«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұжымдағы ахуалды кәсіподақ реттеп отырады

Ұжымдағы ахуалды кәсіподақ реттеп отырады
Автор
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері Жергілікті кәсіподағының Мойынқұм аудандық комитетінің ІV Пленумы өтті. Қарабөгет елді мекенінде жаңадан салынған Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектебінің мәжіліс залында өткен жиынға Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков, аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері және бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары қатысты.

Пленумда аудандық білім бөлімінің басшысы Мәлік Мұқашев әлеуметтік әріптестік жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы баяндап, алдағы уақытта да арадағы әріптестік байланыстың арта түсетіндігіне сенім білдірді. Ал аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақтияр Махамедов 2025 жылы атқарылған жұмыс барысына тоқталды. Бүгінгі күні ауданда 24 мектеп, 15 бөбекжай бақшасы мен 7 қосымша білім беру мекемесінде 46 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Ондағы кәсіподақ мүшелерінің саны 2382 адам.

Аудандық кәсіподақ ұйымының жұмысы негізгі алты, атап айтқанда әлеуметтік әріптестік, құқықтық қорғау, ақпараттық әдістемелік, мәдени-ұйымдастырушылық, кәсіподақтың жастар қанатының жұмысы мен қаржылық есептілік бағыттары бойынша жүзеге асырылуда. Құқықтық қорғауды нығайту – кәсіподақты дамытудағы маңызды бетбұрыс екені мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі», – деп атап өткендей, бүгінгі кәсіподақ әлеуметтік қатынастарды қалыптастыруда, еңбекшілердің құқықтық сауаттылығы мен белсенділігін арттыруда, еңбек дауларын реттеуде, қолдауда өз миссиясын орындап келеді.

Атап айтсақ, кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау құқықтық инспектор арқылы жүзеге асырылуда. Мәселен, өткен кезеңде аудандық білім бөліміне бағынышты білім беру мекемелерінде Қазақстан Республикасы еңбек заңдылығының орындалуын бақылау бойынша 45 тексеріс жүргізіліп, заң бұзушылықтың 95 жағдайы анықталған. Жалпы ол кезеңде кәсіподақ мүшелеріне 825 құқықтық кеңес берілген. Ал өткен жылы кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған немесе төленуге тиісті қаржы 2759081 теңгені құраған.

Бұдан бөлек, ауданда кәсіподақ мүшелерінің демалысы мен сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру көрсеткіші де артып отыр. Атап айтсақ, өткен жылдың сауықтыру кезеңінде 184 кәсіподақ мүшесі сауықтырылған. Кәсіподақ мүшелері Түркістан қаласына туристік саяхатпен барса, 76 педогогикалық қызметкер Алакөл мен Ыстықкөл жағалауларында демалған. Ал кәсіподақ мүшелеріне отбасылық және денсаулығына байланысты берілген материалдық көмек 2340000 теңгені құраған.

Жарыссөзге шыққандар аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Қ. Сәтбаев атындағы орта мектептің тарихшысы Мақсұт Омаров педагог мәртебесіне тоқталып, білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін білімді маман керектігін айта келіп, кәсіподақ жұмысына тоқталды. «Бүгінгі күні мені алаңдатып отырған мәселе, ол – кәсіподақтың жағдайы. Кәсіподақ саяси партиялар сияқты бір мемлекеттің мүддесін қорғайтын ұйым емес, ол әлемдік ұйым. Өкінішке қарай кәсіподаққа себепсіз деверсия жасаушылар көбейді. Бізде бір қызметкер: «Кәсіподақтан шығамын. Ол бізге не беріп жатыр? Біздің жарнамыз қайда кетіп жатыр?», – деп шу шығарған еді.

Өзін жеке шақырып алып, кәсіподақтың Ұжымдық шарт негізінде атқарған жұмысын қадап, одан өз үлесіне тиіп отырған қаражатты тиынына дейін санап бердім. Қателескенін, өзгелердің сөзіне еріп қалғанын түсінді. Осыдан түйгенім ұжымдағы ахуалды бірденбір ұстап тұратын, ол – кәсіподақ төрағалары», – деп атап өтті. Басқа да ойларымен бөлісіп, соңғы жылдары оқушы санының азаюы сынып санының қысқаруы мен мұғалім санының кемуіне әкеліп отырғанын, осының салдарынан елдің ауылдан көшуі белең алғанын қынжыла сөз етті. Ал О. Жандосов атындағы орта мектеп директоры Гүлжанат Манашева мен №1 орта мектебінің директоры Нұркен Пернебаев өз мектептеріндегі жұмыс барысымен таныстырды. Ұжымдық шарт аясына жеке дара тоқталды. Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков өз сөзінде өткен жылды қорытындылай келіп, кәсіподақ мүшелерінің бұзылған құқықтары мен бірнеше ауданда жүзге жуық есепшіге төленген төлемнің заңды екендігі сот отырыстарында дәлелденуі «Ұжымдық шартқа» деген күмән сейіліп, сенімді арттыра түскенін айтты.

Дегенмен алдағы уақытта атқарылар жұмыстың, істейтін істің мұнан да аз болмайтындығын, кәсіподақ мүшелерінің өздеріне артқан сенімін еңбекпен ақтайтынын жеткізді. Жиында күн тәртібіне қойылған мәселелер қаралып, қаулылар қабылданды. Жаңа жұмыс жоспары бекітілді. Пленум соңы марапаттауға ұласты.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Мойынқұм ауданы

Ұқсас жаңалықтар