Аталған пленумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Ұжымдық шарттағы көрсетілген міндеттердің орындалуы, қоғамдағы рөлі жайлы аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Самылтыров баяндама жасап, әлеуметтік әріптестік аясында жүзеге асырылған жұмыс барысына тоқталды. Ол білім саласындағы кіші қызметкерлерге қосымша ақы төлеу, осы Ұжымдық шарт аясында шешілгенін, бүгінгі күні бір реттік коммуналдық төлемге қол жеткізу әріптестік байланыс шеңберінде жүзеге асырылғанын атап өтті.
– Өкінішке қарай, бүгінгі күні ауданда жоғарғы органға арыз-шағым жазушылар азаймай отыр. Бұл ең алдымен мектеп жұмысына, білім саласына өз зиянын тигізуде. Қандай арызшағым болса да ол ең алдымен сол ұжымда, бастауыш кәсіподақ ұйымында қаралуы керек. Онда келісу комиссиялары жұмыс істейді. Ал аудандық комитетте құқықтық инспекторлардың көмегіне жүгініп, ұжымда туындаған мәселені келісіп, бірлесе шешу жағын дамыту қажет. Бұл жерде мекеме басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдары бірлесе жұмыс істеуі керек. Ең алдымен мекемелерде осы жұмысты дамыту қажет деп есептеймін, – дейді Бауыржан Қуанышбекұлы.
Ал аудандық комитеттің өткен жылы атқарған жұмысының барысы туралы филиал төрағасы Айнұр Баймұратова баян етті. Аудандық білім қызметкерлері кәсіподағының құрамында 60 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 7 кәсіподақтық топ бар. Ал мұндағы кәсіподақ мүшелерінің саны – 4505 адам. Жалпы комитет тарапынан өткен жылы көп жұмыс атқарылып, бірқатар мәселе өзінің оң шешімін тапқан. Бірақ шешімін күткен мәселелер де бар екені айтылды. Оның бірі – техникалық қызметкерлерге, дәлірек айтсақ еден жуушыларға қатысты. Бұл мәселені жиын барысында басқа да азаматтар көтерді. Яғни, еден жуушы өзіне бекітілген аумақтан бөлек, мектеп ішіндегі әжетханаларды да қоса тазалайды. Осы жұмысты атқарғаны үшін жалақысына бар болғаны 8 мың теңге қосылады екен. Педагогтер жиында білім мекемелерінде әжетхана тазалығына жауапты болатын бір бірлік штат сұрап, ұсыныс жасады. Сондай-ақ үйде оқытылатын, инклюзивті баланы оқыту үшін біліктілік курсынан өтудің қаншалықты қажеттілігі бар екені жайлы сөз қозғап, мектептерде лудоманиямен жұмыс істейтін мамандарды тарту жайлы мәселе көтерді. Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің директоры Ақбота Стыбаева, Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейдің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Қанат Түзелбаев пен білім саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ануарбек Тұрманбетов көтерген бұл мәселелер әріптестері тарапынан қолдау тапты.
«Соңғы кезеңде әлеуметтік желіде «Кәсіподақ кімге керек? Ол шипажайларға жолдама берумен, жаңа жылда тәтті таратумен шектеліп жатыр» деген теріс пікір қалыптасып отыр. Өз басым бұл кәсіподақ жұмысынан хабары жоқ адамның сөзі, әрі дұрыс пікір емес, оны біз жақсы білеміз. Кәсіподақ ұйымының еңбек адамының мүддесі үшін жасап жатқан жұмысы, Ұжымдық шарт шеңберінде шешілген, шешімін тапқан мәселе көп», – деп атап өтті сөзінде Қанат Түзелбаев.
Жиынды қорытындылаған жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Ұжымдық шарт аясында 2012 жылдан бергі уақытта әлеуметтік әріптестік байланыс аясында кезең-кезеңмен шешімін тапқан мәселелердің аражігін тарқата отырып, баяндап берді.
– Маған дейін сөйлеген азаматтар кәсіподақ туралы пікірі алабөтен, олардың ұстанымымен келіспейтіндігі туралы жақсы айтты. Дегенмен біздің жұмыс сіздердің көз алдарыңызда. Ұжымдық шартта көзделген нормалар барлық ауданда жергілікті әлеуметтік әріптестік аясында жұмыс берушілер тарапынан орындалуда. Біздің бір ғана міндетіміз бар – ол еңбек адамына жағдай жасау. Жаңа ауданда арызшағым көп екені айтылды. Жылына шамамен 11 мыңнан аса арыз-шағым түссе, оның 97 пайызы мәмілемен шешіледі. Дегенмен бүгінгі жиында бірқатар мәселелер көтерілді. Сіздердің ол сауалдарыңызды алдағы уақытта зерделеп, облыстық білім басқармасына ұсыныспен шығып, зерттеп көретін боламыз, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Жиын барысында қаулылар қабылданып, 2026 жылдың қаржылық сметасы бекітіліп, кездесу соңы марапаттауға ұласты.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жасанды интеллект стратегиялық таңдау
- Бүгін, 19:03
Цифрландыру дәуіріндегі әділеттің жаңа келбеті
- Бүгін, 18:35
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




