Халық ертегілерінде жақсылық пен жамандық, адалдық пен арамдық, мейірімділік пен зұлымдық, еңбек пен жалқаулық сияқты қарама-қайшы ұғымдар көркем тілмен суреттеледі. Батырлар ерлігі, тазша баланың тапқырлығы, қиял-ғажайып әлемі – бәрі де баланың ой-санасын дамытып, қиялын ұштайды.
Қазіргі таңда ертегілердің тәрбиелік маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Смартфон мен ғаламторға байланып қалған бала санасына ұлттық рухты сіңіру – ертегілер арқылы әлдеқайда тиімді. Сондықтан үйдегі әжелер де баланың жан дүниесін ертегімен байытып отыруы қажет. Өйткені ертегі тыңдаған бала – ертең елін сүйетін, арманшыл, әділетті тұлға болып қалыптасады. Ертегі кейіпкерлерінің әрекеті мен оқиғалары арқылы бала жақсылық пен жамандықты салыстырады, қиындықтарды жеңу жолдарын түсінеді де баланың ішкі сенімін қалыптастырады. Ал ертексіз өскен бала – рухани мүгедек. Бұл тұрғыда баһадүр Бауыржан Момышұлы бабамыздан асып ешкім айта алмаған болар, сірә?
Ертегі мен бесік жырының маңызы туралы ой қозғағанда ол:
«Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын...» деп тоқетерін айта білген.
Иә, шындығында ертегіден асқан фольклор жоқ. Бірақ осы байлықтың ғылым жолымен жиналып, зерттелу жағы кемшін болып тұр. Қазақ ертегісіне көңіл бөлген кісілердің саны біршама, бірақ бұл жеткіліксіз. Халық аузында жүрген барлық ертегілерді жазып алып, жиып жарыққа шығарудың өзі де ғылым жолындағы үлкен еңбек. Қазақ фольклорларының үлгілері, соның ішінде ертегілері де XIX ғасырдың басынан бері қарай жинала бастады. Қазақ ертегілері ең алғаш академик В.Радловтың жинағында басылды.
Аталмыш жинаққа қазақтың ауыз, жазба әдебиетінің басқа да үлгілерімен қатар «Алтын бел», «Хан Шантай», «Еркем Айдар», «Жақсылық пен жамандық», «Хан қызы», «Сүт сатқан тазша», «Молданың үйінде оқыған бала», «Түлкі, қасқыр, жолбарыс», «Киік» тағы басқа ертегілер енген. Қазақ ертегілерін Радловтан басқа, Шоқан Уәлиханов, профессор И. Березин, Н. Ильминскилер де едәуір жинақтады. Бірақ олар дәл В.Радлов сияқты ғылыми жүйеге келтіріп, қазақ тілінде бастырып үлгермеді. Сондай-ақ А. Алекторов пен Г. Потанин де қазақ арасынан ертегі жинаған. Ал қазақ ертегілерін ауыз әдебиетінен жинаған қазақтар арасында Мәшһүр Жүсіп те бар. Ал профессор Әбубәкір Диваев қазақ ертегілерін ұзақ жылдар бойы жинап, оларды газетжурналдарға жариялап, тіпті жеке кітап етіп бастырып отырды. Бабалар сөзі – жай ғана нақыл емес, ол – ұлттың өмір сүру нұсқаулығы, қорқаққа – қамшы, ерге – серт. Ертекші батырлықты, қаһармандықты сүйетін болса ертегінің ішінде соғыс, майдан, ер сыны, ерлік сыны сипаты көбірек көрсетілді.
Ертекші күлдіргі, әзілқой адам болса оның кейіпкері де күлкі сөздер айтқыш, күлкі жайларға кездескіш болады. Ал ертекші ойшыл, ақылгөй, дана кісі болса оның ертегісі – адамгершілік, жақсылық, жамандық туралы неше алуан терең ойлар, шешендік сөздер, нақыл-ақылдар, үлгі-өсиеттерге толы. Ал мұндай даналыққа, ерлікке толы, күліп тұрып-ақ дұрыс шешім қабылдауға негіз болатын ертегілердің балаларға берері, әрине мол. Кешегі ертегідегі ұшатын кілем – бүгінгі ұшақ, әлемді көретін сиқырлы айна – бүгінгі смартфон немесе бейнебайланыс, кешегі желаяқ – бүгінгі спортшылар, автокөліктер, пойыздар. Міне осындай ертегідегі қиял-ғажайыптар – қазіргі ғылым мен техниканың шынайы жетістіктеріне айналды. Яғни ертегі – адамның мүмкіндігі шексіз екенін бала кезден-ақ сездіретін құрал. Енді не істемек керек? Бабалар аманатына қиянат жасамай әр үйден ертегі айтатын әже қалыптастастыру керек. Ол үшін әр бүлдіршін баладан бастап еңкейген қартқа дейін ертегі оқып, тыңдау керек. Елу жылда ел жаңа.
Қазақ ертегілерінің де жаңа сатыға көтерілер кезі келді. Ертегі – баланың ертеңге деген сенімін қалыптастыратын алтын кілтке айналуы тиіс. Ал ол кілтті жасау – қазақ әдебиеті ғылымының еншісінде.
Гүлгаухар ҚҰРМАНӘЛІҚЫЗЫ
Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының мәдени жұмыстарын ұйымдастырушысы.
Ұқсас жаңалықтар
Жыл иесі –Жылқы: Қасиет пен киенің символы
- 30 желтоқсан, 2025
2026 жылдың жарқын күндері
- 30 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




