«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қырық жасында қыруар іс тындырған қарымды қаламгер еді...

Қырық жасында қыруар іс тындырған қарымды қаламгер еді...
Автор
Өмірде пенденің маңдайына жазылған пешене әртүрлі. «Өлшеніп берген өмір бар, кезегіменен жүрерсің» дегендей, сынаптай сырғыған уақыттың кейде өлшеулі екенін де естен шығармаған абзал. Жарық жұлдыздай аз ғана ғұмыр кешіп, артына тағылым мен мол мұра, таусылмас сағыныш қалдыратын таланттар болады. Сондай дара тұлғаның бірі – жазушыдраматург Мұрат Сыздық.

Талантты қаламгер Мұрат Сыздық ағамыз мынау дүниеде бар болғаны 40 жылдан сәл астам уақыт ғана ғұмыр кешіпті. Бірақ тумысынан ширақ, талантты азамат аз ғұмырында артына атан түйе арқалайтындай мол рухани дүниелерін қалдырды. Біз мектеп партасында жүрген шақтарымызда Мұрат қаламгердің есімін естіп, «Күміс сақалды арыстан» кітабын қолымызға ұстап көрдік. Әйтпесе, талантты жазушымен жүздескен сәтіміз жоқ. Кім біледі, өмірі қысқа болмағанда кездесуге де, ағаның тағылымға толы өмір жолынан тосын сырлар естуге де болар ма еді...

Әттең, арсыз ажал алды да кетті. Сол уақытта меңіреу мұңсыз қара жол аса талантты азаматты отбасынан, ауыл-аймағынан, оқырмандарынан айырып жатқанын сезбеген де болар. Мұрат Сыздық – жоғары талант иесі. С.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінде журналистика факультетінде білім алған. Сол айналасына шуағын шашып, өзіне бірнеше достар тапқан сияқты. Ол туралы жазушының курстас досы, жазушы-драматург Жолтай Жұмат Әлмешұлы республикалық «Ақиқат» журналына 2016 жылдың №3 санында жарияланған мақаласында ағынан жарылыпты.

«Студенттік жылдарда да Мұрат салмақты, ойлы жігіт болатын. Өзге кейбір жігіттер республикалық газеттерге құлаш-құлаш мақала жариялап көзге түсіп жатқанда, ондайға қызыға қоймады. Бір күні маған: «Жолтай дос, мен балалар тақырыбына әңгіме жазып жүрмін. Екі әңгімемді аяқтап едім, оқып, пікір айтасың ба?» деді. Келістім, оқыдым. Әңгімесі мазмұнды, әсерлі, оқырманға тартымды. «Өте жақсы жазылған. Республикалық «Ұлан» газетіне беру қажет» деп ақылымды айттым. Көп ұзамай Мұраттың екі әңгімесі «Ұлан» газетінде жарық көрді. Ол оқиғаны бәріміз қуанып, атап өттік. Кейіннен Мұраттың қаламы ширап, күрделене түсті. «Сен Бердібек Соқпақбаев сияқтысың. Жазуың ұқсайды» дедім бір жолы оған.

– Айтасың-ау! Соқпақбаев қайда, біз қайда!? Ол кісі балалар әдебиетінің классигі емес пе!?, – деді ойлы жауап беріп. Бір жолы Мұраттың «Күміс сақал арыстан» повесі республикалық «Жалын» баспасының жабық бәйгесінде жүлде алды. Бұл жаңалықты ести сала қуанып, досымды құттықтадым.

– Міне, қаламгерлігіңді мойындады деген осы! Құтты болсын, ұзағынан болсын! – деймін алқына сөйлеп. Мұрат сонда да сыр бермеді, жазғанына көңілі тола қоймайтын сияқты.

– Әй, бізді толық мәндегі жазушы деп танығанша әлі қанша уақыт керек. Жүр ғой бес-алты кітап шығарса да, осы күнге дейін ел аузына ілінбеген талай аға буын қаламгерлер. Бізге әлі қайда? – деді.

Мұрат осындай өзіне талапшыл еді. Ол тірі болғанда қызметтік лауазымының бірнеше биігіне көтеріліп, қаламдас достарға ақ ниетпен қамқорлық жасап, қолын созып жүрген болар ма еді! Ол тірі болғанда тамаша туындылар жазып, әдебиетке қомақты олжа салып, оқырмандарын қайта-қайта таңғалдыра берер ме еді, қайтер еді!? – деп толғаныпты курстас досы.

Біз, әрине, үзіндісін ғана беріп отырмыз. Бірнеше беттік осы жазбаның өзі ойға қалдырды. Талантты ағамыз жоғары танымымен, әдебиетке деген жауапкершілігімен курстас, замандастарына үлкен ой салған секілді. Өзі де «Әйбат бала», «Күміс сақал арыстан», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы», «Ақ басты тырна», «Қуатым менің» атты кітаптар жазып, әдебиетке еңбегін сіңіріп келе жатқан болатын. Әттең, 40 жас дегеніңіз қандай қысқа ғана уақыт. Осы уақыт ішінде Жазушылар одағына да өтіп үлгерген. 1996 жылдың жазында Алматыға Жазушылар одағының маңызды жиынына бара жатып, кішкентай қызы Динара екеуі көлік апатынан қайтыс болады. Артында жары – Раушан, баласы – Қуат қалды.

Сонымен қатар оқырманға олжа болып, бірнеше кітаптары қалды. Оған да тәубе! Өмірінің соңғы сәттерінде облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі лауазымды қызметін атқарған. Қызмет отбасын бағу үшін атқарып жүрген ісі. Негізінен Мұрат аға тұла бойы тұнған талант, әдебиетті жан-тәнімен сүйген. Сол әдебиеттің мәселесі жолында Алматыға маңызды жиынға бара жатып көлік апатына ұшырап, өмірі орта жолда қиылып отыр. Біз ойлаймыз, жазушының өмірі ғана емес, орта жолда жазылмаған қаншама әдеби көркем шығармалар қиылып кетті деп. Әттең-ай, мұндай талғампаз жазушының қаламынан талай ғажайып дара, ерекше туындылар туа беретін еді-ау!

Дегенмен, жазмыштан озмыш жоқ. Жазушының жазып кеткен шығармалары да оқырманның үлкен олжасы екені анық. Көзі тірі болғанда Мұрат Сыздық 14 қаңтар күні 70 жасқа толатын еді. Ендігі бір өтінішіміз, сол жазушы Мұрат Сыздықтың кітаптарын көбейтіп қайта басып, облыстық кітапханаларға жүздеген данамен қойып қойсақ, талантты жазушының алдындағы парызымыз өтелгендей болар еді. М. Сыздық облыстық «Aq jol» газетінде де бірнеше жыл қызмет істеген азамат. Біздің редакцияда да ол кісінің бай қолтаңбасы, табанының ізі қалды. Мақаламның соңында Мұрат Сыздық туралы оның көзін көрген бірнеше кісінің еске алу сөздерін оқырман назарына ұсынбақшымыз. Мұрат ағаның екінші өмірі мәңгілік жалғаса беретіні анық.

Дайын жазушы болатын

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

– Мұрат осы кейінгі келген жастар арасындағы ең ерекшесі болды. Оның ерекшелігі – табиғаты таза жазушы еді. Көп жастар құсап булығып, журналистикаға малтығып барып көркем әдебиетке барған жоқ, жазушылық қабілетін бірден көрсетіп келді. Балалар әдебиетінде, тіпті ересектер әдебиетінде де өзін жақсы байқатты. Драматургияда да ойының озықтығы, қаламының жүйріктігі байқалып тұратын. Қазір драматургия жанрында қалам тербейтіндер жоқтың қасы, мүлдем аз. Ал газеттің қызметкері ретінде Мұрат жайдары, іскер, елгезек, тілалғыш еді. Қызмет бабында да тез өсті. Облыстық партия комитеті сол жылдары екі-үш жылда көзге түскен жас журналистерді қызметке алып тұратын. Сонда таңдау 1987 жылы Мұрат Сыздыққа түсті. Ол облыстық партия комитетінде де баспасөз нұсқаушысы болып жақсы жұмыс істеді. 1991 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі қызметінен облыстық телерадиосына директор болып ауыстым. Сол уақытта «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртаза еді. «Өз орныңа кімді ұсынасың?» деп менен сұрады. Мен Мұрат Сыздықты және бір азаматты ұсындым. Шерхан мырза меншікті тілшілікке Мұрат Сыздықты таңдады. Мұрат өмірден ерте кетті. Ол әдебиетте өнімді еңбек етіп, артына көп дүние қалдырар еді. Мұраттан үлкен үміт күттік. Ол сол үмітті ақтайтын еді. Амал қанша?...

Бір бөлмеде жұмыс істедік

Бекет МОМЫНҚҰЛОВ, жазушы:

– Біздер Мұратпен С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде қатарлас оқыдық. Шу ауданынан шыққан азамат. Мұрат туралы әріптесіміз Қуаныш Иембердиев те өте жақсы біледі. Аталған университетті Мұрат 1979 жылы, мен 1981 жылы бітірдік. Екеуміз де Тараз қаласында журналистика саласында еңбек еттік. 1987 жылы Мұрат облыстық партия комитетіне нұсқаушы болып ауысты. Бір бөлмеде, бір салада еңбек еттік. Жұмысына өте жауапты еді. Ақкөңіл, кең жүректі, досқа адал, ерекше азамат болатын. Бірнеше кітап жазды. «Әйбат бала», «Күміс сақал арыстан», «Күн шығып келеді», «Жылдың соңғы айы», «Ақ басты тырна», «Қуатым менің» атты кітаптары ерекше әсерлі еді. Уақытында кітаптарын түгел оқып, Мұратпен мақтандық. Амал қанша? Енді еске алып отырмыз. Мұраттың бақиға озғанына да 30 жылға жуықтапты. Жұбайы Раушан мен баласы Қуатқа жақсылықтар тілейміз. Мұраттың әдеби мұралары оқырманның олжасына айнала берсін. Ғажайып талантты досымыздың есімі ел аузында жаңғыра берсін.

Мұраттың соңғы күндеріне куәгермін

Асқарбек СЕЙІЛХАН, актер, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Мен Тараз қаласына 1995 жылы келдім. Мұратпен 1996 жылдан бастап араласа бастадым. Сөйтіп жүргенде оның «Жетісі берілмеген өлім» атты шығармасы облыстық қазақ драма театрында (қазіргі Асқар Тоқпанов атындағы академиялық театры) қойылатын болды. Оразхан Кенебаев режиссерлік жасады. Ол пьеса өзі өте ауыр дүние еді. Өйткені, басты кейіпкер – қалалық партия комитетінің хатшысы. Сол аяқ астынан жүрегі ұстап қайтыс болады да, баламның мәйітін елге апарамын деп ауылдан әкесі келеді. Хатшыны – Оразхан Кенебаев өзі ойнады, хатшының әкесін – Жорабек Шүленбаев ойнады. Хатшының әйелінің рөлін Гүлбаршын Өскенбаева сомдады. Сол спектакль дайындалып, жаз айында (тамыз айы болу керек, ұмытпасам) премьерасы өтті. Пьеса өте ауыр. Басталғаннан аңырап жылайды әкесі. Мәйітті ауылға әкетем дейді, аналар бермейміз дейді. Қалалық қорымнан орын алмақшы болады. Оның да мәселесі аз болмайды. Келін де қарсы шығады. Мәйіт жерленбей бірер күн жатып қалады. Осындай ауыр жағдайлар. Спектакльдің соңына қарай әкесі де қайтыс болып кетеді. Қойылым соңында екі мәйітті ақ матаға орап, жоғарыға іліп қояды. Бірақ, сахнаның басқа бөлігінде көрініс жүріп жатыр. Жоғарыда екі мәйіт. Спектакль осылай аяқталады. Сол күні Мұрат екеуміз түнгі сағат 3-ке дейін бірге жүрдік. Премьера қойылған күннің ертеңіне Мұрат Сыздық Алматыға жолға шығып кетті. Ол Алматыдан оралған соң, мен қойылған спектакль туралы хабар жасап, сұхбат алатын болып келістік. Содан Мұрат Алматыға барамын деп көлік іздейді. Көліктің жүргізушісі түнімен жол жүріп, бір жақтан шаршап келген екен. Мұрат жолай Шуға соғып, келіншегін, баласы мен қызын тастамақшы болған. Бірақ, жолдағы Малдыбай ауылының тұсында қарсы келе жатқан көлікке соқтығысып, үлкен көлік апаты орын алады. Сол күні әлгі жерде үш көлік апаты болады да, 5-6 кісі қайтыс болып кетеді. Сол жерде Мұрат пен кішкентай қызы өмірден озып, келіншегі Райхан мен баласы екеуі ауыр халде ауруханаға түседі. Қарап отырсаңыз, қойылған қойылымда да екі адам қайтыс болды. Мынау өмірде де екі адам бақилық болып отыр. Осылай сол кезде тылсым, түсініксіз жағдай орын алған еді. Ол пьесаны ешкім қайтып қолына алған жоқ, қайтадан қойылған жоқ. Сонымен тоқтады. Сол пьесаны сол күні түгелдей жазып алғанмын. Телеарна архивінде де сақталып тұр. Бұл өкінішке қарай Мұрат шығармашылығының да нүктесі болды. Үлкен талант иесімен қысқа уақыттағы достығымды үнемі еске алып жүремін.

«Орысшаға да, қазақшаға да жетік болатын»

Қуаныш ИЕМБЕРДИЕВ, Ақпарат саласының үздігі:

– Біз заты бір ауылдан дегенмен, Мұраттың әкесі жұмыс бабымен сыртта болып, туған жеріне кейінірек көшіп келген. Мұрат өзі Алматыда туған. Сондықтан мен ол азаматпен бертінде облыстық «Еңбек туы» ( қазіргі «Aq jol») газетінде таныстым. Мұрат бауырымыз ешкімнің бетіне келмейтін, ақкөңіл, бірден баурап әкететін азамат еді. Ағалыіні әріптес ретінде жақсы араластық. Керемет журналист болатын, ойы озық еді. Сол кісіге қарап бой түзейтінбіз. Оны әсіресе кейінірек бас редактор болған Әлдихан Қалдыбаев ағамыз өте жақсы көрді. Біріншіден, бір ауданнан еді. Екіншіден, Мұрат та Әлдекең секілді балалар әдебиетіне қалам тербеді. Әңгімелер, повестер жазды. Сондықтан да Әлдихан ағаның оған деген ықыласы бөлек болды ғой деп ойлаймын. Мұраттың шын мәнінде қаламы жүйрік еді, жазушы ретінде болашағы зор болатын. Бір ғажабы Мұрат қазақ және орыс тілдерінде мақалаларды да, әңгімелерді де керемет жазатын. Осындай талантына қайран қалатынмын. Оның орысша жазған әңгімелерінің өзі тартып тұратын, керемет терең болатын. Өкінішке қарай өмірден ерте қайтып кетті. Үлкен сағынышқа айналды.

 

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар