Әдеби кешке келген қаламгерлер жаңа кітаптың мазмұнын сөз етсе, жас оқырмандар авторға сұрақ қоя отырып, жаңа жинаққа деген қызығушылықтарын білдірді. Филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағының мүшесі, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры, «Дулатитану және өңір тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері, Аймақтық менеджмент академиясының академигі, әдебиеттану саласындағы бірнеше кітаптардың авторы Сәмен Құлбараққа ізгі тілегін білдірген белгілі жазушы Елен Әлімжан бүгінгі әдебиеттің бет алысы турасында ой қозғады.
– Ұлы дүниелер, тың істер, бүршік атқан жаңа жинақтар осындай шағын ортада тұсауы кесіліп, бастау алады. Шағын ортада таныстырылғанымен қалың көпшілікке мазмұндылығымен кеңінен жетіп, халықтың қолдауына ие болып жатады. Негізі біз тарихымыздан кенже қалған халықпыз, себебі біздің жас күнімізде өз халқымыздың тарихын оқытқан емес. Мен университет бітірген жылдары Байзақ датқаның да, Дулатидың да, сол кезеңдегі батырлардың да еңбегін оқымақ түгілі атын білмейтінбіз. Оны бізге оқытпайтын, есесіне Кеңес Одағын құруда үлес қосқандарды, партия саясаткерлерін жақсы таныдық. Ал қазақ әдебиетінің тарихы ұзақ уақыттан, ХІХ ғасырдан ары қарай жазылған емес. Оның өзін Мұхтар Әуезов әйтеуір қиялдап жүріп, сол кезеңдегі саясатқа сай келетін жолын таба жүріп, зорға шығарған. Одан арғыны білмейтінбіз, Ілияс Есенберлиннің романдары шыққанда ғана сол шығармалар арқылы өзіміздің тарихи бейнені көзімізге елестете алдық. Ол тақырыптарда Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділовтер қалам тербеді, бірақ олар да Қазақ хандығының дәуірі немесе Қазақ хандарының дәуірі деген кезеңнен асқан жоқ. Әдебиеттің ең үлкен миссиясының бірі – адамның бейнесін беру болса, екіншіден қоғамның көркем бейнесін көз алдыңа келтіріп беру. Міне, осы жағынан тың дерекпен келтіретін дүние аз. Әрине, тарихшылар жазып жатыр, бірақ жазушылар жазған емес, бірен-саран ғана аз жазылады, пьесалар бар, одан басқа ештеңе жоқ. Осы жағынан қарасақ, Сәмен Құлбарақтың «Байзақ батырдың ақырғы күндері» кітабы көркем дүние ретінде орыны бөлек, – деді драматург Елен Әлімжан.
Ал М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Темірбай Мұқашев «Ақын-жазушылардың көбі журналистикадан келеді, ғылымнан бастап қаламгерлікке келетіндер аз» деп Сәмен Оразғалиұлының ғылыми қаламгерлік қырына тоқталды. Осы университеттің аға оқытушысы, әдебиеттанушы Бақытжан Мақашев аталған кітапта айтылған тарихи деректер туралы айтса, Журналистика және филология кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Асима Нусупова автордың жазушылық шеберлігін сөз етті. Осы кітаптың мазмұны турасында газетіміздің алдыңғы санында пікірін білдірген Ш. Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Мадияр Ералы оқырмандық ойымен бөлісті.
Автор оқырмандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беру барысында «Басты мақсатым – халқымыздың тарихын әдеби көркем тілмен жеткізу және оқырманның жақсы әсер алып, салмақты ой түюі», – деді.
Қаламгердің осы мақсатына жеткенін әдеби кеш барысында оқырмандар тарапынан жаңа кітаптың мағынасы туралы айтылған пікірлерден байқадық. Расында жаңа туындыда Байзақ датқа туралы алыпқашпа ойлы сұрақтарға нақты жауап берерліктей деректер қамтылған.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




