«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өзі сүйген кәсібімен айналысады

Өзі сүйген кәсібімен айналысады
Автор
Кейіпкеріміз – Марат Қожамқұлов қаршадайынан өзі жаны сүйген кәсібімен айналысады. Яғни, бала күнінен темір-терсектің қалдығын жинап, одан бір бұйым жасау оның негізгі ермегі болған екен. Содан болар, мектеп қабырғасында жүріп-ақ, дәнекерлеу әдісінің қыр-сырын үйреніп алғаны. Кейін бұл нағыз өзінің кәсібіне айналатынын қайдан білсін бала арманы.

Қайрат Қожамқұлов бүгінде «Тараз энергоорталық» акционерлік қоғамында дәнекерлеуші-шебер болып еңбек етеді. Ол кезде «Таразэнергоорталық» және «Таразэнерготранс» кәсіпорындары біртұтас мекеме еді. Яғни, 1997 жылы «Жамбылэнергокомбинат» мекемесіне дәнекерлеуші болып жұмысқа кірген Марат Түсіпбекұлы 2004 жылы кәсіпорын екіге бөлінген кезде «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамында дәнекерлеуші болып қалып кетеді. Содан бері 28 жыл осы кәсіпорында еңбек етіп келеді. Қазір 13 санаттағы дәнекерлеуші.

Дегенмен, өзінің кәсібіне адал, ұжымда беделді азаматтың осы жылдар аралығында атқарған еңбегін ұжым басшылығы да, иық тіресе еңбек етіп келе жатқан дәнекерлеуші әріптестері де жоғары бағалайды. Мезгіл қыс болғандықтан олардың жұмысы нағыз қайнайтын шақ. Сондықтан, тәуліктің қай кезіне де қарамай облыс орталығындағы тұрғындарға жылу беруде жұмыс та күрделене түскен. Ал осы маусымның кедергісіз, қауіпсіз өтуіне Марат Қожамқұлов сынды кәсіби азаматтардың сіңіріп отырған еңбегі ерен. Қай жерде ақау болсын, алғы шепте жүретін де осы азаматтар.

– Әкем, Түсіпбек қала маңындағы «Пригородный» колхозының төрағасы болған. Өзі де қара жұмысшы болып, сондай биікке көтерілген. Сондықтан болар, қандай жұмыс жасамасақ та абыройлы атқаруға тәрбиеледі. Анам Ақшай Телқозиева үй шаруасында болса да, балаларының тәрбиесіне өте қатал қарады. Ата-анамыздың тегеурінді тәрбиесінің арқасында отбасындағы алты бала да тәрбиелі, білімді болып ер жетті, – дейді Марат Түсіпбекұлы.

Марат Қожамқұлов сонау Кеңес үкіметі тұсында алғашқы кәсіби білімін сол кездегі Ленинград қаласында гидротехникалық техникумында «Инженер-механик» мамандығы бойынша бітірген. Кейін Жамбылдағы гидромелеративтік институтын сырттай бітіріп алады. 1988-1990 жылдары Жамбыл гидромелеративтік институтында лаборатория меңгерушісі, 1992-1994 жылдары «Бекзат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етеді. 1997 жылға дейін жеке шаруашылықпен айналысып, туған ауылына газ тарту жұмысына мүмкіндігінше көмек көрсетеді.

– Біздің жұмыстың маңыздылығы – қауіпсіздік. Сондай-ақ жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру және техникалық еңбек қауіпсіздігін сақтау дәстүрі. Бүгінде еңбек қауіпсіздігін еңсеруде өндірістік техникалық қауіпсіздігі мамандарымен әр апта сайын сабақ өткізіп, біліктілікті көтеруде көп жұмыс атқарылуда. Оның үстіне, кәсіпорын басшылығы тарапынан біздегі қауіпсіздік жоғары болғандықтан, түс уақытында түскі ас пен айран, сүтпен қамтамасыз етеді. Өзім шамам келгенше жас мамандарға білгенімді үйретіп келемін. Жарым – Меруерт Қожамқұлова балабақшада еңбек етеді. Ұлым – Төрехан полиция қызметкері. Төрт немере сүйіп отырмын. Бос уақытымды солармен өткізгенді жақсы көремін, – дейді кейіпкеріміз.

Жұмыс уақыты тығыз. Түстегі сәл үзілісте сұхбаттасып үлгерген Марат Қожамқұловпен арадағы әңгіменің барысынан нағыз еңбек адамының келбетін көргендей болдық.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар