«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ең үлкен бақыт – тыныштық

Ең үлкен бақыт – тыныштық
Автор
Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен қоғамдағы зорлық-зомбылықтың түрлері, оның салдары және алдын алу жолдары туралы оқырманға жанжақты мәлімет беру мақсатында «Зорлықсыз орта – бақытты бала» кездесу–сұхбат өтті.

Жиында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Медеу Мырзатай жастармен жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қауіпсіз орта құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Психолог Шолпан Алибаева жиынға қатысушыларға зорлықтың психологиялық әсері, өзін қорғау және көмек сұрау арналары туралы кеңес берді. Кездесу барысында қатысушылар пікір алмасып, өз сұрақтарын қойып, ашық диа лог орнады. Іс-шара соңында қатысушыларға ұсынылған әдебиеттермен танысуға мүмкіндік беріліп, зорлықсыз орта қалыптастыруда әр азаматтың белсенділігі маңызды екені айтылды. Мұндай жиынның жастар тәрбиесіне оң әсері болатыны анық.

Аталған кітапхананың ұйытқы болуымен Тараз қаласындағы №13 бөбекжай бақшасының балаларына «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!» тақырыбында кітап көрмесі ұсынылды. Азат күннің құндылығы, халқымыздың бірлігі мен татулығы болашаққа деген сенімі негіз екенін жастар кеңінен ұғына түсті. Сондай-ақ кітапханамыздағы балаларға арналған қызықты энциклопедия, Тәуелсіз Қазақстан тұғыры жайлы кітаптарға шолу жасалынды. Балалар Тәуелсіздік туралы тақпақтарын айтты, сұрақтарға жауап алды.

Іс-шара барысында балаларға арналған анимациялық мультсериал көрсетіліп, кішкентай оқырмандар Anime жанрының кейіпкерлерімен танысты. Жеткіншектерге қызықты сұрақтар қойылып, олар мультсериалдың мазмұнына өз сөздерімен баяндап берді. Көрмеде Отанға құрмет, ел мен жерді қадірлеу туралы кеңінен айтылып, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаға қамқор болуға үндейтін кітаптар таныстырылды. Мәдениет ошағында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналып «Қазақтың қаһарман қызы» атты тағылымдық сағат өтті. Іс-шара қонағы еңбек ардагері Майдан Көбенұлы қазақтың батыр қызының өнегелі өмір жолы мен Отан үшін көрсеткен ерлік істері жайлы тағылымды әңгіме өрбітті. Бұл кісі қарапайым еңбек адамы болса да, қолынан қаламын тастаған емес. Қаһарман қыз Әлияға арнап жазған кітабын оқырмандарға кеңінен таныстырды. Кітап туралы өзге де қонақтар жақсы пікірлерін айтты. Бұл кітаптың бірнеше данасы кітапхана қорына табысталды.

Жиын барысында Әлия Молдағұлованың батырлығы жайлы кітап көрмесі ұйымдастырылып, өмірі мен ерлігін арқау еткен қысқаша бейнебаян көрсетілді. Басқосуды кітапхана директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова қорытындылап, қонақтарға алғысын айтты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар