КРЕМАЦИЯ ҚАЛАЙ ЖАСАЛАДЫ?
Бұрындары кремация жасау яғни, қайтыс болған жанды өртеу туралы өзге елдер туралы бағдарламалардан көруші едік. Енді заманның дамып кеткені ме, өз елімізден де крематорий ашылмақ. Крематорий, кремация деген не? Оның ішіне не кіреді, анықтап айтайық. Крематорий – қайтыс болған адамның денесін өртейтін салттық қызмет көрсету ғимараты. Ауыр да болса, ақиқатын айтсақ, мәйіт арнайы өндірістік пеште өртеледі. Осы рәсімді кремация деп атайды. Крематорий кешеніне салттық қызмет көрсету және техникалық корпус, колумбарий, галерея мен автокөлік тұрағы кіреді екен. Салттық қызмет көрсету корпусында марқұммен қоштасу залы, вестибюль мен медпункт болуы тиіс. Ал техникалық корпусында пеш орналасқан кремация залы болады. Колумбарий – мәйіттің күлі салынған қобдишаны сақтайтын орын. Сыртынан қарағанда крематорийдегі мәйітті өртейтін пеш кәдімгі кірпіш пеш сияқты. Оның құрылысынан да бірден күрделі ештеңе байқалмайды, дегенмен олай емес. Кремация пеші – компьютермен басқарылатын жоғары технологиялық құрылғы.
Бұл процесс бірнеше сағатқа созылуы мүмкін. Ол кремациялық пештің үлгісіне, марқұмның жасына, салмағына және қандай аурумен сырқаттанғанына байланысты әрқалай болады. Мәселен, қатерлі ісік, туберкулез ауруларымен ауырған адамдардың мәйіті өте баяу жанады екен. Өртеу табиғи жолмен жүргізілуі тиіс, яғни оның іске асырылуын жылдамдатуға мүлдем болмайды. Мәйіттің денесі жанатын материалдан жасалған табытқа салынып, 860-1100 градустық ыстықта өртеліп, ұсақ бөлшектерге бөлініп, күлге айналады. Күл бірнеше минутта ақшыл сұр ұнтақ болып шығады. Күлде органикалық зат мүлдем болмайды, сондықтан ол инфекциялық жағынан алып қарағанда қауіпсіз болып саналады. Кремациядан кейін үлкен адамның күлі 4,5 литрге дейін жетеді екен. Жиналған күл металл капсулаға немесе жерлеу қобдишасына салынады. Кәсіби жерлеу ісімен айналысатын ICCFA және NFDA сияқты бірнеше халықаралық ұйым бар.
Ұйым өкілдерінің айтуынша, жерлеу бюросы клиенті кремация барысы қалай болатынын нақты білуге құқылы. Ол кремация барысында белгіленген стандарттар сақталатынына сенімді болуға тиіс. Бұл кері қайтара алмайтын процесс болғандықтан, оған дейін барлық тиісті құжаттар әзір болуы шарт. Егер өкілетті агенттің жазбаша рұқсаты болмаса, крематорий әкімшілігі бір мезгілде бір камерада бір ғана мәйітті кремациялауы тиіс екен. Крематорийдің қазаққа қаншалықты қажеті бар? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік. Ол нендей қажеттіліктен салынды?
КРЕМАТОРИЙ ҚАЗАҚҚА ҚАЖЕТ ПЕ?
Бұл жайында белгілі жазушы-драматург Елен Әлімжанның ойын тыңдап көрдік. Көнекөз қария, халықтың қазынасы болып жүрген қарт әріден ойлайтындығын байқадық.
– Крематорий қажеттілігіне бірнеше себеп бар. Одан үркудің қажеті жоқ. Алматыдан салынуының өзінде бір мән бар. Ерекше қайталап айтатыным – егер қайтыс болған адамның туыстарының, балаларының, атаанасының крематорийге өртеуге рұқсаты болса, онда өртеуге болады. Енді себептеріне тоқталайын. Бірден үркіп қорқудың қажеті жоқ. Қазақтар, исі мұсылман халықтар өз дәстүрлеріне, наным-сеніміне сай ата-бабаның жолымен жерге көміледі, яғни жерленеді. Ал крематорийде кімдерді өртейді? Тек Алматы емес, ірі қалалардың бәрінде үйі-күйі жоқ, іздеу-сұрауы жоқ, тағдыр тәлкегіне түскен жандар жүр. Қайыр тілеп жүріп бір күні өліп кетсе кім, қайда апарып жерлейді? Не туысы, не баласы жоқ жандарды кім жерлеп, кім қамқарекетін жасайды. Сосын аса ауыр пандемия жағдайларында аурудан қайтыс болғандарды өртейді. Оның үстіне Алматыда жер сілкінісі жиі орын алады. Алда-жалда күшті толқынмен жер сілкініп, адамдар қайтыс болса, оның бәрі қайда апарып жерленеді? Алматыдағы айналдырған он шақты бейітте орын жоқ деп жатыр. Крематорийдің сейсмикалық тұрақсыз аймақта орналасқан Алматыда орналасуының өзі ойланатын жағдай, – дейді жазушы Елен Әлімжан.
КӨПҰЛТТЫ, ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТ ЕКЕНІМІЗДІ ҰМЫТПАЙЫҚ!
Біз тарихшы археолог Сауран Қалиевпен де сөйлесіп көрдік.
– Ірі мегаполистерге крематорий қажет. Крематорий салу – өмірдің заңы. Алысқа бармай-ақ өз қаламыз туралы айтайын. Мәселен, біз Тараз қаласының 2000 жылдық тарихы бар дейміз. Осы екі мың жылдықта тек ислам дінінде болмадық қой. Тараз өмір сүру, қалыптасу тарихында бірнеше діндерді ұстанған. Мен мұны жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарынан білемін. Ерте ислам дәуіріне тән мешіттердің болуы, сонымен қатар ерте христиан шіркеуінің болуы, зароастризм, будда діндерінің өкілдері өмір сүрген. Тәңіршіл дінді ұстанғандар болған. Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тек Тараз қаласынан емес, облыс көлемінде осындай жағдайлар байқалды. Өзге дін ұстанған халықтар әу бастан көп болған. Әр діннің өзінің қайтыс болған адамдарды жөнелту дәстүрі бар. 8 ғасырда зароастризм діні белең алған. Иран, парсы елдері аймағынан Ұлы Жібек жолы арқылы біздің елге келген. Еліміз көп дін ұстанатын зайырлы мемлекет. Алматы қаласындағы шоғырланған зираттар өте көп. Бәрі толған. Заманның талабына сай бұл дұрыс. Көпұлтты ел болғандықтан діні мен сеніміне сай мәйітті өртеу дұрыс. Шектеу қоймау керек. Жер бетінде өмір сүріп отырған тірі адамдардан үш есе артық адам жер астында жатыр, – деді тарихшы.
...Осы мақаланы жазу барысында әлеуметтік желілердегі халықтың пікірін тыңдадық. Жағасын ұстап, таңғалып жатқандар да бар. Шынайы реалистік көзқараспен қарап жатқандары да болды. Бұл жерде түсінуіміз керек бір нәрсе бар. Ислам дінін ұстанатын мұсылмандарды «крематорийге өрте» деп ешкім қыстамайды, қинамайды. Тек өзге ұлт өкілдері қайтыс болған адамын кремация жасауға келіссе, онда крематорийге апарылады. Әлеуметтік желіде Қазыбек Римов есімді азамат былай деп пікір қалдырыпты.
– Мен қайтыс болған соң денемді өртеп, күлімді шашып жібергені жақсы. Көміп тастағанын қаламаймын. Одан да бір шөпке болса да құнар бергенім дұрыс деп есептеймін. Немесе өлі денем даладағы ит-құстарға жем болғанын қаламаймын. Әйтеуір табиғатқа пайдам тисе болды, – деген пікір айтыпты.
КРЕМАЦИЯНЫҢ ДІНІМІЗДЕГІ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?
Ислам шариғатында мұсылмандардың мүрделерін кремация арқылы жерлеуге болмайды. Бұл жайында Һибатулла Тарази орталық мешітінің шариғат және пәтуа бөлімінің ұстазы Әбдіқадыр Сейтқали түсіндіре айтып берді.
– Жаратқан Иеміз Құранда адамзатты ардақты етіп жаратқанын айтады. «Сөз жоқ. Біз Адам балаларын ардақтадық. Құрлықта, теңізде алып жүрдік, жақсы нәрселерден ризық бердік әрі жаратқандарымыздың көбінен оларды үстем еттік», – дейді.
Әрі Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қандай да бір жәндікті отпен жазалауға болмайтынын ескерткен. Кремация – мәйітті арнаулы тәсілмен өртеу әдісі. Алғаш рет соңғы неолит пен қола кезеңдерінде пайда болған. Ежелгі гректер мен римдіктер адам мүрделерін өртеуді кеңінен қолданды. Жапонияда, Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа да елдерінде кремация ертеден бар. Кремация будда дінінің өлік жөнелту қағидаларымен байланысты қалыптасқан. Еуропа елдерінде кремация шамандық, яғни «дінсіз» халықтардың салты деп жарияланды. Оның үстіне, христиандар ұғымында кремация библиялық «қайта тірілу», «о дүниедегі өмір» ілімдеріне қайшы келетін болды. Қайтыс болушының денесін арнайы пеште өртеп, күлін жерлеу – көптеген ежелгі заман халықтарындағы «жалынмен жерлеу», соның ішінде ежелгі славяндардың жерлеуінің бір түрі. Басқа хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Өлген адамның сүйегін сындыру – тірі адамның сүйегін сындырғанмен тең». Яғни, адам баласы тірі бола ма, дүниеден өткен бола ма құрметке ие. Жалпы мұсылман үмметі адам дүниеден өткен соң оны жерлеу керектігіне бір ауыздан келіскен. Ал оны өртеу болса мәйітті, қорлау, азаптау болып саналады. Тіпті Алла елшісі қабірді баспаңдар деген. Бұл да болса дүниеден өткен марқұмға құрмет ретінде айтылған. Құран Кәрімде жерлеу үлгісі Абыл мен Қабыл оқиғасында баяндалған. Шариғатымыз бойынша адам баласы дүниеден өтсе оның денесін жер қойнына тапсырады. Ал өлген адамды өртеу дінімізге жат, – дейді имам.
Енді қарапайым тұрғындар не дейді? Сұрастырып көрдік. Ерасыл Адамбекұлы жерлеу рәсімі бюросының жұмысшысы. Ол «Кремация жасату жерлеу рәсімінде бағасы жағынан өте арзанға түседі. Мәйітті орауға мата сатып алмайсыз. Оны жуындыруға, жерлеуге апаруға көлік жалдауға, көрін қазуға шығындалмайсыз. Бар болғаны кремацияға ақы төлейсіз де, 2-3 келі тартатын мәйіттің күлін аласыз. Оны қалаған жерге шашсаңыз да, үйіңізде сақтап қойсаңыз да өзіңіз білесіз. Дәстүрлі жерлеу бойынша, әсіресе біздің халықта шығын өте көп болады. Жерлеп болған соң, басына орнататын белгітасы мен қоршауының бағасы аз ақша емес...», – дейді ол.
Ал зейнеткер Жарқынай Жұмажанның пікірі басқа. «Ол пешті біздің қазақ пайдалана қоймас. Себебі, бізде мәйітті өртеу былай тұрсын, ағзамызды түгел қара жерге жерлеуді дұрыс санайды ғой. Мені алаңдататыны, бұл крематорийдің қала ішінде салынуы. Қанша дегенмен, мәйіт өртелетін мекеннен жағымсыз иіс шығатыны рас қой. Осы жағы қалай болар екен?» деген ой айтты. Қалай болғанда да крематорий сұраныстан, қажеттіліктен туындап отыр. Біз тайталасып, қажет не қажет емес деп талқылап жатқанда Астанадан екінші крематорий құрылысы басталды.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




