Сонымен бірге азаматтарымыз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін бұл реформаны қолдайды деп сенімін білдірген болатын.
«Мен өткен жылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан биылғы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай береді. Біз білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға әрдайым айрықша назар аударамыз», – деді Президент.
Осыған орай біз де біздің өңірдің цифрландырылуы қалай жүзеге асырылып жатқанын білу үшін облыстағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Тоқтағұл Батырханды сөзге тартқан едік.
Айта кету керек, облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2025 жылы мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңа деңгейге көтерді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсету саласы қоғамның дамуымен қатар өзгеріп, жаңарып келеді. Халықтың сұранысы артқан сайын көрсетілетін қызметтің сапасы, жылдамдығы мен қолжетімділігі де басты назарға алынған десек артық айтқандық емес. Осы бағытта облыстағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өңірлік филиалы жүйелі жұмыстар атқарып, нақты нәтижелерге қол жеткізді. Филиал директоры Тоқтағұл Батырханның айтуынша, өткен жыл мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен халыққа жақындату тұрғысынан маңызды кезең болды.
«Біздің негізгі мақсатымыз – азаматтардың мемлекеттік қызметке деген сенімін арттыру. Ол үшін ашықтық, жеделдік және қолайлылық қағидаттарын басты орынға қойдық», – дейді филиал басшысы.
Кең ауқымды инфрақұрылым, кәсіби кадрлар
Бүгінде облыс бойынша филиалда 1094 қызметкер еңбек етеді. Бұл – өңір тұрғындарына үздіксіз қызмет көрсетіп отырған үлкен ұжым. Халыққа қызмет көрсету инфрақұрылымы да жылдан-жылға кеңейіп келеді. Облыс аумағында 18 халыққа қызмет көрсету бөлімі жұмыс істейді. Оның ішінде заманауи форматтағы 4 New CON, қалалық және аудандық ХҚКО-лар, мамандандырылған бөлімдер бар.
Мемлекеттік қызметтер тізілімінде 1448 қызмет түрі болса, соның 91,8 пайызы мемлекеттік корпорация арқылы қолжетімді. Бұл – «бір терезе» қағидатының тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіш.
Платформалар – уақыт үнемдеу құралы Былтыр филиалдың фронт-офистері арқылы 759 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда азайғанымен, оның басты себебі – электронды қызметтер үлесінің артуы. «Азаматтар ХҚКО-ға келмей-ақ, көптеген қызметті онлайн ала бастады. Бұл – цифрлық қоғамға бет алғанымыздың айқын дәлелі», – дейді Тоқтағұл Батырхан.
Өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы 637 мыңнан астам қызмет көрсетілуі – тұрғындардың цифрлық дағдылары қалыптасып келе жатқанын аңғартады. «Connection point» аймақтары әсіресе ауыл тұрғындары үшін үлкен көмекке айналды. Халық арасында ең көп сұранысқа ие қызметтер қатарында жеке куәлік пен төлқұжат беру, көлік құралдарын тіркеу, электронды цифрлық қолтаңба алу және жүргізуші куәлігін рәсімдеу бар. Бұл қызметтердің басым бөлігі бүгінде онлайн форматта қолжетімді.
Мемлекеттік қызметтерді «ЦОН» және «eGov mobile» қосымшалары, сондай-ақ банктердің цифрлық платформалары арқылы алу мүмкіндігі азаматтардың уақытын айтарлықтай үнемдеп отыр.
Әлеуметтік саладағы жауапты міндет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жүйесінде де маңызды рөл атқарады. Облыста 335 мыңнан астам зейнетақы және жәрдемақы алушы тіркелген. Былтыр әлеуметтік қамсыздандыру саласында 115 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Оның ішінде проактивті форматтағы қызметтердің үлесі айтарлықтай артты.
«Проактивті қызмет көрсету – мемлекет пен азамат арасындағы жаңа қарым-қатынастың көрінісі. Азамат өтініш білдірмей-ақ өзіне тиесілі төлемді алады», – деп атап өтті филиал директоры.
2026 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақылардың 10 пайызға өсуі өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды шешім болды.
АХАТ – салтанат пен сапа үйлесімі
Азаматтық хал актілерін тіркеу қызметінің мемлекеттік корпорацияға берілуі де оң нәтижесін көрсетті. 2025 жылы бұл бағытта 54 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Туу, неке қию, некені бұзу және қайтыс болуды тіркеу қызметтері жаңартылған форматта жүзеге асырылуда.
Салтанатты неке қию және туу туралы куәлікті табыстау рәсімдерінің көбеюі азаматтардың мемлекеттік қызметке деген көзқарасын өзгертті.
Жер мен мүлік саласындағы цифрлық серпін
Жылжымайтын мүлік пен жер кадастры бағытында 2025 жылы 159 мыңнан астам қызмет көрсетілді. ЖМБМК жүйесінің енгізілуі жер және мүлікке қатысты мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етті.
«Цифрлық кадастр – әділдік пен сенімділіктің негізі. Бұл жүйе адам факторын азайтып, қызмет көрсету сапасын арттырды», – деді Тоқтағұл Батырхан.
Электронды тіркеу жүйесі арқылы азаматтар ХҚКО-ға бармай-ақ нотариус пен банк арқылы мүлікті тіркеу мүмкіндігіне ие болды.
Болашаққа бағытталған жоспарлар
2025 жылы NEW CON форматындағы жаңа орталықтар ашылып, халыққа қызмет көрсету сапасы артты. Ал 2026-2027 жылдары Тараз қаласында жаңа мамандандырылған ХҚКО ашу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар мемлекеттік қызметтерді өңір тұрғындарына бұрынғыдан да жақын етпек.
Түйіндей айтқанда, облыстағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалы мемлекеттік қызметтерді жаңғырту, цифрландыру және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Бұл – халық сеніміне негізделген жүйелі еңбектің нақты нәтижесі.
Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




