«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз ба?

Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз ба?
Автор
Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бүгінде белсенділігі жоғары. Соның бірі – Т.Рысқұлов ауданындағы Ә.Бөкейханов атындағы орта мектеп. Мұндағы ұйымға мектеп қызметкерлері толық мүше болып енген. Осы білім мекемесіне «Халың қалай, бастауыш ұйым?» акциясымен барған Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков мектеп ұжымымен еркін форматта кездесу өткізді.

Алдымен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Бекібаева мектепте атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Оның айтуынша, мұнда кәсіподаққа 241 адам мүше. Мұның 191 мұғалім болса, 50-і кіші қызметкерлер. Жаңа оқу жылында жұмысқа қабылданған 5 мұғалім мен 2 кіші қызметкер бастауыш кәсіподақ ұйымына кіруге өтініш берген. Жыл ішінде 13 білім қызметкеріне шипажайларға жолдама берілсе, туристік саяхаттарға және Алакөл мен Ыстықкөл жағалауларында демалу мүмкіндігіне 11 кәсіподақ мүшесі ие болған. Мектеп ұжымымен кездесуде Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт аясында бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысына тоқталып, бұл кездесу маңызды кездесу болғанын атап өтті.

– Сіздермен кездескендегі білгіміз келетіні біз дұрыс бағытта келе жатырмыз ба, шешілмеген қандай мәселе бар, назарымыздан қалып қойған не бар? Соны білу. Бірлесе жұмыс істеп, алдымыздан кездескен мәселені көп болып шешу. Бүгінгі кездесудің де еркін форматта ұйымдастырылуы сондықтан. Ал 2024- 2026 жылдары қабылданған, 2012 жылдан бері әбден жетілдірілген Ұжымдық шарт туралы айтар болсам, көп шаруа атқарылды. Бүгінде онда көзделген барлық нормалар жүзеге асырылуда. Оның игілігін өздеріңіз көріп жатырсыздар. Ұжымдық шартты ашып қарасаңыздар, әркім өзін табады. Онда әлеуметтік кепілдіктер құжат жүзінде жинақталып, облыстық білім басқармасымен бірлесе жүзеге асырылуда. Мұның ішіндегі нормалардың заңдық күші бар, – деді Ерұлан Сәбенұлы.

Келесі кезекте төраға орынбасары Жанболат Орынбеков сағат жүктемесінің бөлінісі, үйде оқытылатын баламен жұмыс талаптары, салық кодексіне енген өзгерістер мен басқа да әлеуметтік мәселелер бойынша түсінік беріп өтті. Ал мектеп директоры Шолпан Дайрабаева мектептің инновация бағытында жұмыс істейтінін, ардагерлермен тығыз байланыс орнатылғанын, түрлі іс-шараларға ұжым мүшелері белсене қатысып отыратынын айтты.

Жиын барысында ұжым мүшелері өз ұсыныстарын білдіріп, сауалдарын ашық қойып, жауап алды. Мәселен, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Майра Мұсабекова педагог-шебер ұстаздар және директордың орынбасарлары басшы лауазымына конкурссыз қабылданса деген ұсыныс тастады. Ал қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдат Ерқонысова үйде оқытылатын балаларға қатысты жалақының төлеміне қатысты мәселені қозғады. Бұл сұрақтарға төраға орынбасары Жанболат Орынбеков заң шеңберінде жауап берді. Жиынды Т.Рысқұлов аудандық комитеті филиалының төрағасы Айнұр Баймұратова қорытындылап, бастауыш кәсіподақ ұйымы белсенділерін марапаттады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар