«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ақыртас кешеніне барып көрдіңіз бе?

Ақыртас кешеніне барып көрдіңіз бе?
Автор
Өңіріміз тарихи ескерткіштерге кенде емес. Олар облыс аумағына туристердің келуін арттыратын құнды жәдігерлер. Республикалық маңызы бар ескерткіштерді сақтау, қорғау және дамыту ауқымды іс. Себебі, кешендерді тамашалауға арнайы келушілер үшін де қолайлы жағдайдың әсері ерекше. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен «Өңірдегі республикалық маңызы бар ескерткіштерді сақтау, қорғау және дамыту» атты брифингте Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығының директоры Нұржан Мергенбай баяндады.

Спикердің айтуынша, өңірімізде республикалық маңызы бар 30 нысан бар. Оның ішінде Ақтөбе (Баласағұн), Құлан, Өрнек, Қостөбе, Ақыртас секілді 5 көне қалашық ЮНЕСКОның дүниежүзілік мұра тізіміне енсе, Ақыртас пен Айша бибі нысандары жаһандық туристік т артымды ескерткіштер қатарына қосылған. Жылдан жылға е скерткіштерді тамашалауға ниетті туристердің саны артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 112 мың адам республикалық маңызы бар ескерткіштерді аралауға қызығушылық танытса, 2025 жылы 125 мың адам тарихи құндылықтарды көзімен көрген. Қазіргі таңда әр тарихи нысанға кіру билетін QR код арқылы төлей беруге мүмкіндік алған.

Нәтижесінде билеттен түскен табыс 26 миллион теңгені құрап отыр. 2024 жылы бұл көрсеткіш 16 миллион теңгенің көлемінде болған. Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен жаңа тарифтік жоспар бойынша билет құны мектеп оқушыларына 100 теңге, студенттер үшін 200 теңге. Зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Ақыртас кешенінде туристерге арналған, бағасы қолжетімді, жайлы қонақ үй қызметі жолға қойылып отыр. Қарахан кесенесінде үш тілде ақпарат беретін QR жүйелі 3D cтендтер орнатылып, жарықтандыру жүйесі мен тас төсеніштері жаңартылыпты. Мемлекет басшысы талап етіп отырған цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану да жүзеге асып жатыр.

– Әр ескерткішті күтіп баптау, айналасына тал-дарақ егу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Оған мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы септігін тигізді. Айша бибі кесенесінің суару және жарықтандыру желілері толық жаңартылып, қызметкерлер мен келушілерге қолайлы жағдай жасалды. Жыл бойына 116 мәдени бұқаралық іс-шара, 1 халықаралық конференция мен ондаған көрме жұмыстары ұйымдастырылды. Еліміздің өзге өңірлеріндегі музей – қорықтармен байланыс жақсарып отыр. «Отырар» музей – қорығының көшпелі көрмесі Әулиеата жеріне келіп, олар әкелген жәдігерлер бірнеше апта бойы көпшілік назарына ұсынылды. Әр нысанда 20-ға жуық бейнебақылау бар. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл орайда да белгілі АІ мамандармен келісімге келіп, жұмысымызды жаңа мазмұнда дамытуға бет алдық. Атап айтқанда «Айша бибі» мен «Қарахан баба» аңыздары электронды форматта қайта жаңғырды. Қазіргі таңда көрерменге жол тартты. Бұл қадам жастар арасында тарихи жәдігерлерге деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Біз түрлі тәсілдер мен технологияларды қолдану арқылы туристер санын арттыруға ықпал ете беруіміз керек. Музей қорықтың басты ұстанымы осы. Мәселен, Тараз қаласы тұрғындарының арасында 20 шақырым жердегі «Ақыртас» көне қалашығына бармаған адамдар бар. Бұған не деуге болады? Бұл жағдай ұйымдастыру және көркейту, абаттандыру жұмыстарын дамыта түсу қажеттігін көрсетеді. Біз жұмысты жандандырып, бармай жүрген барлық кісілер қызығып баратын деңгейге жеткізуіміз қажет. Ол үшін нақты жоспар мен жауапты еңбек керек. Ұйымдастыру жұмыстарының белсенді жүргізілу қажет екенін әр қызметкер түсініп, жұмыстарын жандандыра түсті. Жүргізілген жұмыстардың барысын күн сайын байқап, таразылап отырмын. Бір жағынан біздер тарихи кешендерді дамыту жұмысына үлес қосып келеміз. Осылайша, бүгінгі күннің тарихы жазылуда. Оны да көңілге түйген жөн. Қандай жұмыс атқарсақ та өңірдің құндылықтарын дәріптеуге, тарихымызды түгендеуге, нысандарды дамытуға бағытталып жатыр. Алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарлар да ауқымды. Таяқ ұстап келген кісіге тай мінгізген Тараздың тарихы қанша ғасыр өтсе де маңызды. Бүгінгі тарих – аты аңызға айналған тұлғалардың кеше жүріп өткен жолы. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей – қорығы ұлттық мұраны сақтауды заманауи технологиялармен ұштастыра отырып, өңірді әлемдік туристік брендке айналдыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді, – деді музей-қорық басшысы.

Сонымен қатар Нұржан Мергенбай жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жанжақты жауап берді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар