«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ел анасы – Райкүл

Ел анасы – Райкүл
Автор
«Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар», – демекші, әр адамның қабілетіне қарай жүретін жолы, алдынан шығар нәсібі болатыны анық. Саналы ғұмырының 50 жылын білім саласына арнаған Райкүл Омарованың жас ұрпақтарға сіңірген ерен еңбегін, теңіздей терең білімін бағалайтындар аз емес. Бұл жердегі мәселе көпшіліктің бағалауында емес, Райкүлдің озат ұстазға айнала алуында. Ұстаз ғана емес, бір ауданға қадірлі белсенді ана бола білуінде!

Оның сезімталдығы, аңғарымпаздығы мектеп қабырғасында білім алып жүрген кезінен байқалса керек.

6-сыныпта оқып жүргенінде:

Туғаннан қырын келдің тағдырым-ай,

Жасымнан атандырдың жетім Рай.

Қорқамын кейде өзім кете ме деп,

Пешенем бұл тірлікте бір ашылмай, – деп жыр жолдарын жазған екен. Мектептің 6-сынып оқушысын осындай ойларға жетелеген жылдар қандай ауыр еді десеңізші! Тағдырының ащылау басталғанынан ба екен, Райкүл бала күнінен жазу-сызуға бейім болыпты. Тараз қаласындағы (бұрынғы Жамбыл) №5 қазақ мектеп-интернатында білім алғанда мектептің «Әдебиет», интернаттың «Ара» қабырға газеттерінде бас редактор болғаны – бойында жігердің қайнап, бұлқынып тұрған кезі. Сол кезеңде аталған интернаттың меңгерушісі, белгілі тіл жанашыры Әкім Садықбеков екен. Сол кісі «Ара» қабырға газеті арқылы жалқау оқушыларды сынатып, әзіл-оспақ өлең жолдарымен «тәртіпке» шақырып отырса керек. Әкім ағайы да мұның зеректігіне, қағазға бірдеңені түрте жүретін қабілетіне сүйсіне қарағаны, бағалағаны анық. Бір сәттілікке бір жағдай себеп болып тұрады емес пе?

Райкүл 9-сыныпта оқып жүрген кезінде аталған мектеп-интернатта танымал ақын, қаламгерлер Жақсылық Сәтібеков және Арғынбай Бекбосынмен шығармашылық кездесу өтеді. Міне, осы әсерлі кездесу де біздің бас кейіпкеріміздің әдебиетке, қаламгерлікке деген құлшынысын арттыра түскені анық. Дегенмен, Райкүл бір ғана қазақ тілі мен әдебиетімен шектелмеді. Орыс, неміс, ағылшын тілдерін де мектеп қабырғасынан жақсы меңгеріп шықты. Бірнеше тіл білсем қор болмаймын деген мақсаты да болған шығар. Ол уақыттың талабы бойынша Тастөбе ауылындағы сегізжылдық мектепте аға пионер жетекшісі болып істеп, келесі жылы үлкен арманмен Алматыға жол тартты.

Алматы шет тілдері институтының ағылшын тілі факультетін 1966 жылы бітіріп шығып, Жуалы ауданы, қазіргі Бауыржан Момышұлы ауылындағы Оржоникидзе атындағы орыс орта мектебіне мұғалім болып жұмысына кіріскен. Арада 8 жыл өткенде туып өскен жері Жамбыл ауданы, Аса ауылына оралады. Ондағы мақсаты – Жуалы жерінде өзге ұлт өкілдеріне үйретіп жүрген ағылшыны мен неміс тілін Аса ауылындағы қазақ мектептерінің балаларына үйрету, солардың көзін ашу еді. Сондай оймен желпініп келгенінде бұл кісіге мектептерден бос сағат кездеспеді. Міне, ұстаз жолы да тақтайдай тегіс емес. Бірақ, аудандық білім бөлімінде инспектордың орыны бос екен. Білімі мол, тәжірибесі жеткілікті Райкүл Омарова аудандық білім бөлімінің инспекторы болып қызметке алынады.

Былайша қарасаңыз мыңдаған білім қызметкерлеріне басшы болып барды. Алайда, Райкүлдің көздегені ауылдың қазақ тілді қарадомалақ балаларына ағылшын, шет тілдерін терең сіңіріп үйрету болатын. «Районада» істей жүріп те біраз істі ретке келтірді. Бір жақсы жері бір ауданның аумағындағы мектептерге өз саласы бойынша басшылық жасайды. Кез келген сабаққа қатысып, кез келген оқушының білімін тексере алады. Инспектор деген кеңсеге арналған жұмыс болса да, Райкүл Қалмаханбетқызы мектептерді аралаудан аянып қалған жоқ.

Алыс ауылдардың алыс бөлімшелеріне дейін аяғы жетіп жүрді. Ондағы ойы түкпірдегі ауылға да білімнің бір сәулесі түссін дегені. «Райкүл Қалмаханбетқызы келе жатыр» дегенде мектеп мұғалімдері бой-бастарын түзеп, сабақтарына жауапкершілікпен қарай бастайтын жағдайға жетті. Оны баршасы мұғалімдерді ұялту үшін емес, шалғай мектептегі баланың білімі теңізге тамған тамшыдай болса да тағы білім қосылса екен деген тілек.

Кейінірек аға инспектор, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы болып та еңбек етті. Яғни, аудандық білім бөлімін басқарды деген сөз. Міне, осы қызметтерде жүріп Райкүл Қалмаханбетқызы бір ауданның білім саласының дамуына, мұғалімдердің жауапкершілігінің артуына, оқушыларға берілетін білім саласының жақсаруына ерекше ықпал етті. Қазіргі таңдағы көптеген мемлекеттік қызметшілер, министрліктер мен облыс әкімдігінің қызметкерлері, әдебиет пен өнер өкілдері, аудандық білім бөлімінің басшылары, көптеген мектеп директорлары мен директордың орынбасарлары Райкүл Омарованың тәрбиесін көрген білікті мамандар.

Білім бөлімінде қызмет атқара жүріп те, мектептерден жарты бірлікпен сағат алуға заң көтереді екен. Сондықтан білім бөлімінің инспекторы бола жүріп, мектептерде де сабақ берді. Ондағы ойы шәкіртке өз тарапынан да сапалы білім беру. Тіпті, біраз жыл Аса ауылының орта мектебінде жемісті ұстаздық еткені де бар.

Кейіннен Аса ауылындағы №1 мектеп-гимназияға әуелі бір жыл директордың орынбасары болып, кейіннен 9 жыл директор болып қызмет етті. Мектеп директоры кезінде жұмысына бір сағат ерте барып, мұғалімдер мен оқушылардың келуін өзі қадағалап тұрады екен. Әрине, екі-үш күн бақылаған соң, жалқау мұғалім, кешігетін оқушы дегендер күрт азайған. Себебі, олар азанмен Райкүл Омарованың ерте барып қарсы алып тұратынын біледі.

«Өлімнен ұят күшті» дегендей, мектеп басшысынан қайталап сөз естуден ауыр нәрсе бар ма? Мұғалімдер де, оқушылар да тәртіпті қатаң сезінген. Бір күні Райкүл Қалмаханбетқызы мектептің кіре берісіне үлкен айна орнатқан. Яғни, мектепке кірсең, айнадан өзіңді көресің. Мектепке қалай келдің, не әкелдің, киімің дұрыс па, таза ма, сабаққа дайынсың ба? Міне, алдыңнан айна шыққан кезде сен еріксіз бой басыңды түзейсің, еріксіз өзіңе есеп бересің. Сол айна жай ғана көретін айна емес, адамгершілік пен шындықтың да айнасы болды. Мектептің айнасы – директор. Директор қандай болса, мектеп сондай. Райкүл Қалмаханбетқызы барша ауданға үлгі берген директор болды. Мектепке басшы болып келгенде аралас мектепті таза қазақ мектебіне айналдырамын деп өзіне мақсат қойған. Бірақ, ол кезде мектептің 60 пайызы орыс тілді ғой. Бұл мәселеге өте асықпай, жайлап, сыналап келу керек болды. Бірден кірісіп кетуге болмайды. Ол кез партияның әлсірей бастағанымен, әлі тарамаған кезі. 1993 жылы №1 мектеп-гиназиясының құрылғанына 60 жылдық мерейтойды атап өтті. Сол кезде Тұңғышбай Жаманқұлов, Қапаш Тасболатов бастаған танымал шәкірттер де қуанақуана келген. Осы мектепте оқыған министр де келіп, ұстаздар алдында ізет танытқан екен. Райкүл Омарова мектептің 60 жылдығы кезінде өзі жүгіріп, қажетті қаржыны да өзі тапты. Мектепті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, білім ошағын бір ретке келтіріп қойды. Ал мектепті қазақшалау туралы мақсатын үнемі жадында ұстады. Әр үйге кіріп жүріп, балабақшаның әр баласына жылыжылы сөзін арнап жүріп, қазақ тілінің үстемдігі үшін күресті. Кәдімгідей табандылық таныта білді. Осы Райкүл Қалмаханбетқызы секілді патриоттар болмаса, мемлекеттік тілге басын қатырып жатқан кім бар? Ақыры арманына жетті. Мектепті тоғыз жыл басқарып зейнетке кетерінде білім ошағының 90 пайызы қазақ тіліне көшкен еді. Райкүл апайдың мектептен кеткеніне бір жыл толғанда білім ошағы түгел қазақшаланып үлгерді. Ал оның негізін қалаған, тіліміздің мәртебесі жолында жан аямай күрескен Райкүл Қалмаханбетқызы болатын. Яғни, Райкүл ұстаз – патриоттықтың да айнасы бола білді. Білім саласына саналы ғұмырын арнаған Райкүл Қалмаханбетқызы қызу еңбекпен өткен ғұмырына риза еді. Тіпті, директорлық қызметін бірер жылға ұзарта тұруды да ойламады. Тіпті, айы оңынан туып, дәл сол кезде аудандық білім бөлімінің басшысы болып, өзінің шәкірті Айша Ниязбекова келе қалғаны. Бірақ, Айша Бердешқызына бұл мәселе бойынша қайырылған жоқ. Бірақ, осы қанағатшылдығы басқа бір оң бағытқа жол ашты. Райкүл ұстаз директорлық қызметті өткіземін деп оқталып жүргенде Айша Бердешқызы: «Америкадан халықаралық конкурстың тәртібі мен талаптары келді. Осы жақта тапсырманы орындап, ол жаққа жолдауға болады. Сабаққа оң әсері бар», – дейді.

Директор бұл байқауға қатысушы жас ағылшын, неміс тілі пәнінің мұғалімдеріне тапсырып қояды. Содан мамырдың 20 күні әлгі жас мұғалімдері «Бұл тапсырманы орындай алмадық» деп келіп тұр дейді. Директор мына жағдайдан соң, өзі кірісіп, екі-үш күннің ішінде байқаудың бүкіл сұрақтарына жауап беріп, онлайн түрде жолдап жібереді. Қысқасы, сол байқауға қатысуы Райкүл үстаздың алдынан күтпеген жол ашады. Әлгі байқау қорытындысы бойынша сертификат иеленеді. Ал ол сертификат М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне келеді екен. Содан сол, сол сертификат арқылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің шет тілдері кафедрасына аға оқытушы болып қызметке алынады. Университетке аттай қалап алдырған сол кездегі аталған кафедра меңгерушісі Сұлушаш Керімқұлова «Неге ауылды жерде жүре бергенсіз. Сіздің ішіңізде бір профессор тірідей өлген екен» деп бағалапты. Мұнан артық қандай баға болсын! Артынша Жамбыл мемлекеттік педагогикалық университетінде де еңбек етті. Айтпақшы, мектеп директоры болып соңғы жыл істеп жатқанда түс көреді. Райкүл түсіне еліміздің бірінші Президенті кіріп, бата беріпті. Содан жаман болмапты.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде еңбек еткенін, Жамбыл Педогогикалық институтындағы ұстаздық еңбегін қоссақ, 14 жыл бойы аға оқытушы болған. Еңбегі өтелді. Алған марапаттары да аз емес. Білім беру ісінің үздігі атанды. «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Жамбыл ауданының Құрметті азаматы. Райкүл Омарова қазіргі таңда екі перзентінен бірнеше немере, шөбере сүйді. Райкүлдің жолдасы да алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген. Баласы Ерлан марқұм тарих пәнінің мұғалімі болған. Қолындағы баласы – қаржыгер. Апайдың екі келіні Қаламқас пен Еркежан енелерінің үнемі қабағына қарап, құрметтеп тұрады. Бүгінде ардагер ұстаздың немерелері еліміздің маңдайалды университететерінде білім алуда. Бүгінде Райкүл Омароваға сәлем беретіндер, оны құрметтейтіндер өте көп. Әсіресе, Жамбыл ауданының халқы ерекше бағалап «Ел анасы» деген атақ берді.

«Ол кісі барлық құрметке лайық. Бір ауданның білім саласына мұндай ұзақ жыл тер төккен, мұғалім қызметінен аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне дейін жеткен, кейіннен универитеттерде студенттерге сабақ берген түлғалар біздің өңірде өте аз. Сондықтан, ел анасы Райкүл апайдың шаңырағына жиі барып, құрмет көрсетіп тұрамыз» дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

Жарты ғасыр ұстаз болып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген Райкүл Қалмаханбетқызы шынында да – ел анасы. Мұндай атақты Райкүл ұстазға халық берген. Одан артық бақыт бар ма?

 

Есет ДОСАЛЫ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар