«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ата, ақтан құйып қояйын ба?..» немесе тойханада жүрген жап-жас даяшылардың әрекеті сізді ойландыра ма?

«Ата, ақтан құйып қояйын ба?..» немесе тойханада жүрген жап-жас даяшылардың әрекеті сізді ойландыра ма?
Ашық дереккөз
«...Қайбір күні Тараз қаласындағы толып жатқан тойханалардың бірінде тойда болдым. Ой, сұмдық-ай, даяшы болып жүрген қыз-жігіттердің дені өрімдей балалар. Тіпті, 15-17 жас шамасы арасында-ау. Жап-жас болып, ішкілік ағыл-тегіл құйылатын тойда даяшы болуға кім мәжбүрледі екен деп ойланып отыр едім, «Ата, ақтан құяйын ба?» деп әлгі даяшы қыздардың бірі арақтың бөтелкесін ұстап, желкемнен төніп тұр...

Міне, жеткен жеріміз. Осыдан кейін жастар тәрбиесі туралы бірдеңе деп көр. Құдай-ау, тойда толып жүрген даяшы қыздар мен ұлдардың арасында қазақтан басқа бірде-бір ұлттың өкілінің баласы жоқ. Ақыры ата-анадан қайран жоқ екен, Бала құқығын қорғау жөніндегі өкіл ме, комиссия деуші ме еді, қайда солар? Құқық қорғау органдары ше?» Міне, әлеуметтік желіде Тараз қаласының тұрғыны Жұмасейіт Нұрбаев осылай деп толғаныпты. Айтып отырғаны рас...

Біздің елде қолданыстағы заңға сәйкес, 18 жасқа толмағандардың барлығы «бала» деген санатқа кіреді. Демек, ешбір баланы өз еркінен тыс жұмысқа тартуға болмайды. Десе де, қазақы тәрбиеде баланы ерте жастан еңбекке баулу қалыпты жағдай. Бірақ күнделікті үйішілік шаруаға бейімдеу бір бөлек, жас жеткіншектің еңбегін қанау, оны ауыр жұмысқа салу басқа әңгіме. Біле білсек, заң бойынша бала 14 жасқа толғаннан кейін ғана ата-анасының рұқсатымен оқудан бос кезінде денсаулығы мен өсіпжетілуіне ыңғайлы қоғамдық пайдалы еңбекке араласуға, сондай-ақ белгілі бір мамандықты меңгеруге құқығы бар. Алайда осынау талап әрдайым сақтала бермейтіні жасырын емес...

Өкінішке қарай, бұл күнде бір ғана Тараз қаласындағы кафелер мен өзге де қызмет көрсету орындарында жұмыс істеп жүрген мектеп оқушылары мен студенттерді жиі кездестіреміз. Абайша айтсақ, «сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық». Дей тұрғанмен, мұндайда «сол бір сауда нүктелері мен кафелерде балалардың құқықтары қорғала ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Әлде жұмыс берушілер жас балалардың тәжірибесіздігін пайдаланып, арзан жұмыс күші ретінде өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр ма?

Атап өткеніміздей, еліміздегі Еңбек кодексіне сай кәмелетке толмағандар нәпақа табуына болады. Бастысы, бірқатар белгіленген ережелер сақталуы тиіс. Облыстық еңбек инспекциясы басқармасы еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Еркін Ибраимовтың айтуынша, Еңбек кодексінің 31-бабына сәйкес 16 жастан бастап еңбек шартын жасауға болады. Тіпті заң бойынша ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша келісімімен 14-15 жастағы жасөспірімдердің жұмысқа орналасуына мүмкіндік бар.

– Кәмелетке толмағандар үшін еңбек жағдайлары мен режимі бойынша ерекше шектеулер белгіленді. 18 жасқа толмаған адамдарды ауыр жұмыстарға, зиянды немесе қауіпті жағдайлары бар жұмыстарға, сондай-ақ олардың дамуына зиян келтіретін қызметке тартуға тыйым салынады. Нақтырақ айтқанда, бұл жұмыстарға түнгі ойынсауық орындары мен ойын бизнесінде жұмыс істеу, сондай-ақ алкоголь және темекі өнімдерін өндіру, тасымалдау және сату жатады. Заң жұмыс уақытының ұзақтығын да қатаң реттейді. Еңбек кодексінің 69-бабына сәйкес, 14 жастан 16 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін – аптасына 24 сағаттан, 16 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 36 сағаттан аспауы тиіс. Дәл осы Кодекстің 76-бабы бойынша бұл ретте түнгі жұмыс сағат 22:00- ден 06:00-ге дейін, үстеме жұмыс уақыты, қоса атқаратын жұмыс, іссапарлар және вахталық әдіс 18 жасқа дейінгі барлық адамдар үшін тыйым салынады. Жалпы, заңнамада жас балаға түсетін физикалық жүктемеге де айрықша көңіл бөлінген. Осы орайда елімізде ауырлықтарды көтеру мен жылжытудың шекті нормалары бекітілді. Мәселен, 16-18 жас аралығындағы ұлдар үшін бір реттік көтеру кезінде максималды салмағы – 16,4 килограмм, тұрақты жұмыс кезінде – 4,1 килограмнан аспайды. Нақ осы жастағы қыздар үшін бір реттік көтеру кезінде – 8,2 килограмм, тұрақты жүктеме кезінде – 3,2 килограмм болуы қажет. Ал ауыр салмақты көтеруге тек кәсіби міндеттерді орындау кезінде және жұмыс уақытының үштен бірінен аспайтын жағдайда ғана жол беріледі. Сонымен қатар заң кәмелетке толмағандардың материалдық жауапкершілігін шектейді. Еңбек кодексінің 26-бабына сай 18 жасқа толмаған қызметкерлермен толық материалдық жауапкершілік туралы шарттар жасасуға тыйым салынады. Яғни, олар ақша қаражаты немесе тауарлық-материалдық құндылықтар үшін толық жауап бермейді. Еңбекке ақы төлеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығын ескере отырып жүзеге асырылады. Жалақы нақты жұмыс істеген уақытқа пропорционалды немесе өндіріске байланысты төленеді, – дейді Еркін Тұрарұлы.

Еске салайық, бұл мәселе қазіргі таңда облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қатаң бақылауында. Комиссия хатшысы Қарлығаш Салықбаеваның сөзінше, жасөспірімдердің еңбегін заңсыз пайдаланудың алдын алу мәселелері комиссия отырыстарында тұрақты түрде қаралып, соған байланысты құқық қорғау органдары мен басқа да мүдделі мекемелерге тиісті тапсырмалар берілген. «Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі облыстық комиссия – кәмелетке толмағандарды жұмысқа заңсыз тарту, оның ішінде оларды түнгі мейрамханаларда жұмыспен қамту мәселелерін үнемі өз назарында ұстайды. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері, сондай-ақ полиция қызметкерлері жүйелі түрде кәмелетке толмағандарды еңбекке заңсыз тарту фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді», – деді Қарлығаш Әшірбайқызы.

Мұндайда жүргізілетін профилактикалық іс-шаралар тек бір бағытта екені ащы да болса шындық. Бұл ретте жеке кәсіпкерлерді жөнжосықсыз тексеруге тыйым салған мораторийда аяққа тұсау болып отыр. Осы себепті комиссия құрамындағы құқық қорғау органдары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүргені үшін ғана айыппұл салумен ғана шектелуге мәжбүр. Мысалы, бұған дейін беймезгіл шақта баласын қараусыз қалдырған 8600-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылса, ал түн мезгілінде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бергені үшін 287 мекеме иесіне әкімшілік жаза қолданылған.

Рас, бізде еркінен тыс болмағанымен, амалсыздан жұмысқа жегілетін балалар да жоқ емес. Қаракөздеріміздің қаршадайынан қызмет еткеніне қарап, «жоқтық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді» деген сөз еріксіз ойыңа оралады. Облыс орталығындағы колледждердің бірінде білім алатын біз тілдескен жасөспірім бос уақытында жұмыс істейтінін, қолына түскен тиын-тебеннің бірін қалдырмай анасының қолына ұстататынын айтты. Сабағы туралы сұрағанымызда, «жаман емес» деп қысқа қайырды. Бірақ...Иә, бірақ дейтұғын дүние тағы бар. Дәл осы жасында жұмыс істеудің орнына сабағына көптеп көңіл бөлсе, бос уақытында өзге тілдерді меңгеруге күш салып, спортпен айналысса, анағұрлым болашағына пайдалы болар ма еді...

Әрине, еңбек – баланы шыңдайды, дегенмен шектен шығу – әрдайым қауіпті екенін ұмытпауымыз керек. Оның үстіне олар жұмыс істейтін ойынсауық орындарында Еңбек кодексінің талаптары толық сақталатынына ешкім кепіл бола алмайды. Ал еңбек инспекторларының кәсіпкерлерді тексеруі үшін прокуратураның келісімі болуы шарт. Осы себепті мамандар Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіп, еңбек инспекторларының құзыретін кеңейту жөнінде ұсыныс енгізгенін жеткізді. Алайда бұл ұсыныстың нақты қашан іске асатынын дөп басып айту қиын...

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар