«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мал қауіпсіздігі мен заңдылықтың кепілі – бірдейлендіру

Мал қауіпсіздігі мен заңдылықтың кепілі – бірдейлендіру
Автор
Елімізде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, мал шаруашылығын тиімді басқарудың және халықты қауіпсіз әрі сапалы мал өнімдерімен қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.

Бұл талап Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңына сәйкес міндетті түрде жүзеге асырылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру арқылы жануарларға жүргізілген диагностикалық зерттеулердің нәтижелері, профилактикалық іс-шаралар, ветеринариялық емдеу деректері, жануардың жеке нөмірі және иесі туралы мәліметтер толық әрі нақты есепке алынады.

Мұндай жүйе жануарлар арасында жұқпалы аурулардың алдын алуға және эпизоотиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірдейлендіру мал ұрлығының алдын алуда, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен орын алатын жолкөлік оқиғалары кезінде қараусыз жайылып жүрген малдың иесін жедел анықтауда маңызды рөл атқарады.

Өткен жылға бекітілген жоспарға сәйкес, облыс бойынша 1485 953 төл бірдейлендіріліп, дерекқорға енгізілді. Оның ішінде: 157610 бұзау, 1244147 қозы-лақ, 80235 бас құлын, 1902 бота және 2059 торай бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша барлығы 4398940 ауыл шаруашылығы жануарлары есепке алынған. Оның ішінде 481085 мүйізді ірі қара, 3682464 уақ мал, 222442 жылқы, 8864 түйе және 4085 шошқа «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына тіркелген. Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру тәртібі мен мерзімдері Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізіледі.

Қағида бойынша, бірдейлендіру жануар иесінің өтініші негізінде жүзеге асырылады. Бірдейлендіру барысында әрбір жануарға жеке нөмір беріліп, ол туралы барлық мәлімет «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» дерекқорына енгізіледі. Дерекқорда жануардың түрі, жасы, тұқымы, шыққан тегі, иесі және оған жүргізілген барлық ветеринариялықпрофилактикалық іс-шаралар туралы ақпарат сақталады.

Нәтижесінде жануарға сырға салынып немесе таңба басылып, ветеринариялық паспорт рәсімделеді. Бұл дерекқор мал басының нақты есебін жүргізуге ғана емес, әрбір жануар бойынша ветеринариялық манипуляциялардың толық тарихын сақтауға мүмкіндік береді. Осындай мәліметтер негізінде ветеринариялық ілеспе құжаттар рәсімделіп, малды сату, тасымалдау және сою кезінде заң талаптарының сақталуы қамтамасыз етіледі. Еліміздің аумағындағы барлық ауыл шаруашылығы жануарлары бірдейлендіруге жатады. Бірдейлендірілмеген жануарларға ветеринариялық қызмет көрсетілмейді. Сонымен қатар, мұндай жағдайда жоғалған немесе ұрланған малдың нақты иесін анықтау мүмкін болмайды. Заң талаптарына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларының төлдері белгіленген мерзімдерде міндетті түрде бірдейлендірілуі тиіс.

Атап айтқанда, бұзаулар, қозылар, лақтар мен боталар туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендіріледі. Құлындар төрт айлық жастан таңбаланады немесе чиптеу арқылы бірдейлендіріледі. Шаруа және фермерлік қожалықтарда өсірілетін торайлар да белгіленген мерзімдерде міндетті есепке алынуы қажет.

Осыған байланысты ветеринариялық қызмет мамандары мал иелерін жануарларын дер кезінде бірдейлендіруге, сондай-ақ сатып алу, сату, сою, төлдеу немесе сырғаның жоғалуы сияқты жағдайлар орын алғанда үш жұмыс күні ішінде ветеринариялық маманға хабарлауға шақырады. Қорытындылай келе, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру – бұл тек заң талабы ғана емес, мал иелерінің жауапкершілігін арттыратын, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін және ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз болатын маңызды жүйе.

 

Айжан УРАЗБЕКОВА

облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру бөлімінің бас маманы.

Ұқсас жаңалықтар