Бұл кісінің өмір жолы қызық, әсерлі. Жетіжылдық мектепті бітірісімен 14 жасында еңбекке араласқан. «Трудовой пахарь» ұжымшарында жұмысшы болған ол шаршауды білмеген екен. Екі жыл еңбек ете жүріп, шаруашылықтың қара жұмысына араласып, қаранардай қарымын көрсеткен. Осы уақыт ішінде тракторшылар дайындайтын курста да оқып үлгергендіктен, 19 жасына дейін ұжымшарда механизатор болыпты. Атандай алып таракторды жүргізу 16 жасар бозбалаға оңай соқпағаны анық. Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын жылдар.
Сауатты мамандар, тіпті мықты механизаторлар да тапшы кез. Бұл болса үлкен ағаларынан қалыспай тракторды тізгіндеп, ұжымшардың сан салалы тіршілігіне қолғабыс берген. Сол қажырлы ісіне өзі сүйсінді, ата-анасы ерекше қуанды. Ол уақытта тракторшы болу дегеніңіз – үлкен мәртебе. Кеңшарда көк тракторды зымыратып жүргенінде үш жыл зулап өте шығыпты. Содан 19 жасында әскерге шақырылды. Тағы да үш жыл бойы Кеңес армиясының ГДР тобында отандық борышын өтеп қайтты. Әскерден күш жинап, шынығып, ширап келді.
«Міне, нағыз азамат!» деп ауыл ақсақалдары сүйсінгендерін жасыра алмаушы еді, шіркін! Әскерден келген соң елде аз ғана уақыт демалып, ұжымшарға көлік жүргізушісі болып жұмысқа кірісті. Осы жұмысын 1980 жылға дейін табаны күректей 13 жыл бойы атқарды. Осы жерде бір мәселеге тоқталғанымыз жөн. 1964 жылы «Трудовой пахарь» ұжымшарына Александр Нахманович деген азамат төраға болып сайланады. Оны облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Асанбай Асқаров өзі арнайы келіп, отырғызып, басқарма мүшелерімен және ауыл халқымен таныстырып кетеді. Александр Нахманович аталған ұжымшарды керемет іскерлікпен басқарып, шаруашылықтың аты дүркіреп шығады.
Нахманович жай жүрмей, қолынан іс келетін, белсенді еңбеккерлерге назар аудара жүріпті. Ұжымшарға 14 жасында жұмысшы болып кірген Тәуірбектің тәуір тірліктері, жұмысқа деген жауапкершілігі іскер төрағаның назарынан тыс қалмаған екен. Тәуірбек Әшімов 1977-1980 жылдар аралығында қатарынан 4 жыл Бүкіл Одақтық Социалистік жарыстың жеңімпазы атанды. Мұның қандай жоғары жетістік екенін Кеңес Одағында еңбек еткендер өте жақсы түсінеді. Ал 1978 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола жүлдегері атанды.
1980 жыл еді. Бұл Әшімовтың ұжымшарға ерен еңбегі сіңген уақыт. Өзі жалындап тұрған жас жігіт. Бір күні Нахманович шақырып алып: «Сенің жұмысыңды көріп, бақылап жүрмін. №3 өндірістік бригаданың бригадирі боласың» деп қызмет ұсынады. Тәуірбек әуелі ойланып, ыңғайсызданып қалады.
«Ол жағы қалай болар екен. Дипломым да жоқ. Қолымнан келе ме?» дей беріпті.
Нахманович:
«Бізге диплом емес, нақты жұмыс керек. Сенің қолыңнан іс келетінін байқадым. Бригаданы қабылдап ал. Түс қайта сенің қызметің туралы бұйрық шығарамын» деп бұл мәселеге нақты түйін жасайды.
Осылай 36 жастағы жас азамат бригадир болып шыға келеді. Қарамағында жүздеген еңбек адамы бар. Оның ішінде өзінен жасы әлдеқайда үлкен кісілер де көп. Білікті мамандарға басшылық жасау қайдан жеңіл дейсіз. Ұжымшардың төрағасы с енім артқан соң, Тәуірбек атқа мінді. Жауапкершілікті түсініп, сенім үде сінен шығуға бар күш жігерін салды. Осы қызметті 1980-1998 жылдар бойы абыроймен атқарды. Ақжар бөлімшесінің меңгерушілігін де қо са атқарды. Былайша айтқанда озат басшы болды. Өндірістік бригадада жүгері, бидай, арпа, қызылша, жоңышқа барлығы да егіліп, өсірілетін. Сиыр фермасының жұмысын да үйлестіре білді.
Тәулігіне 140 тонна жоңышқа өнімін әзірлеп, үлгеріп тұрды. Ал жалпы 2100 гектар суармалы егістік алқапты жұмысшы, диқан, еңбеккерлермен бірге игеріп, мол өнім жинау жолында бірігіп, жұмыла еңбек етті. Жас бригадирдің жұмысына ұжымшар төрағасының да көңілі толды. Ол бригадирді дұрыс таңдай білгеніне әркез қуанып жүрді. Тәуірбек Әшімов 1965 жылы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 20 жылдығы мерекелік медалімен, 1980 жылы ІІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен, 1987 жылы ІІ-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. 1977-1987 жылдары Буденовка ауылдық кеңесінің депутаты, 1987- 1990 жылдары Байзақ аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Бюро мүшесі деген құрамдағы 13 кісімен бірге бір ауданның бүкіл мәселелерін шешіп, барлық лауазым иелерінің қызметіне баға беруге қатыса алады деген сөз. Мұның бәрі адал еңбектің жемісі. Онымен қоса 1987 жылы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалін иеленіп, Қазақ КСР ауыл шаруашылығы министрінің Құрмет Грамотасымен де марпатталды.
Бұл марапаттар оның еңбегінің нақты жемісі, лайықты бағалануы. Дегенмен тиісті тарапқа марапатты ұсыну барысында білікті төраға Александр Нахмановичтің де елеулі үлесі болғаны анық. Осылайша еңбек адамының жұмысы лайықты бағаланды. Сондай үлкен ұжымшарды түркіретіп басқарған Нахманович те тегін кісі емес. Қызметке өсіремін десе, дипломы бар талай кісі жүрді емес пе? Ішінен бір жапырақ қағазы жоқ болса да іскерлігін танып, Тәуірбекті таңдап алды. Оның қолынан іс келетінін білді. Сан жылдар бойы жауапты маман екеніне көзі жетті. Ал Тәуірбек те қамшы салдырмай жұмыс істеп, бригадирлік жұмысты да дөңгелетіп алып кетті.Оған айналасы тегіс куә.
Уақыт бір орнында тұрмайтыны рас. Қоғам да әрқашан өзгеріп, дамып, ілгерілеп отырады. Тәуірбек Әшімов 1998 жылы «Рүстем» шаруа қожалығын ашып, төрағасы болды. Аталған шаруа қожалықты 2014 жылға дейін сәтті басқарып, жаңа заманның көшіне де ілесе білді. Шаруашылығын дамытып, мал басын көбейтіп, өзіне қарасты алқаптан мол өнім алуға қол жеткізді. Бір сөзбен айтқанда істің көзін, байлықтың өзін тапты. Жігерлі де іскер Әшімов 70 жасына дейін аттан түспей, ұйымдастыру жұмысында жүрді. Осы жасында шаруа қожалықтың төрағалық жұмысын Рүстем деген баласына тапсырды. Ол да – үлгілі іс. Өзі бастап басқарып, ізіңді жалғайтын ұлыңа жұмысыңды тапсыру үлкен бақыт емес пе? Тәуірбек ақсақал сондай күн туғанына тәубе дейді. Жалпы еңбек өтілі – 56 жыл. Бір Ақжар ауылының дамуына, экономикасының ілгерілеуіне 56 жыл бойы тер төккен Тәуірбек ақсақалдың ісі таусылмас тағылым.
Қазіргі таңда шаруа қожалықтың жұмысын Рүстем де лайықты жалғастырып, әке үмітін ақтап келеді. Тәуелсіздік алған жылдары да Тәуірбек ақсақал марапаттан кенде болмады. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Құрмет Грамотасын иеленді. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына ие болған. 2018 жылдан Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанса, 2020 жылдан Жамбыл облысының Құрметті ардагері. Ол осы марапаттың барлығын өзі туып өскен Ақжар ауылының дамуына қосқан үлесі үшін алды. Оған туған өлкесінің көркейгені, озат ауылдардың қатарына қосылғаны қымбат. Өзі де аталған ауылда тұрып жатыр. Ол кісіге арнайы барып сәлем беретіндер көп. Ақ батасын алатындар да аз емес. Себебі жүріп өткен өнегелі жолы бар, бір ауылдың мақтанышы.
Ақжардың жастарына ақыл берер қариясы. Ісі – қасиетті, сөзі – өсиетті.
«Біз Тәуірбек атамызды қадірлеп, тағылымын тыңдап өстік. Әкем осы кісінің қарамағында механизатор болып еңбек етті. Сол кезде жұмысына жауапты, қарамағындағы кісілерге жанашыр екенін аңғарушы едік. Шаруа қожалық жетекшісі ретінде де талай азаматтарға үлгі болды», – дейді аталған ауыл тұрғыны Сырым Жапсарбайұлы.
«Жақсы қария белгісі жанып тұрған шам болар» дегендей, Тәуірбектің тәуір ақсақал екенін бүкіл ауылдастары айтады. Қызметтегі табандылығы мен жауапкершілігі өз алдына бұл кісі отбасының ұйытқысы ретінде де баршаға үлгі. Жұбайы Ботакөз апай ауылда 25 жыл кітапханашы болып еңбек еткен кісі. Тәуірбек атаның үш ұлы, үш келіні бар. Олардан бірнеше немере өсіп өніп отыр. Ұлдары мен немерелерін де адал еңбекке баулу – қарияның дағдылы ісі. Қазіргі таңда немерелерін диқаншылыққа және мал шаруашылығына үйретіп, баулып келеді. «Бірлік бар жерде тірлік бар» дегендей, атасы бастап, ұлдары мен немерелері қостаған таудай тірліктің талайын тындырып, шаруа қожалықтың да жұмысын тіктеген жағдайлары бар.
«Өзім үлкенұлы болғандықтан, бөлек шығып кеттік. Дегенмен, әкеміз бен анамыздың жағдайын сұрап ауылға жиі-жиі келіп тұрамыз. Әкем – нағыз еңбек адамы. Жұмысшы кезіндегі бейнеті өз алдына, бригадир кезінде де жұмысшыларымен бірдей талғамай еңбек ете беруші еді. Бастықпын деп қолын қалтасына салып, шіреніп тұру – әкеме жат қылық. Біз сол тәрбиені көріп өстік. Қазіргі таңда айналаға жанашырлықпен қарап, інілеріме болысып, тіпті басқа таныстардың өзіне көмектескім келіп тұрады. Оның барлығы бойымызға әкеміздің адал істерінен жұққан ғажайып қасиеттер. Асқар тау әкемді біреу мақтап жатса, көңілім өсіп марқайып қаламын. Ауылдың дамуына әкемнің сіңірген еңбегі үлкен екенін білемін. Кезінде Ақжар ауылының айналасында да жұмыс көп болып, қызу еңбек қайнап жататын. Бір ауылдың дамуы үшін тер төккен еңбеккерлерді жұмылдыруда әкемнің сіңірген еңбегі үлкен. Оны үлкендер де айтады, өзіміз де осы кезге дейін көзімізбен көрдік. Қазіргі таңда да ауылдың үлкен-кішісін түгендеп, назар аударып, ауыл тынысын бақылап отырады. Ауылдың белсенді ақсақалы ретінде де округ әкіміне бірқатар ұсыныстар айтып, елдің еңсесі көтерілсін деп жүрген кісі. Ұсыныс айтқанда жеке басына қатысы емес, барша тұрғындарға ортақ мәселені көтереді. Қараңғы көшеге жарық тарту, жөндеу, аз қамтылған отбасына көмектесу, жастардың бос уақытын игілікті іске жұмылдыру секілді ұсыныстары үнемі қолдау табады. Әкеміз ретінде отбасына жасаған жанашырлығы да көп. Кезінде талай тарихи адамдармен, тұлғалармен бірге еңбек еткен асқар тау әкемді мақтан етемін», – дейді үлкен ұлы Шыңғыс Әшімов.
Еңбектің тай қазанын қайнатқан ақсақалға барша ауылдастары риза. Көптің сөзін сөйлейтін көкшелілігі ақсақалды өзгеден даралап, биіктетіп тұрады. Ол кісінің де айтар сөзі аз емес екен. – Жастарға үнемі жұмыстан шаршадым демеңдер деген өсиет айтамын. Жас азаматқа еңбекті ауырсынуға, бейнеттен қашуға болмайды. Себебі, олардың бойында тау қопаратын күш бар. Еңбек ізденісті, белсенділікті қалайды.
Белсенді еңбек еткен адам бел асады. Оны өзімнің өмірлік тәжірибемнен білемін. Сол тәжірибені жастармен бөлісіп, оларды өнімді еңбекке, ұлағатты істерге жетелеп жүремін. Өйткені өзім еңбекпен өсіп, жетілдім.
Есет ДОСАЛЫ
Байзақ ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Отбасы құндылығы мен гендерлік саясат әңгіме болды
- Бүгін, 16:35
Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
- Бүгін, 16:29
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




