«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасанды интеллект – болашағымыздың айнасы

Жасанды интеллект – болашағымыздың айнасы
Автор
Соңғы жылдары адамзат өркениеті бұрын-соңды болмаған технологиялық серпілісті бастан кешіп отыр. Ғылым мен инновация саласындағы бұл жаңалықтың алдыңғы шебінде – жасанды интеллект тұр. Кеше ғана қиял-ғажайып туындыларда көрініс тапқан интеллектуалды жүйелер бүгінде күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Ақпаратты талдау, мәтін жазу, сурет салу, бейне жасау, тіпті адамның дауысын айнытпай қайталау – жасанды интеллект үшін үйреншікті іске айналды. Бұл құбылыс қоғамға жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа қауіптер де ала келгені жасырын емес.

Қазақстан да бұл үдерістен шет қалып отырған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жасанды интеллект жылы деп жариялап, аталған саланы ел дамуының стратегиялық бағыты ретінде айқындады. Президенттің бұл бастамасы – цифрлық экономиканы дамытуға, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және адами капиталды нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Алайда технологиялық прогресс тек мүмкіндіктермен өлшенбейді. Оның көлеңкелі тұстары, бақылаусыз қолданылуы және этикалық шектеулердің әлсіздігі қоғамды жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет қалдырып отыр. Жасанды интеллектіні дамыту – бүгінгі таңда әлем елдерінің басты бәсекелестік артықшылығына айналған сала. Осыны ескере отырып, Қазақстанда да бұл бағытта жүйелі қадамдар жасалуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында және ресми баяндамаларында жасанды интеллект технологияларын экономиканың, білімнің, медицинаның, мемлекеттік қызметтің барлық саласына енгізу қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Биылғы жылды жасанды интеллект жылы деп жариялау – осы сөздердің нақты іске айнала бастағанының нақты белгісі болса керек. Мемлекет басшысы атап өткендей, жасанды интеллект еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, адами факторға тәуелділікті азайтып, басқару шешімдерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мәселен, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, деректерді талдау арқылы әлеуметтік саясатты тиімді жүргізу, медицинада диагноз қою сапасын арттыру – жасанды интеллектінің оң қырларының бір парасы ғана.

Технология дамыған сайын оны құқықтық тұрғыда реттеу қажеттігі де арта түседі. Қазақстанда жасанды интеллект туралы заңнамалық негіз қалыптастыру күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналды. Қазіргі таңда жасанды интеллектіні қолдану, деректер қауіпсіздігі, авторлық құқық, жеке өмірге қол сұқпау мәселелері заң аясында қайта қаралуда. Бұл – уақыт талабы. Жасанды интеллект – жай ғана бағдарлама емес, ол адамның шешіміне, мінез-құлқына, тіпті тағдырына әсер ететін құрал. Сондықтан оны кім, қалай және қандай мақсатта пайдаланып отырғаны аса маңызды. Заңның негізгі мақсаты – инновацияны тұншықтыру емес, керісінше оны қауіпсіз әрі жауапты арнаға бұру. Алайда кез келген заң қоғамның санасымен, мәдениетімен үндеспесе, қағаз жүзінде ғана қалып қоюы мүмкін.

Бүгінде жасанды интеллектіні қолдану қарқыны заңнама лық реттеуден әлдеқайда озып кетті. Әсіресе әлеуметтік желілерде бұл технологияның бұрыс әрі жауапсыз қолданылуы жиілеп барады. Шынайы адамдардың бейнесін, дауысын қолдан жасап, оларды сөйлеуге мәжбүрлеу, жалған видеолар тарату, манипуляциялық контент өндіру – осының айқын дәлелі. Кейбір жағдайларда танымал тұлғалардың немесе қарапайым азаматтардың дауысы мен келбеті қолдан жасалып, олардың айтпаған сөзі айтылғандай етіп көрсетіледі. Бұл – тек этикалық мәселе емес, бұл – қоғамның сеніміне жасалған шабуыл. Адамдар бір-біріне ғана емес, көріп отырған ақпаратына да күмәнмен қарай бастады.

Жасанды интеллектінің ең қауіпті тұстарының бірі – шынайы мен жалғанның арасындағы шекараны жоюы. Бұрын фото немесе видео – шындықтың дәлелі саналатын. Ал бүгінде ол түсінік түбегейлі өзгерді. Қазір кез келген адам бірнеше минуттың ішінде өмірде болмаған оқиғаны бейнежазба түрінде «дәлелдеп» көрсете алады. Бұл құбылыс қоғамды шындықтан алыстатып, ақпараттық хао сқа әкелуі мүмкін. Адамдар неге сену керегін білмей, эмоцияға ерік беріп, жалған ақпараттың жетегінде кетіп жатыр. Мұндай жағдайда сыни ойлау, ақпаратты тексеру мәдениеті аса маңызды бола түседі.

Алайда өкінішке қарай, көпшілік бұл дағдыны әлі толық меңгере қойған жоқ. Жасанды интеллектінің шамадан тыс әрі ойланбай қолданылуы адамның психологиялық күйіне де әсер етпей қоймайды. Қолдан жасалған бейнелер мен видеолардың көптігі, жасанды дауыстар, жалған эмоциялар – адамды тез жалықтырады. Табиғилыққа деген сұраныс артқан сайын, жасандылыққа деген қарсылық та күшейе түсуде. Адам баласы шынайы эмоцияны, тірі қарым-қатынасты, табиғи әңгімені аңсайды. Ал жасанды интеллект бұл қажеттілікті толық алмастыра алмайды. Керісінше, оны шектен тыс қолдану қоғамда эмоционалдық салқындауға, сенім дағдарысына алып келуі мүмкін.

Жасанды интеллектіні тек технологиялық жетістік ретінде қарастыру жеткіліксіз. Ол – қоғамның ойлау жүйесіне, ақпарат қабылдау мәдениетіне және адам мен адам арасындағы сенімге тікелей әсер ететін құбылыс. Әсіресе ақпараттық кеңістікте жасанды интеллектінің ықпалы күн сайын күшейіп келеді. Бұл үрдіс журналистика, медиа және қоғамдық пікір қалыптастыру салаларына түбегейлі өзгеріс әкелді. Бүгінде әлемдік медиада жасанды интеллект жаңалық жазуға, деректерді сараптауға, тақырып таңдауға кеңінен қолданылуда.

Бұл бір жағынан журналистің уақытын үнемдеп, жеделдікті арттырса, екінші жағынан кәсіби этика мәселесін күн тәртібіне шығарды. Қолдан жасалған мәтін мен адам жазған мақаланың аражігін ажырату барған сайын қиындап барады. Қазақстандық ақпараттық кеңістікте де бұл үрдіс байқалады. Кейбір платформалар жасанды интеллект көмегімен жаңалықтар дайындап, оны редакциялық сүзгіден өткізбей жариялауға көшкен. Нәтижесінде мазмұн бар, алайда мағына тереңдігі, адами көзқарас, жауапкершілік жетіспей жатады. Журналистиканың басты миссиясы – тек ақпарат тарату емес, қоғамға бағыт-бағдар беру екенін ескерсек, бұл алаңдатарлық жайт.

DEEPFAKE ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК

Жасанды интеллектінің ең қауіпті құралдарының бірі – deepfake технологиясы. Бұл технология арқылы кез келген адамның бет-бейнесі мен дауысын қолдан жасап, оны мүлде айтпаған немесе істемеген әрекетке «қатыстыруға» болады. Соңғы кезде әлеуметтік желілерде тараған жалған видеолар осының айқын дәлелі. Мұндай контенттің негізгі қаупі – оның шынайылығына көпшіліктің сенуі. Адамдар көрген бейнеге эмоциямен жауап беріп, оны тексермей бөлісе салады. Ал бұл қоғамда дүрбелең туғызып, жалған ақпараттың тез таралуына жол ашады.

Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары deepfake тек жеке тұлғаларға емес, тұтас мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін. Осы жағдайда жасанды интеллект туралы заңның маңызы арта түседі. Алайда заң жалғыз өзі мәселені шешпейді. Қоғамда медиасауат пен цифрлық мәдениет қалыптаспайынша, кез келген технология қауіпті құралға айналуы мүмкін. Әр азамат ақпаратты тұтынушы ғана емес, оның жауапты қатысушысы екенін түсінуі тиіс.

Медиасауат – бұл ақпаратты тек қабылдау емес, оны сараптау, салыстыру және шынайылығын анықтау қабілеті. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда бұл дағды әлі де әлсіз. Әсіресе жастар арасында әлеуметтік желідегі кез келген видео мен пікірге сене салу кең таралған. Бұл – жасанды интеллектінің дұрыс пайдаланылмауының салдары ғана емес, жалпы ақпараттық мәдениеттің төмендігінен туындаған мәселе.

Жасанды интеллектінің дамуына қатысты ең көп қойылатын сұрақтардың бірі – ол адамды толық алмастыра ала ма деген сауал. Техникалық тұрғыдан алғанда, көптеген процестерді автоматтандыру мүмкін екені рас. Алайда жасанды интеллект ешқашан адамдағы арожданды, жауапкершілікті, эмоцияны, ішкі түйсікті алмастыра алмайды. Адам – тек логикамен емес, жүрекпен ойлайтын жаратылыс. Ал жасанды интеллект – дерекке сүйенетін құрал ғана. Сондықтан оны адамға қарсы қою – қате.

Керісінше, технология мен адам арасындағы дұрыс тепе-теңдікті сақтау – басты міндет. Жасанды интеллектіні дамыту тек мемлекет пен заң шығарушылардың міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір қолданушы оның мүмкіндігімен қатар, салдарын да түсінуі тиіс. Біреудің дауысын қолдан жасап, оны күлкі ету – жай ғана ойын емес, бұл адамның ар-намысына нұқсан келтіру.

Қазіргі таңда технологиялық жетістікті этикадан бөліп қарау мүмкін емес. Жасанды интеллект адамға қызмет етуі керек, ал адам оны бақылауда ұстауы тиіс. Егер бұл тепетеңдік бұзылса, технология прогресс емес, регресс құралына айналуы ғажап емес. Жасанды интеллект туралы әңгіме тек технология жайлы сөз емес, бұл – адамзаттың болашағы туралы әңгіме. Қандай қоғам құрып бара жатырмыз, қандай құндылықтарды алға қоямыз, шындық пен жауапкершілікті қай деңгейде сақтай аламыз – осының бәрі жасанды интеллектіні қалай пайдаланатынымызға тікелей байланысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды жасанды интеллект жылы деп жариялауы – уақыт талабынан туған, стратегиялық тұрғыда дәл шешім. Бұл бастама Қазақстанның технологиялық дамуға бейжай қарамайтынын, керісінше, әлемдік үдерістермен қатар қадам басуға ниетті екенін көрсетеді. Президент атап өткендей, жасанды интеллект ел экономикасының тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеруге тиіс. Алайда Мемлекет басшысы технологияны жалаң жетістік емес, жауапкершілікпен қолданылатын құрал ретінде қарастыру қажеттігін де ескертіп келеді.

Бұл – өте маңызды ұстаным. Себебі жасанды интеллектіні дамытумен қатар, оның қоғамға тигізер әсерін алдын ала ойлау, қауіптерін бағалау, этикалық шектеулерді нақтылау – басты міндеттердің бірі. Жасанды интеллект туралы заң қоғамда түрлі пікір тудырып отыр. Бірі оны дамуға кедергі деп қабылдаса, енді бірі қауіпсіздіктің кепілі ретінде көреді. Шын мәнінде, заң – технологияны тоқтататын емес, оны дұрыс арнаға бағыттайтын тетік. Ол адамның жеке өмірін, ар-намысын, дербес деректерін қорғауға бағытталуы тиіс.

Қолдан жасалған бейнелер мен дауыстарды рұқсатсыз пайдалану, жалған ақпарат тарату, қоғамды адастыру – мұның бәрі заңмен нақты реттелмесе, салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллект туралы заң тек техникалық нормалардан тұрмай, моральдықэтикалық қағидаттарды да қамтуы қажет. Бүгінгі таңда ең өзекті мәселенің бірі – адам мен жасанды интеллектінің арасындағы шекараны с ақт ау.

Технология адамға қызмет етуі керек, ал адам оны толық бақылауда ұстауы тиіс. Егер керісінше жағдай орын алса, яғни адам технологияның жетегінде кетсе, бұл рухани құлдырауға алып келуі мүмкін. Қазіргі қоғамда шынайы сезім, тірі сөз, табиғи қарым-қатынас барған сайын құнсызданып бара жатқандай әсер қалдырады. Оның орнын қолдан жасалған эмоция, монтаждалған видео, ойдан шығарылған бейне басуда. Бұл – қауіпті үрдіс. Себебі адам баласы шындыққа емес, иллюзияға үйреніп кетуі мүмкін. Жасанды интеллектінің дамуы адамдардың шындықты қабылдауына да әсер етті.

Бүгінде көпшілік көрген видеосына, естіген дауысына бірден сене алмайды. Бұл бір жағынан сақтықты арттырса, екіншіден сенім дағдарысын туғызады. Қоғам бір-біріне күмәнмен қарай бастаса, әлеуметтік байланыстар әлсірейді. Шынайы мен жасандының аражігін ажырата алмау – тек техникалық емес, рухани мәселе. Бұл адамды өз болмысынан алыстатып, өмірді экран арқылы қабылдауға итермелейді. Мұндай жағдайда жасанды интеллект адамның өмірін жеңілдететін құрал емес, оны жалықтыратын, шаршататын факторға айналады. Жасанды интеллектіні тоқтату мүмкін емес, әрі қажет те емес. Ол – прогресс.

Алайда прогресті ақылмен басқару керек. Қазақстан үшін бұл сала үлкен мүмкіндік қана емес, үлкен жауапкершілік. Мемлекет, қоғам және әрбір азамат бірлесе әрекет еткенде ғана жасанды интеллект игілікке қызмет етеді. Ең бастысы – адам факторын жоғалтпау. Қандай технология келсе де, соңғы шешімді адам қабылдауы тиіс. Ар-ождан, жауапкершілік, әділеттілік сияқты құндылықтар ешқашан алгоритммен өлшенбейді.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Жасанды интеллект – біздің болашағымыздың айнасы. Оған қарап қоғамның қандай жолды таңдағанын көруге болады. Егер біз оны тек пайда табудың, манипуляция мен шынайылықты қолдан жасаудың құралына айналдырсақ, онда өз қолымызбен сенімге сызат түсіреміз. Ал егер жасанды интеллектіні адамға қызмет ететін, ақылды әрі әділетті құрал ретінде дамытсақ, онда ол ел дамуының қозғаушы күшіне айналады. Ал таңдау – технологияда емес, адамның өзінде.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар