«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жақсы маман қашанда бағалы

Жақсы маман қашанда бағалы
Автор
Қарапайым еңбек адамының күнделікті жұмысы көзге көріне бермеуі мүмкін. Бірақ олардың қоғамдағы орны ерекше. Өйткені ғимараттарды жылумен қамту, электр жарығының сөніп қалмауын қадағалау, ауланы абаттандыру, тағы басқа жұмыстар техникалық қызметкерлердің күшімен жүзеге асырылуда. Міне, осы жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып келе жатқан жанның бірі – Рақымжан Әлмаханов.

Бүгінгі күні ол Талас аудандық білім бөлімінде операторсантехник қызметін атқарып жүр. Рақымжан Қаратау қаласындағы кәсіптік лицейде «Электрик» мамандығын алып шыққан. Мамандығы бойынша Астана, Алматы, басқа да қалаларда жұмыс істеген. Елордамыз Астана қаласындағы биік нысандардың құрылыс жұмысына атсалысқанын да мақтанышпен айтып қалды. Дегенмен отбасы жағдайына байланысты 2014 жылы елге оралып, балалар ауруханасына оператор-сантехник болып жұмысқа орналасады. Ғимарат аудандық білім бөліміне берілгенде ол осы орнын сақтап қалған екен.

– Жұмысым өзіме ұнайды. Осы ғимаратта жұмыс істеп келе жатқаныма 12 жыл болды. Бұрын екі қабатты ғимаратты көмірмен жылытатын едік. Газға ауысқалы бері жұмысымыз жеңілдеп, бұрынғыдай көмір тасу, күл шығару сынды ауыр бейнеттен құтылдық. Бірақ табиғи газдың жауапкершілігі жоғары. Ошақтың айналасындағы термометрлерді уақытылы қарап, газ қысымын реттеп, электр энергиясының сөніп қалмауын бақылап отыру керек. Үйренген жұмыс қой, жалпы жұмыстан қашпаймыз. Жаз-қыс осындамыз. Ғимараттың барлық жұмысы, таза ауыз су мен жылу желісі, бәрі өз бақылауымда. Есіктерезе жөндеу, электр энергиясы ақауын анықтау – қолдан келетін іс. Қолдан бәрі келеді, – деді Рақымжан Ибаділдаұлы.

Жақсы маман қашанда бағалы. Ол жоғарыда аталған жұмыстардан бөлек ғимараттың ауласын абаттандырып, барлық жұмысын тындырып отырған жайы бар. Ал отбасында жұбайы Ақмарал екеуі қара шаңырақтың түтінін түтетіп, бес бала тәрбиелеп, қартайған анасына қарап отыр. Аудан әкімдігі білім бөлімінің шаруашылық меңгерушісі Қайрат Байжігітов те Рақымжанның жауапкершілігі жоғары азамат екенін айтты.

«Рақымжан өз ісін жақсы білетін маман. Тапсырған жұмысты уақытылы атқарады. Негізгі мамандығы электрик болғандықтан жарықтан, жылу қазандығынан ешқандай мәселе туындаған емес. Ақауы болса өзі тауып, дер кезінде реттеп, жөндеп қояды. Ұжымда да сыйлы. Ең бастысы – еңбекқор жан», – дейді шаруашылық меңгерушісі.

Рақымжан да ұжымның өзіне деген ниет-пейіліне разы.

«Білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан беріліп жатқан марапат көп. Туристік саяхаттарға да, шипажайларға да жолдама берді. Өзім мамандығым бойынша елдің түкпір-түкпірін аралағандықтан да одан бас тарттым. Маған жұмыста отырған, үйде бақша салған ұнайды. Өзім бос қарап отыра алмайтын жанмын. Қолым бос болмауы керек. Балаларымды да жастайынан еңбекке баулып жүрмін. Еңбек еткен адамның жүзі қашанда ашық. Аз жалақы алсам да оған қанағат, шүкіршілік етем», – дейді Рақымжан Ибаділдаұлы.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қаратау қаласы

Ұқсас жаңалықтар