тәрбиесінде болып, медреседе тәлім алған. 1853 жылы генерал Перовскийдің әскерінде борышын өтеп, Сырдария жорығына қатысады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін Абдулла білімін жетілдіру мақсатында Бұхара, Хорезм, Стамбулда болады.
Бұхарада өмір сүрген кезіңінде шәкірттерді оқытатын медресе ашып, жібек өңдеумен айналысады. Абдулла Саиди шығыс елдерінің тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін, мұсылмандық ілімді жетік меңгерген. Араб, парсы тілдерінде өлең жазып, ұстаз және сөзге шешен ділмар ретінде көпшілікке атағы жайылған. Қазақ арасында кең тараған сопылық бағытты ұстанып, осы ілімді жалғастырушы болған. Абдулла Ишанның артынан еріп, оларды қолдаған ізбасарлары көп болған. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында жергілікті жерлерде арнайы медреседе білім алған адамдарға арналған мешіттер соғылған. Оларды құрметтеген ауыл-аудан тұрғындары мешіттің ашылу салтанатына арнайы шақырып қатысады екен. Абдулла Ишан шет елде отыз жылдай болып, екі рет қажлыққа барған.
1870 жылы өзінің ауылы Муллакка келіп жерлестерінің өтінішімен медресе ашып, өз өмірін тақуалыққа арнайды. Ел арасында Абдулла Ишан мешіті соның құрметіне салынған делінеді. Бүгінгі мешіт ауыл тұрғындарының мінәжат ететін орны ретінде қызмет жасауда». – Бұл деректер біздің Абдулла Ишан бабамыздың өмірбаянына үш қайнаса да сорпасы қосылмайды – дейді Сейтқасым, – өзіңіз білесіз Абдулла Ишан бабам Үшарал аулындағы қожалар қорымында жерленген. Егер ол кісі Перовскийдің әскерінде борышын өтесе кейінгі ұрпағына айтар еді, ондай әнгіме жоқ, екіншіден, міне менің қолымда Смайыл Шайхыслам Жәркенұлы, Қалмұхамед Бакубыллаұлы, Рахматулла Жақсылық Шайманұлы «Саид – Сабұлт шежіресі» бар, онда Абдулла Ишан жайлы әлгіндей деректер жоқ.
Жалпы Қожа атауы VII–XII ғасырлардағы ислам дінінің Орталық Азияға таралуымен тікелей байланысты. «Қожа» термині араб және парсы тілдерінен енген. Араб тілінде хауаджа – «ие», «ұстаз», «қамқоршы» мағынасын білдірсе, парсы тілінде бұл сөз «мырза», «рухани жетекші» ұғымында қолданылған. Түркі халықтарының қоғамдық санасында қожа атауы уақыт өте келе ислам дінін таратушы, діни білім иесі, тақуа әулет өкілі деген мазмұнға ие болды. Біздің бабаларымыз өздерін Саид қожадан, Шежіреге қарағанда өздерін Мұхаммед Пайғамбардан таратады. Әбуталаптан Әбділдә, Әбуталип туған, Әбділдадан Мұхаммед одан Бибі Патима туады, Абуталиптен хазиретті Али туған. Пайғамбарымыз Мұхаммедқызы Фатиманы немере інісі хазиретті Әлиге қосқан. Сол Хазирет Әлиден ШаһБүзірекке дейін 27 ата. Шаһ-Бүзіректі «саубұлт қожа» – деп атаған. Саубұлт деп атайтын себебі ол «бұлтқа мініп» Мекке мен Мединаға барып қайтадымыс. Шаһ-Бүзіректің екі әйелінен бес ұлы болған, берімен қарай таратсақ оның бір баласы Аппақ қожа, Ысқақ қожа одан Абдулла қожа туады, Абдулла қожаның екі баласы болған: Саид Ахметке халық қойған аты «Қосым» ишан, Саид Мухаммед лақап аты «Құлатай» қожа. Екеуінің атануында қазақша мән бар. Саид Мұхаммед хақ жолын іздеп Жизақ қаласына барғанда сол қаланың әкімі ақ батасын беріп, құла тайды мінгізіп, енді сіздің атыныз «Құлатай болсын», ал енді Саид Ахмет жалғыз өзі қоста тұрып өмір кешкендіктен ұстазы оны «Қосым» деп атаған көрінеді. Қосым мен Құлатай үлкен ілім алып Түркістанға соғып, елге арып-ашып, азып-тозып әрең жетті. Ол жер осы күні Шаян деп аталады.
Ол парсы тілінде «Екі шайық» деген сөз екен. Қосым інісі Құлатайды Шаянда қалдырып, өзі Әулиеатаға кетіп, сонда қоныстаныпты. Қосым бір-екі жылдан кейін Шаянға келіп Құлатайды Әулиеата қаласына жіберіпті. Сонымен Кеңес үкіметі орнағанша Қосым әулеті Шаянда, Құлатай Әулиеата маңында өсіп-өніп, өмір сүрген. Қосым ишанның бес ұлы болған. Сайд Мұхаммедтен (Құлатайдан): Абдулла қожа, Әбдурахим қожа, Құлжан қожа туған. Абдулла қожаның Ерман қожа, Қожам Падыша, Төре қожа, Айна қожа, Оспан қожа деген ұлдары болған. Біз Құлатайдың өзге ұлдарын таратпай Абдулла қожа жайлы әнгімелейік. Үшаралда Ошақтының қоңыры Абдулла би деген кісі өмір сүрді. Діндәр, тақуа кісі болатын. Ол кісінің көзін көрдік. Атамыздан Абдулла Ишан жайлы талай әңгіме естідік. Ишан – халық арасында сауат ашу, ғибадат айту қызметін атқарып жүрген діни сауатты адамға берілетін діни атақ. Ишан қазы, имам тәрізді лауазым болып саналмайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында, әдетте, Ишанның дәріс берілетін бегілі бір ауылдары болған. Ишан болу атадан – балаға өтетін мұрагерлік іс десе де болады.
Қазақ арасында атақты Ишандардың көпшілігі өз міндеттеріне дәстүр жалғастығы ретінде қараған. Дүниеден өткен Ишанның ұл баласы болмаған жағдайда, ауыл тұрғындары діни сауаты бар, халықтың сенімін ақтайтын басқа бір кісімен Ишан болу мәселесін келіскен. Қазіргі уақытта Ишандық қызметін ауыл имамдары атқарады. Имам: рухани жетекші тұлға – жамағат алдында намазды басқарушы, діни рәсімдерді жүргізуші тұлға. Араб тілінде «имам» сөзі «алға шығушы», «жетекші» деген мағынаны білдіреді. Қазақ қоғамында имам: мешіт басшысы, діни ілімді насихаттаушы, жамағаттың рухани жетекшісі қызметін атқарады. Имамдар көбіне – діни білім алған. Шариғат қағидаларын жетік меңгерген, халық арасында беделге ие адамдар болды. Имамның сөзі ел ішінде тәрбие құралы ретінде қабылданып, оның үгітнасихаты адамдарды имандылыққа, сабырлыққа, бірлікке шақырады. Ал енді иман дегеніміз – ислам дінінің негізгі ұғымдарының бірі. Араб тіліндегі «иман» сөзі «сену», «кәміл илану» деген мағынаны білдіреді. Діни тұрғыда иман – Аллаға, періштелерге, қасиетті кітаптарға, пайғамбарларға, ақырет күніне және тағдырға сену.
Қазақ дүниетанымында иман ұғымы тек діни сеніммен шектелмей, адамгершілік өлшеміне айналды. Халық арасында: «Иманды адам», «Иманы бар», «Имансыздық жасама» деген тіркестер кең тараған. Бұл ұғымдарда иман – адалдық, ұят, жауапкершілік, арождан сияқты моральдық қасиеттермен сабақтастырылады.
Осылайша, иман қазақ қоғамында рухани – этникалық категория ретінде қалыптасты. Осы категориялар ұлтымыздың рухани өлшемі болып келді. Ата-бабаларымыз иманға құдайдай сенді. Тәрбиелі болды. Өкінішке қарай осы күні имансыздық белең алып отыр. Абдулла би көкемнің әңгімесін естігенім бір, ол кісі жайлы кітап жазғанымда Ишанның бабалары жайлы жазып кеткендерін оқып, риза болғаным бар. Соның бірінде ол кісі Қосым мен Құлатай жайлы былай деп жазыпты:
– Қосым деген ишан насыбай атқан адамның мұрнын жырып, езуін тіліп тастайды екен. Оны Тәшкендегі Қоқанның ұлықтары естіп бекке айтыпты. «Қосым қожа өстеді» деп. «Бұл не сұмдық, рас болса дарға асыңыз» депті ақылшылары. Бек Қосымды жасауылдарымен өзіне алдыртыпты. Сол кезде оның немере інісі Абдулла Ишан жас бала екен, Қосымның қасынан қалмайтын көрінеді. Қасым кішкентай кітабын қолтығына қыстырып бекке келеді. Содан құзыры Алладан еш кем емес екі қазы Қосымнан істің жайын сұрап отырады. Сонда ол әлгі апарған кітапты ашып, бектің алдына қойыпты. Бек оны сол жердегі үлкен ғалымға беріп, «оқы» депті. Соны оқып шыққан ғалым қожа-молдаларға үш мәрте айқайлапты: «Ей, өсекшілер, жағымпаз, оңбағандар! Қарап жүрмей адал адамның қанын төге жаздапсыңдар. Мына кітапты Құдай да, Пайғамбар да насыбай атқан адамды кінәлі қылып, айыптайды. Сіз нағыз Құдайдың құлы, Мұхаммедтің үмбеті екенсіз. Ешкімнің мұрнын жырып, езуін тілмей-ақ қойыңыз. Алла оларға өз жазасын береді» депті.
Бек кешірім сұрап Қосымның үстіне шапан жауып, сый-сияпат көрсетіп қайтарыпты. Қосым ауылға келіп, ғалымның айтқанын істеп, бес уақыт намазын оқып жүре беріпті. Бір күні үйіне Әбибулла деген тағы бір алым келе қалыпты. Сол айтқан дейді: «бір патшаның үлкен дәрет шығаратын жерінен насыбай, темекісі шығыпты. Сонда ол жылапты: «Ей, Алла не жаздым» деп. Сөйтсе насыбай атады екен. Ғалымға жалынса, ақ жолын көрсетіп кеселден сауығыпты. Күндердің күнінде Қосым ишан шәкірті Абдулла қожаға барыпты. Оның әкесі Құлатай ишан өлгенде ол 13-14-те, інілері Әбдірайым 10-11-де, Ұлжан 7-8 -де жетім екен де әкеден жүздей мал қалыпты. Бір күні Қосым Ишан Абдулланы, Құлжанды, Әбдірайымды ертіп Құлатайдың кесеңесіне апарып, сол жерге үшеуі түнейді. Таңға жақын Қосым басындағы сәлдесін Абдулла ишанның басына кигізсе, ол оны жұлып алып бауыры Құлжанға кигізіпті. Сөйтсе бұл түс екен. Көрген түсін ишан екеуіне айтыпты. «Бақ, дәулет, білім-ілім Құлжанға ауды. Оның дәулеті басым болады екен, Әбдірайым мен Абдулла екеуіне сендерде құр қалмассыңдар, – депті.
Осы әңгімені Абдулла Ишаннан Орынбай қалпе естіді. Қалпе: халықтық ислам дәстүрінің өкілі. Қалпе (қалпе, қалпе молда) – қазақ және Орта Азия аймағына тән діни тұлға. Бұл атау көбіне сопылық бағытты ұстанған. Діни рәсімдерді қарапайым халыққа жақын түрде орындаған адамдарға қатысты қолданылған. Ол Абдулла Ишанның көзін көрді. Тәрбиесін алды. Соның ықпалымен Бұқарға барып, діни білім алып қайтты. Ошақтыға белгілі Сапақ датқамен сыйласты. Жаңабайдың болыс сайлануына қатысты, Садуақастың (Жалаңбас) жалындаған от екенін көрді. 1897 жылы Абдулла Ишанды Шымкенттен қолқалап жүріп көшіріп әкелісті. Тап, сол жылы ошақтылар мешіт салуға бәтуаласты. Онда Сиқымбай ат жалын тартып мінуге жарап қалса, Мәлікайдар мен Әбдімәлік жас балалар. Мешіт салу оңайға соқпады. Осы өңірдің жұрты құрылыс, оның ішінде ай күмбезді мешіт салып көрді дейсің бе... Сапақ бүткіл Әулиеата өңіріне сауын айтқызған.
Сондағы ойы – құрылысқа қажетті зат үшін мал я болмаса әр түтіннің шамасына қарай күміс теңге (ділдә) жинату. Әр ауылдың атқа мінерлері уәде берісіп: «Алла үйінен аяйтын ештеңеміз жоқ» деп кеткенімен, негізгі салмақ тұрғылықты халықтың мойнына түскен. Абдулла Ишан да Самарханнан Ислам есімді сарт бастаған құрысшыларды әспеттеп алдырған еді. Олар Орынбайдың үйінде жататын болды. Құрылысшылар Құмөзектің бойын зерттеп, Бозарықтың маңайынан кірпіш құятын саз топырақ бар екен деп қуанысты... Оны күйдіретін жыңғыл, шеңгел шабуға үлкен-кіші демей түгел қол ұшын берді. Істегендеріне ақы сұрайтын сарт емес. Асарлатқандарына мәз. Әсіресе Ермұханбет арбаға дайын болған шеңгелді өкірте тиеп, тіпті тыным таппайды. Қанша екені белгісіз, кірпіш құятын маңайға шеңгелді үйіп тастады. Ермұханбеттің елгезектігіне ризалық білдірген Абдулла Ишан:
– Қолыңды жай балам, – деп ақ батасын берді,
– Қызыр әлейкі салам шылауыңда болсын, – дей келе,
– Сенің екі ұл, үш қызың болады, – деп көріпкелдік танытып, (Шынында да Ишанның айтқаны деп келді). Әм 95 жасайсың, – деді.
Шынында да Ермұханбет қарияны 90 жасында өзімнің көзім көрді. Осы әңгімені сонда естідім.
– «Көп түкірсе – көл» дегендей, содан мешіттің құрылысы қызу басталып-ақ кетсін – Құмырсқадай қаптаған жұрт. Ең болмаса шеңгелін жағысады. Құмын тасып, балшығын илеседі. Әйтсе де жұмыс болған соң аратұра дау-дамай кездеседі. Ақша десе әбиірін де ұмытып кететін шеберлер де кездеседі. Оның үстіне тұрақты жұмысы жоқ жұртта қайдан ділдә бола қойсын. Ділдәсін уақтылы тауып бере алмаған Абдулла ишанға Ислам шебер ренжіп:
– Енеңді ұрайын сары пұшық, – деген зілденіп, – маған еңбекақыны ділдәмен төлеймін дегенің қайда. Үйіңде жамылатын көрпең де жоқ! Тегінде кісіні балағаттауды артық көретін, асыл затты Абдулла Ишан шебердің ренішін де ауыр қабылдап ашу шақырмады.
– О-о, Ислам әкә, – деді күліп, – еш қам жемеңіз. Менің түбі тесік қабым бар. Соның түбін жіппен мықтап тұрып байлаймын. Соған ел болып ділдә салар, сонымен есептесерміз.
Ренішті әңгіме Сапақ пен Орынбайларға жеткен.
– Қайта-қайта елге алақан жая берген де ыңғайсыз,
– Сапақ Орынбайды ақылға шақырды. – Төңіректегі қолының кірлері барлар түгел көмектесті,
– Орынбай ойлана сөйледі,
– Тек Өтеулі ғана үн-түнсіз отыр.
– Сол Өтеуліге бар. Алланың қаһарына ұшырағысы келмесе, қайыр-садақасын берсін. Орынбай жолыққаннан-ақ қипақтай бастаған Өтеулі Сапақтың сәлемін естісімен:
– Қырық биесі бар бір үйірлі жылқымды бүгін айдатып жіберемін, – деді әңгімені көпке созбай.
Е-е... бұл баяғы Жалаңбас Байзақтың немересіне үйленгенде қалың малын түгел көтерген Өтеулі бай емес пе? Иманды істен шеттеп жүргені – Жалаңбас оқиғасы... Қанша дегенімен ағайыны... Сөйтіп Абдулла Ишан да, Ислам бастаған шеберлер де Өтеулінің қырық қысырағының арқасында бір жырғап қалған. 1905 жыл мешіт құрылысы бітерден алты ай бұрын Сапақ бата жасап отырып Абдулла ишанға:
– Әй, ишан, сен осы мешіттің ішіне кіре алмайсың-ау, – депті деген сөз бар. Орынбайға қалпеге әрі имамдық тиген. Мешіт үйі ертең ашылады дегенде топ адам түнімен әруақтарға бағыштап құран оқыған екен, таң ата қалжырап көздеріне ұйқы дұшпан тығылып бәрі қалғып кеткен. Таңғы ұйқы қиын ғой. Сөйтсе, бір доңыз үлкейе-үлкейе өгіздей сары ит кейпіне еніп, дұға қылушыларды жайпап кетуге тілі салақтап, жан-жағына қарап жалақтап келе жатса керек, – дейді.
– Ей, Орынбай тұр! Фатиха сүресін оқы, – деп сақалы беліне түскен, ақ киімді қария Орынбайды аса таяғымен бүйірінен түртеді. Көзін ашып қалса, Құдайдың құдіреті шығыстан мешітті бетке алған әлгі ит тай-өгізге айналыпты. Әлде солай көрінген? Қалпе дереу малдастап отыра қалып сүрелерді біріне-бірін жалғастырып оқығанда әлгі сары ит жоқ болып кетіпті. Рас-өтірігін кім білсін. Абдулла Ишан шынында да мешіт ашылатын күні бақилық болса керек-ті. Жаназасын жұрт мешітте шығарды. Сапақ:
– Сары итің дінсіздер ғой. Алланың жолын қаншама терісітегенімен ислам дінін жер бетінен жоя алмас, – деп жорамалдаған көрінеді. Құдайдың құдіретін қарасаңызшы Абдулла Ишан мешіті ашылып жатқанда Тойшыманның үйінде іңгәлаған сәби үні естіледі. Жұрт әбігерге түсіп «сүйінші» сұрасып жатқан. Көптен құрсақ көтермеген әйелі ұл туған. Тойшыманның әйелі ошақты тасжүректің сейіті еді. «Жиеннің атын өзім қоямын» деген Орынбай қалпе:
– Мешіттің ашылу құрметіне Абдулла деп қояйық есімін, – деген, – Ишан жақсы адам еді. Абдулла – Алланың құлы болмақ. Сол Абдулла елу жыл өткенде төрт арыс ошақтының биі атанды. Сонда сол жылы 1906 жылы Абдулла дүниеге келген болып есептеледі. Олай болса Абдулла Ишан сол жылы қайтыс болғаны. Демек біреулер жазып жүргендей ол 1914 жылы өмірден өткен жоқ. Абдулла мешітіне имамдықты ұрпақтары жалғастырды.
Алдымен Айнақожа, содан кейін Асадуллақожа, соңғы жылдары Әбітханқожа мен Үсен қажы имам болып сайланды. Бұлардың ата-бабалары мың жылдан аса Орта Азия мен Қазақстанда өсіп-өніп, Қарнақтағы, Шаяндағы мешіт-медреселерді соғып, Ислам дінін насихаттады. Қосым және Құлатайдың ұрпақтары Абдулла мешітін соғардан бұрын осы күнгі Қызыләуіт, Майтөбе, Досбол ауылдарында кішігірім намазхандарды соғуға мұрындық болды. Үшарал ауылындағы Арал деп аталатын елді мекен мен Досболдың аралығындағы мешіттің қирандысын көзім көрді. Олардың барлығы өткен ғасырдың отызыншы жылдары бас ал десе, шаш алатын белсенділердің, қу сирақтардың кесірінен қиратылды. Сол жылдары Үшаралдан Сүлей молда мен Ақтөбеден Әбдірәсіл молда Абдулла Ишаннан білім алды.
Ұлы Отан соғысының қаһарманы Сымық Бертаев та алғашқы білімін сол жерде алғанын жазып кетіпті. Бір сөзбен айтқанда Әулиеата оның ішінде Талас өңірінде Абдулла Ишанның үрім-бұтақтары өсіп-өніп жатыр. Олардың арасынан мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты. Соның бір-екеуіне тоқталайық.
Әбдіхалықовтар әулетінен Одаққа танымал азаматтардың шыққанын білеміз. Жәлелидиннің баласыМақсұт қожа, Шахридинқожаның ұлы Үсен қажы осы әулеттен шықты. Ал Үсен қажы Алматыдағы, Ташкенттегі Ислам университеттерін бітіріп, Астана қаласындағы Нұр-Мүбәрәк мешітінің найб-имамы қызметін атқарып, өткен жылы қайтыс болды. Осы әулет он ғасыр бойы ислам дінін насихатттап қана қоймай, рухани білім берді, жергілікті халықтың сауатын ашты. Оны мойындау керек. Міне, рухани орталыққа айналған Абдулла мешітінің салынғанына 120 жыл толып отыр. Біраз жылдан бері атқарушы билік тарапынан мешітті тарихи-өлкетану мұражайы етіп қайта жаңғырту мәселесі көтеріліп жүр.
Шынында да сәулет өнерінің үздік үлгісін сақтап, болашаққа аманаттау керек-ақ. Оның жанынан Орынбай Қалпе атында мешіт үйі соғылуда. Жанында Саңырық батырдың кесенесі бар. Осынау нысандарды біріктіріп, ұлттық, патриоттық тәрбие орталығына айналдырса құба құп болар еді. Өткенсіз бүгін жоқ. Өткен тарихымызды ұмытсақ, болашақ сені зеңбірекпен қарсы алады деген тәмсіл бар. Өркендеген елдің барлығы тарихын түгендеп, тасына дейін тәу етіп, ұлыларын ұлықтап жатады. Сонда тарихың түгелденіп, көкірегіңе мақтаныш сезімі ұялап, қазақ екеніңе мақтанатын боласың.
«Мешіт–Алланың жердегі үйі», – дейді. Ендеше оны сақтап, тәрбиенің басты құралына айналдыру, бүгінгілердің міндеті. Жақында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев республикалық «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Тарихты ойыншыққа айналдырмау керек, тарихи деректерді бұрмалау, жалған ақпараттар таратып, халықты жаңылыстыратын тарихшы сымақтар пайда болған», – дей келе, шынайы деректерге құралған тарихты жазу керектігін атап көрсетті. Біз де нақты деректерге сүйеніп, Үшарал ауылындағы Абдулла Ишан мешіті жайлы ақиқатты айтуды жөн көрдік.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ
облыстың үздік биі,
Қазақстан Республикасының үздік өлке танушысы
Ұқсас жаңалықтар
Өмірден өтсе де, көңілден өшпейді
- 26 қаңтар, 2026
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




