«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бесағаштың ақсақалы Баймахан

Бесағаштың ақсақалы Баймахан
Автор
Жамбыл ауданында Бесағаш деген ауыл бар. Аталған ауылды спортшылар ауылы десек артық айта қоймаспыз. Әр екі үйдің біреуінен балуан шыққан. Бесағашта жастар түгілі зейнет жасына әлдеқашан шығып қойған ақсақалдар да дене шынықтырумен айналысады. Әсіресе 75 жастағы Баймахан Жұмаділов атамызға таңданбауға шүбәміз қалмады.

Баймахан ақсақал біз барғанда ауласында малына қарап, жұмыс істеп жүрді. Осы жасында қимылы ширақ, жеңіл, жылдам қозғалады. Ауыл мектебіне және мәдениет үйіне барып, оқушыларға салт-дәстүр, отбасы құндылығы, жас шаңырақтардың сыйластығы, тарих, өткеннің өнегелері бойынша әсерлі әңгіме айтатыны бар. Ақсақалды әңгімеге тарттық.

– Жас күнімізден еңбекпен егіз болдым, бейнеттен қашпадым. Автобустың жүргізушісі болдым. Техникаға бейім едім. Он жылдан астам уақыт Тараз – Сарыкемер бағытындағы автобус руліне отырдым. Жұбайым Күләшпен бірге 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірдік. Отбасы құндылығына терең мән бердік, ұл-қызымызға жақсы тәрбие бердік. Қазір 12 немерем бар. Ұлым Алмас та – көлік жүргізуші. «Камаз» көлігін айдайды. Қазір тапсырыспен алыс жолда жүр. Алмастан үш немере сүйіп отырмыз. Үйде қол қусырып отыра алмай, малға қарайтыным бар. 5 жылқы, 5 бұқа бордақылап отырмын. Жақында бордақыланған бір бұқаны 1 миллион 285 мың теңгеге саттым. Отбасым үшін осылай табыс та табамын. Малға қарап қимылдағаным – дене қозғалысы, денсаулығыма жақсы. Дене жаттығуымен де үздіксіз айналысамын. Жетпіс бес жасқа келсем де ширақпын. Бірнеше шақырымға жаяу барып келемін. Күн сайын мешітке намаз оқу үшін жаяу барып келемін. Оның бәрі – жаттығу. Жалпы, бірнеше ерекше жаттығулар жасаймын. Саусақ тіреп серпіліс жасап, жерден 60 рет серпіле аламын. Екі саусақты тіреп 30 рет, тек ғана бас бармақты тіреп 10 рет серпілемін. Шегенің үстіне, пышақтың қырының үстіне қолымды тіреп 10- 20 рет серпіле аламын. Осы қасиеттеріме кейде көршілерім, ауылдастарым таңғалып жатады. 75 жасымда мен солай жаттығамын. Ал жастарға ерте тұрып дене жаттығуын жасаңдар, таңертең жүгіріңдер, спортпен айналысыңдар деп кеңес берген болар едім. Спорт – денсаулық кепілі. Жасың ұлғайған кезде де сергек жүруің ол өзіңе байланысты. Ерте оянып сәл жүгіріп келіп, дене жаттығуын жасасаң, өзің пайдасын көресің. Жеңіл жүресің, қозғалысың ширақ болады. Бұл чемпиондар ауылы. Сондықтан осы жасымда кейінгі буынға үлгі болып жүрмін, – дейді ақсақал.

Бір шаңырақтан төрт чемпион

Аталған ауылдың әр көшесінде Әлем чемпионатының жүлдегерлері тұрады. Әлемді бағындырған саңлақтар бұл ауылдың қатардағы тұрғыны. Бір білетінім, Бесағаштың халқы таңдандырудан жалықпайды. Сол тұрғындардың бірі, танымал жаттықтырушы Ғабидулла (Ғабыш) Хабибуллаевтың шаңырағынан төрт чемпион шыққан. Оның мәнісін таратып айтатын болсақ, Ғабидулланың өзі 7 жасынан күреске барған. Еркін күрестен жасөспірімдер және жастар арасында облыс чемпионы атаныпты. Алматы дене шынықтыру және спорт институтын бітіріп, 1984 жылы аталған ауылдағы Абай орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қабылданады. Жапжас жігіт, жанып тұрған кезі. Бір жұмыспен шектелмей, аудан орталығындағы №12 балаларжасөспірімдер спорт мектебіне еркін күрестен жаттықтырушы болып орналасып, күреске бала дайындай бастады. Ұзақ жыл спорт саласында жаттықтырушы болған Ғабыштың ісі өз жемісін берді. 7 шәкірті әр жылдары жасөспірімдер арасында ел чемпионы атанды. Өзінің үш баласы күресті жандарына серік етті.

Атап айтқанда, Әмір Хабибуллаев қазақ күресінен Еуропа чемпионы атанса, Дамир Хабибуллаев қазақ, самбо күресінен халықаралық турнирлерде алтыннан алқа тағынды. Ал үшінші ұлы Дәулет қазақ күресінен жасөспірімдер арасында облыс чемпионы болып, ел чемпионатының күміс жүлдегері атанды.

Мемлекеттік қызметте жүрген қызы Айтолқын да волейболмен шұғылданады. Жұбайы Қарлығаш осы шаңырақтың берекесі.

«Осы ауылда туып, есейдік. Спортты таңдадық. Өз жұмысыма жауапкершілік таныттым. Сондықтан болар, балаларым да күреске барды, жолымды қуды. Оған шүкіршілік етемін. Спорт деген – тазалық, денсаулық. Дене шынықтыруға көңіл бөлген жігіт ішімдік, темекі атаулыдан аулақ жүреді. Жақсы істерге көңіл бөледі. Отағасы ретінде ұл-қыздарыма ауыл тарихын, белгілі адамдарының өмір жолын айтып, үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болу керектігін ескертіп отырамын. Отбасындағы құндылық деген әке, ана мен баланың түсінісуі, ынтымағы, бірлігі, тағылымды тәрбиесі деп ойлаймын. Осы ауылда талай іскер, елдің бірлігін ойлаған азаматтар болды. Аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Бейсембиев, мектепті ұзақ жыл басқарған Жетпіс ағаларымыз ауылдың ынтымағын ыдыратпай, жақсы атының шығу жолында тер төкті. Сондықтан ауылымыздың көкпар, қазақ күресі, асық ату бойынша даңқы кеңге жайылып тұр. Мектептің білімі мен тәрбиесі өз алдына, мешітімізде де имандылыққа шақыру бағытында ұлттық құндылыққа негізделген іс-шаралар да өтіп тұрады. Оған ауыл ақсақалдары да шақырылып, тілектерін айтып, бата беріп жатады. Мұның бәрі кейінгі толқынға тәрбие деп ойлаймын. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, Бейбіт Ыстыбаев ең алғаш «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы атанған кезде алғаш болып ауылымыздағы Абай орта мектебі қонаққа шақырды. Ондағы мақсат – балаларға әсер сыйлау. Болашақта чемпион болсам деген арманына қанат бітіру. Мұндай іс-шаралардың барлығы елдің елдігін, ауылдың бірлігін танытады. Айта берсек, ондай ерекше сәттер, әсерге толы кездесулер өте көп. Алдағы уақытта да кейінгі толқындар Бесағаштың ғана емес, еліміздің мерейін көтере береді деп сенемін», – дейді чемпиондардың әкесі.

Келіндері әлемнің күміс жүлдегері

Бесағаштың жетістіктерін бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Отбасы құндылығына қатысты да ақпараттар жетерлік. Жігіттерінің қандай екенін жоғарыда айттық. Бұл елді мекеннің келіндеріне дейін күрес кілемінен алшақ кетпеген. Олар құт қонған ауылдың абыройын көтере түсуде. Солардың бірі – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Арайлым Шегенова. Біз Арайлымды үйінен жолықтырдық. Ерте оянып отбасының бітпейтін жұмыстарына кірісіп кеткен екен. Ол спорт саласында балуан болғанымен, әулетте – келін. Анасынан үйренген тәрбие бойынша, ауыл адамына тән жұмыстың бәрін істеген. Сиыр сауып, құрт жайған. Ет асып, күбі піскен. Жолдасы Алдияр Есімбаев та спортшы, балуан, көкпаршы. Арайлымнан спортқа қалай келгені туралы да сұрадық. Ол өзінің өмір жолы, спортқа басқан қадамдары туралы айтып берді.

– Байзақ ауданы, Аққия ауылында дүниеге келдім. 9-сыныптан бастап жасөспірімдер арасындағы түрлі жарыстарға қатысып, күресе бастадым. Жеке бапкерім Қайролла Лұқпанов ағай еді. Ол кісі маған үлкен сенім артты. Менің икемімді байқаған бапкер ағайларым қазақ күресі ғана емес, дзюдо, самбо күрестерінің де қыр-сырларын үйретті. Күрестің осы үш түрінен де спорт шебері дәрежесін орындадым. Содан кейін халықаралық турнирлерге шыға бастадым. Қазақ күресінен бір рет, самбо күресінен үш рет Азия чемпионы атандым. Азия чемпионатын төрт рет ұту – үлкен жетістік. Самбо күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атандым. 2018 жылы Алдияр есімді осы ауылдың азаматына тағдырымды тапсырып, тұрмысқа шықтым. Алты жыл ата-енемізбен бірге тұрдық. Алты жылдан кейін үлкен әжемізді қолымызға алып, бөлек шықтық. Екі қыз, бір ұлымыз бар. Ата-енеммен бірге тұрған кезде сиырды да саудым, құртты да жайдым. Ауылдың келіні атқаруға тиіс міндеттерді әлі де атқарамыз. Ол – отбасындағы, әулеттегі өз жолымыз. Әулеттегі абысындар, жас келіндер татумыз. Тату болыңдар деп бағыт беріп отыратын әжелер бар, үлкендер бар. Біздің ауылда үлкен кісілердің ынтымағы, отбасы құндылығы жөнінде жас отбасыларға берер ақыл-кеңесі мол. Сондықтан ауылдың берекесі артып тұр. Бесағаш ауылынан жаңадан ашылған спорт мектебінде қазақ, самбо күресінен жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Спорттан да алыс кеткен жоқпын, – дейді ол.

Алтын келін

Ақтолқын Бесағаштың тағы бір чемпион келіні Ақтолқын Смағамбетованы да үйінен кездестірдік. Чемпионмын деп шіреніп тұрған ол жоқ, таң азанымен газға тәттілер пісіріп жатыр екен. Біздерге көңіл аударып көрсеткен ізетінен, анасынан жастай алған тәрбиесінің де мол екенін байқадық. Өзі Жамбыл ауданы, Ащыбұлақ ауылының қызы екен. 8-сынып оқып жүрген кезінен бастап, Аса ауылына келіп, аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде үздіксіз жаттыққан. Дзюдо күресінен Қуат Қанаев ағайы жаттықтырса, самбо күресінен Ержан Баймұратов ағайы баптаған екен. Тараз қаласындағы «Динамо» спорт клубында да алаңсыз жаттыққан жылдары кейінірек өз жемісін берді. Университетте де дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын бітірген. Оқып жүріп жасөспірімдер арасында, студент кезінде жастар арасында талай республикалық, халықаралық турнирлерде алтын жүлдені иеленген. Ересек қыздар арасында самбо күресінен бес дүркін Азияның чемпионы, Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері. Дзюдо, қазақ күрес, белбеу күрестен спорт шебері.

Жұбайы Сайфулла Хабибуллаев та – спортшы. Самбо күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионатының күміс жүлдегері, көкпаршы. Қазіргі таңда төтенше жағдай саласында қызмет атқарады.

«Жастардың жайнап, жарасып жүргені жақсы ғой. Ақтолқын келінім үйімнің берекесі, алтын шуағы. Мен келіндеріме ризамын. Осы жаста біздікі жастардың тілеуін тілеу, жақсы сөз айту, келіндерге үлгі болу», – дейді чемпионның енесі Қасиет апамыз.

Чемпион келін Ақтолқын Бақтыбекқызының айтары да аз емес.

– Бұл ауылдың спорттан атының дүркіреп шығып тұрғанын бұрыннан білемін. Сол жақсы ауылдың жақсы келіні болуға ұмтылып жүрмін. Әлі үлкен кісілерден, абысындарымнан үйренетінім көп. Бастысы, жұбайым Сайфулла мені түсінеді, мен оны түсінемін. Екі ұл, үш қыз тәрбиелеп отырмыз. Жұмысымнан да қол үзген жоқпын. №68 мектеп-гимназиясында дене тәрбиесі пәнінен сабақ беремін, №42 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен жаттықтырушымын. Педагогика ғылымының магистрімін. Мен жұмысқа кеткен кезде кішкентайларыма енем қарайды. Немерелерін еркелетіп, біз жұмыстан келгенше мәре-сәре болып отырады. Енді осы ауылдан әлем, Олимпиада шыңдарын бағындыратын чемпион қыздарды тәрбиелеп шығарсам деймін. Алдағының бәрін уақыт көрсетеді, – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

Ұқсас жаңалықтар