«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Анам сияқты мұғалім болуды армандадым

Анам сияқты мұғалім болуды армандадым
Автор
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген дана Абайдың сөзін өз ісіне адал берілген мұғалімдердің іс-әрекетінен анық байқаймыз. Талас ауданындағы ардагер ұстаздардың бірі – Күләш Бұйраева сегіз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана және бастауыш сынып мұғалімі ретінде де жас ұрпақтың саналы тұлға болып өсуіне орасан үлес қосқан жан. Ол мектептегі оқушыларына өз балаларындай қамқорлықпен қарағаны соншалықты әрбірінің білімге деген құштарлығын өзінің болмысына қарай арттырудың әдісін тапқан. Өзінің ізін қуып, бастауыш сынып мұғалімі болған қызы Сәуле Қалаубектің айтуынша, анасы кейбір оқушыларына сабаққа жақсы қатысуы үшін күнделікті тиын беріп отырыпты. Ұстаздың оқушысына деген нағыз жанашырлығы, қайткенде де білім мен тәрбие берудің жолын тапқан ұлағаттылығы осы емес пе?

Сол ұстаздық қасиеттің әсерінен де болар, Күләш Бұйраеваның балалары да осы саланы таңдады. Ұлдары дене тәрбиесі, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімдері болса, қызы Сәуле Қалаубек анасының жолымен жүріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын таңдапты. – Ата-анамыз біздің жақсы тәрбие, сапалы білім алып өсуімізге бар жағдайды жасады. Соның әсері болар, біз кішкене күнімізден анамызға еліктеп, мұғалім болуды алдымызға мақсат еттік.

Анамыз мәдениетті жүріс-тұрысымен, әдепті сөз саптауымен, тіпті жарасымды киінуімен де бізге үлгі көрсетті. Үйде анамызға, ал мектепте өзімізге сабақ берген ұстаздарымызға еліктеуші едік. Сыныпта диктант және бақылау жұмыстары алынғаннан кейін апайымыз дәптерімізді жинап алып, саусағымен қысып, жоғары көтеріп тұрып санағаны маған қатты ұнайтын. Дәл сол әрекетке қатты қызығатынмын. «Өскенде мен де апайым сияқты мұғалім боламын» деген мақсат сол шақта-ақ санама ұялады. Шүкір, мақсатыма жеттім, өзім де алдыма білім-тәрбие алуға келген балаларды әдемі де әдепті әрекеттеріммен қызықтыруға барымды салып жүрмін.

«Бала – біздің айнамыз» деп халық бекер айтпаса керек, үлкендердің, әсіресе ата-ана мен мұғалімдердің әрбір әрекеті, сөзі жеткіншектердің санасына сіңіп, болашақ өміріне жол салады, – дейді Сәуле Үшкемпірқызы.

Ол өзінің өмір жолына анасы мен мектептегі апайының іс-әрекеті бағыт сілтегенін естелік әңгімелерімен жеткізді. Ауылдағы орта мектепті бітіргеннен соң бала күнгі мақсатына жету үшін Жамбыл педагогикалық институтының «Бастауыш сынып мұғалімі» факультетіне оқуға түседі. Оны тәмамдағаннан кейін туған жері Ақкөл ауылындағы орта мектепте еңбек жолын бастайды. Одан кейін Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы мектепте жұмыс істейді. Бүгінде еңбек өтілі 31 жылды құраған педагог аудандық білім бөлімінде бастауыш сынып мұғалімдерінің әдіскері қызметін атқарып жүр.

– Былтыр мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған оқушыларым Ақкөлге арнайы шақырды. Керемет кеш ұйымдастырылды. Арада қанша жыл өтсе де, оқушыларымды жазбай таныдым. Бәрі де білімді де тәрбиелі азамат болып өскендеріне сүйсіндім. Бір ғана кешпен шектелмей мешітте дастарқан жайып, дүниеден өткен достары мен ұстаздарына арнап Құран оқытты. Ауылға жаңа спорт алаңын салып, көшеге үлкен Led экран орнатып беріпті. Ал кешкісін мейрамханада бас қостық. Кездесу кеші өте жақсы өтті. Шынымды айтсам, шәкірттерімді көріп, рухани тұрғыда демалып, өзім оқытқан балалардың азамат болғанына марқайып қайттым. Ал сол күні қара шаңырақта отырған анамды құттықтау үшін мектепті бітіргендеріне 50 жыл толған шәкірттері келіп, анама құрмет көрсетті. Бүгінде 85 жасқа келіп отырған анам да өзін іздеп келген оқушыларын көріп, бір жасап қалып еді, – дейді Сәуле Қалаубек.

Жас ұрпақты оқытып, тәрбиелеуде еңбек етіп жүрген Қалаубековтер әулетінің отағасы сауда саласында жұмыс істеген. Алайда балалары аналарының жолымен жүріп, бәрі педагогтық қызметті атқарып жүр. Тіпті Күләш әжей мен Үшкемпір атайдың немерелері де бүгінде білім беру саласында педагог қызметін атқаруда.

– Анамыз сегіз баласын қалай өсірсе, алдындағы балаларға да солай қарайтын. Бізден бір-екі жас үлкендігі бар Ардақ Еркебаев деген оқушысына анам сабақтан қалмауы үшін күнде 20 теңге беріп отыратын. Ол да қазір азамат болды. «Апайымның күнде берген жиырма теңгесінің арқасында жақсы білім, саналы тәрбие алып шықтым» деп ризашылығын білдіріп жүреді. Анамыздың жолын қуып, білім саласында еңбектеніп жүрген шәкірттері де көп. Оларды жұмыс барысында талай кездестіріп, алғыстарын естіп жүремін. Қазір қара шаңырақтағы Досан бауырым мен Гүлнұр келінім де мұғалім. Досан дене шынықтыру пәнінің мұғалімі әрі күрестен аудандағы түйе палуанның бірі. Қазірде оның дайындаған шәкірттері «Қазақстан Барысы» және басқа да жарыстарға қатысып, олжалы оралып та жүр. Ал келінім Гүлнұр «Өнер» мектебінде жас ұрпақты өнерге баулиды, – дейді Сәуле Үшкемпірқызы.

Мұғалімдер отбасының өнегесін ауылдастары да мақтан етіп айтады.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Талас ауданы

Ұқсас жаңалықтар