«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

БердібекСоқпақбаевтың соқпағына түскен жазушы еді

БердібекСоқпақбаевтың соқпағына түскен жазушы еді
Автор
Халық арасында «Жазушының жан дүниесі күрделі болмай, жазған дүниесі де күрделі болмайды», – деген пікір бар. Бұл сөздің жаны бар шығар, сірә. Айтыңызшы, өмірдің қыр-сырын терең білмеген, ой-сезімі таяз жанның қолынан қандай құнды, тартымды, шынайы шығарма шығады? Жазушылар мен ақындарымыздың басым көпшілігі (тіпті, барлығы десек те болады) ауылда өсіп, өмірдің ыстық-суығын көрген, еңбекпен ысылған жандар. Сонау бала кезімнен әр әңгімесін, жеке кітаптарын қызыға оқитын жазушылардың бірі – марқұм Әлдихан аға Қалдыбаев болатын.

Алматыда алты жыл білім алып, 1975 жылдың жазында дәрігер-хирург болып Жамбыл қаласына келіп еңбекке араластым. Біраз уақыт өте келе, бұрынғы студенттік кезде қалыптасқан әдетіммен бірнеше мақала жазып, бір сәті түскен күні облыстық «Еңбек туы» газетінің редакциясына бардым. Алғашқы келуім, кімнің-кім екенін біле бермейсің. Бірақ Әлдихан Қалдыбаев, Мейірхан Қуанышбаев, Акпарбек Доспанбетов, Елен Әлімжанов пен Бақытяр Әбілдаев сияқты қаламы қарымды, ойы ұшқыр белгілі журналистер мен жазушылардың осы жерде қызмет істейтініне олардың мезгіл-мезгіл газеттерде жарияланып жүрген мақалалары мен әңгімелері арқылы сырттан болса да қанықпын. Сөйтіп алғаш рет редакцияда тарлан журналист Әлдекеңмен ұшырасып, танысқаным есімде. Содан кейін-ақ ақжарқын, аңқылдаған тураби мінезді азаматпен іні-аға болып сыйласып кеттік. Кездескен сайын әрдайым «Сағындық інім, жазуыңды тастап кетпе, жаза түс, дәрігер-жазушылар бізде жоқтың қасы. Жалықпасаң әлі-ақ қазақтың Чеховына айналасың» деп менің шабытымды шақырып, қолдап отыратын. Бір-бірімізге деген көңіл, сыйласу, құрмет ерекше еді.

Әлдихан Қалдыбаев 1939 жылы 3 қазанда облысымыздың Шу ауданындағы Кербұлақ ұжымшарында туған. 1963 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Еңбек жолын сол жылы Қызылорда облысының Арал ауданындағы Бөген орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалiмі болып бастаған. Екі жыл Кеңес әскері қатарында әскери борышын өтеді. 1965 жылдан Жамбыл облыстық телевизия және радио хабарларын тарату жөніндегі комитетінде редактор, облыстық «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы болып қызмет атқарды.

 1976-1995 жылдар аралығында облыстық «Еңбек туы» (кейін «Ақ жол») газеті редакторының орынбасары, «Ақ жол» газетінің бас редакторы болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтары облыстық ұйымдарының төрағасы қызметтерін атқарған.

Ә. Қалдыбаев – балалар мен жасөспірімдерге арналған «Көк дөңгелек» (1962 жыл), «Қос тентек» (1964 жыл), «Су тасушы Әшірбек» (1969 жыл), «Байнаш солдат» (1969 жыл), «Шаншар атай» (1970 жыл), «Мишка – менің досым» (1973 жыл), «Өзен жағасында» (1975 жыл), «Солдат болу оңай ма?» (повесть, Алматы: «Жалын», 1976 жыл), «Менің ағам – солдат» (1980 жыл), «Автобус аялдамасы» (1990 жыл) және де басқа кітаптардың авторы. Қаламгердің 1999 жылы «Ата» деген атпен таңдамалы шығармалары (Алматы: «Өнер» баспасы), 2002 жылы «Мен – апамның баласымын» атты романы (Астана: «Фолиант» баспасы), 2004 жылы екі томдық таңдамалы шығармалары, 2008-2009 жылдары төрт томдық шығармалары, 2009 жылы «Көңіл көмбесі» атты әдеби мақалалар мен эсселер жинағы (Тараз: «Сенім» баспасы) жарық көрген.

Жазушының бірқатар туындылары орыс, белорусь, армян, түрікмен, татар тілдеріне аударылған. Ә.Қалдыбаевтың драма жанрындағы «Шаншар атай» деп аталатын комедиясы 1980 жылы облыстық драма театрында қойылып, балалар мен жастарға арналған спектакльдердің бүкілодақтық байқауконкурсында бірінші орынға ие болды. «Қайран Ынтықбай ағай-ай» комедиясы қазақ телевизиясының алтын қорына енген. 2009 жылы Түркістан сазды-драма театрында «Әкімнің туған күні» атты трагикомедиясы қойылған.. Ал «Сәлім-Сәлима» атты драмасы еліміз театрларының бірнешеуінде сахналанды. Ә. Қалдыбаев – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Білім беру ісінің үздігі, облыстың Құрметті азаматы.

Әлдекеңнің шығармашылығымен терең танысқан адам оның балалар әдебиетіндегі аса шеберлігіне көз жеткізеді. Оның әңгімелері мен хикаяттарында қазақ балаларының әлдеқашаннан сүйіп оқитын соғыс кезіндегі ауыл өмірі мен әскери тақырыптағы хикаяттары молынан келтірілген. Жазушы шығармалары өңкей шындықтың өзінен өрілген, оларда сөз болған оқиғалар оқырманды еш селкеусіз иландырады. Образды тіл, жеңіл юмор тәнті етеді. Мысал ретінде автордың «Бозторғай мен жылан» атты шағын әңгіме-мысалын бірге оқылық: «Бір түп боздың түбіндегі бозторғайдың ұясында төрт балапан өсіп келе жатты. Екі бозторғай ертелі-кеш балапандарына жем тасумен жүрген. Күн сәскеге таянған шақта ана бозторғай жем алып ұшып, ұясына жақындай бере, жан түршігерлік оқиғаның үстінен түсті. Ұзындығы жарты құлаш, қара шұбар жылан тілін сумаңдатып, ұясына жақындап қалыпты. Балапандары аузын ашып, шыр-шыр етеді. Бозторғай ұя мен жыланның ортасына келіп отыра кетті.

– Мына сорлы қайтеді, ей? Жан керек болса, былай тұр жолымнан, – деді жылан басын көтеріп.

 – Сен менің балапандарымды жемексің, мен саған жол бермек екенмін ғой. Жоқ, ол болмас.

– Онда өзіңді жеймін!

– Жей алмайсың!

– Не дейсің? Торғай жыланға қыр көрсетті дегеңді кім естіген!

– Кім естісе, ол естісін. Мен балаларымды тастап қаша алмаймын. Одан да өлім маған келсін!

– Онда кел бері, кір аузыма!

– Аш аузыңды! Жылан аузын ашып, көзін жұмды. Бозторғайға керегі де сол еді, жыланды шап беріп, екі аяғымен басынан мықтап бүріп, жерден іліп әкетті. Жылан торғайды орап алмақ болып жиырылып әлектеніп көріп еді, ештеңе шықпады. Торғай дамыл таппай пырылдап, жыланды арқан бойы көтеріп апарып, жерге тастап келіп жіберді. Жылан құлдилап келген бойы жайпақ тастың үстіне түсіп, парша-паршасы шықты». Әлдекеңнің қай әңгімесі болсын, оқуға тілі жеңіл, оқиғалы әрі ойлы келеді.

«Жаңа дос», «Бір арқа отын», «Әліппе», «Су тасушы Әшірбек», «Автобус аялдамасы», «Рахима», «Сабыр ағай» тәрізді әңгімелері жеке кітаптарында ғана емес, балаларға арналған көптеген ұжымдық жинақтарда жарияланып, сандаған оқырманның жүрегіне ұялады. Жазушының әңгімелері алғашқы сөйлемдерінен бастап-ақ өзіне баурап алады, тіпті, кейде аяғына қалай тез жеткеніңді байқамай қаласың, сюжеттері қызықты, бояуы қанық, аса шебер өрнектеліп өрілген шымыр дүниелер. Әлдихан аға балалардың балдай тәтті тілін де, қылығын да көңілмен танып, жүрек көзімен көре білетін сезімтал қаламгер кейіпкерлерінің жүріс-тұрысын, іс-әрекетін, сөйлеген сөздерін өмірдің өзінен табиғатын білдірместен ойып алып, көркемдей өрнектейтін шынайы суреткер. Мысалы, ол жасаған ауыл қарты Шаншар атайдың бейнесі – қазақтың балалар әдебиетіндегі жаңалық деп қабылданды. Адам психологиясын, қарттар қасиетін жетік білетін, олардың тілін алып, ақылын ардақтап, қамқорлығын көріп өскен қаламгер Шаншар атайдың бейнесін әңгімеде де, повесте де, пьесада да әсерлі етіп айшықтаған, балалардың сүйікті тұлғасын сомдай білген.

Жазушы қай шығармасында болса да, өз оқырмандарын ізгілікке, мейірімділікке баулиды. Автор оқушысына құрғақ уағыз айтудан аулақ, идеялары шығармаларының өн бойынан табиғи түрде, өз-өзінен туындап жатады. Сондықтан да қатар жүрген құрбылары «Бердібек Соқпақбаевтың соқпағына түскен адал жазушы» деп оны әрдайым мақтан етеді. Осы жерде Әлдекең туралы қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың бір кездесуде былай деген пікірі еске түседі: «Балалар дүниесін әдемі меңгерген және балауса ұрпаққа ғажап әңгіме, ертегі, хикаяттар берген Әлдихан біздің әдебиетімізге қайталанбас жарқын беттер қосты». Бұл Әлдекеңнің жазушылық қабілетіне берілген орынды баға еді.

Журналист ретінде Әлдихан ағаның атқарған еңбегі бір төбе. Проблемалық матераилды көп көтерді. Оның «Атланта... Жоқ, Америка сапары» атты жолжазбалары мен ақын-жазушылар, замандастары қақында жазған публицистикалық мақалалары кезінде көпшілік көңілінен шықты. ...Бірде біраздан жиналып қалған газеттерді ақтарып отырып «Жас Алаштың» (9 ақпан 2012 ж.) бетінен Әлдекеңнің «Өтiрiкке үйрететiн кiм?» деген шағын мақаласы көзіме ілінді: «Күнi бойы ең көп өтiрiк айтатын адам, менiңше, хатшы қыз. Хатшы қызды өтiрiк айтуға итермелейтiн, анығырақ айтқанда, мәжбүрлейтiн адам – бастық.

Бастықтардың ертеңгiлiк жұмысқа келiп, орнына жайғаса салып айтатын сөзi:

– Мен орнымда жоқпын! Содан бастап бастыққа кiм қоңырау шалмасын, хатшы қыздың айтатын сөзi:

– Орнында жоқ. Кешке дейiн осы жауап ойланбастан қайталана бередi. Бастық кабинетiнде жұмыс iстеп отырады, хатшы қыз: «жоқ», – деумен болады. Сонда деймiн-ау, бұл бастықтарға телефон не үшiн орнатылады екен? Өздерi бiреумен сөйлескенде елпiлдеу, өзiне телефон шалғанға шалқаю үшiн орнатылатын болғаны ма? Ең жаманы – жап-жас қызды өтiрiк айтуға үйретiп отырғанын бiлсе, қане, сол шiркiндер! Бастық кабинетiнде ғана емес, үйде де бастық. Бастықтың қызметiнен орала салып, үйдегiлерге айтатын сөзi:

 – Мен үйде жоқпын. Кiм сұраса да жоқ деңдер. Бастықтың әйелi бұған әбден үйренген, баласы тiлi шыққан соң үйренедi. Бала алғаш жанында отырған әкесiнен нелiктен «жоқ» деуi керек екенiн бiлмей таңданады, содан соң шешесi құсап үйренiп кетедi. Жай үйренбейдi, өтiрiктiң пайдалы екенiн бiлетiн болады, iле өтiрiк өрiс алып жүрiп бередi. Ендi бастық-әке баласын өтiрiктен арылта алмай әуреге түседi. Бастық өтiрiк өзi үйреткен пәле екенiн бiледi де бармағын тiстейдi. Басқа амалы қалмаған, баласы өтiрiктi судай ағызады. Өтiрiк жайлаған заман болды бұл.

– Қап! – дегеннен басқа не iстерсiң?!». Бұл, байқасаңыз, бүгінгі өмірден алынған шындық емес пе? Жас баладан бастап ересек адамдарға дейін өтірік айтуды үйреніп алған. Оған басты себеп өзіміз екен. Баламызға да, әйелімізге де, хатшы қызға да «Мені жоқ деңдер» деп есікті тарс жауып алып, өз ісімізбен айналысып отырамыз. Сөйтіп, тұрып өтірікті кімнен үйренеді осылар дейміз өзімізге өзіміз таңғалып.

Тараз қалалық мәдениет үйінде 2011 жылдың 28 қазанында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Шаңырақ» қазіргі заман эко-құқығы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Ежелгі Тараз – түркітілдес халықтардың тарихимәдени орталығы» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтіп, онда тараздықтар қала орталығындағы көк базарды жаңа базарларға көшіру және оның орнында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, аймақта туризм кластерін дамыта отырып, Тараз қаласын туризм орталығына айналдыру мәселесі төңірегінде пікірлерін ортаға салды. Шындығында облыс орталығындағы орталық базардың сын көтермей келе жатқандығы соңғы кездері жиі сөз болып келді. Енді базарды қала сыртына шығарып, ғасырлар қойнауынан мұра болып келе жатқан, яғни базар астындағы жәдігерлерді жалпы жұртқа ұсынып, туризмді дамыту күн тәртібіне шығарылып отыр.

Қоғамдық тыңдауды ашып, жүргізген облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Мейрамбек Төлепберген бүгінгі күні Тараз қаласының орталығындағы базардай лас, сатушы мен тұтынушыға да өте қолайсыз сауда орнының еліміздің еш қаласында жоқ екендігін алға тартып, жиналғандарды ашық пікірге шақырды. Содан пікірталасқа облыстық мә слихаттың депутаты Асаубай Майлыбаев, «Жамбыл облысы кәсіпкерлері мен перспективалы базарлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Бутанова, «Археологиялық экспертиза» ЖШС директорының орынбасары Мейрам Сейітқалиев, «Тарихи - мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Қуаныш Дәурембеков және жазушы Әлдихан Қалдыбаев қатысыпты. Сонда Әлдекең: «Орталық базар аумағында қазба жұмыстарын жүргізу сонау кеңестік кезеңде де сөз болған. Бірақ, біреу мұнда, біреу онда тартып келді. Енді қолға алынып отырғандығы құптарлық дүние.

Тарихтан хабары бар азаматтар сонау ХІХ ғасырдың соңында орыс генералы Черняевтың Әулиеата өңіріне келіп, Тектұрмастың биігінде тұрып Таразға зеңбірекпен оқ жаудырғанда, халқының қан кешіп, кешегі тарихының күлталқан болып жатқанына жаны ауырған Шоқан генералға қарсы тұрған жоқ па?

Сөйткен Шоқан генерал Черняевпен дуэлге түсіп, ақыры ауыр жараланып Тезек төренің үйінде қаза табады. Бұған тарих куә. Сонда Шоқан Ежелгі Тараз қалашығының ертеңгі ұрпаққа керек екендігін аңғарды емес пе? Тіпті жазушы Шерхан Мұртаза өзінің әйгілі «Қызыл жебесін» жазған кезде Т.Рысқұлов туралы көптеген деректер іздеп, өзінің осы Тараз тарихына қатысты көптеген мәліметтерге жолыққандығын айтып отыратын. Ал көне шаһардың атауын кері қайтарып, тарихын зерттеуге белгілі журналистжазушы, марқұм Бақытяр Әбілдаевтың көп еңбегі сіңді. Сондықтан ұрпақ үшін керек дүние төңірегінде әңгімені көпке созбай, ертерек іске кірісетін кез келді» деген екен. Сөйтіп, көп уақыт өтпей орталық базар қала сыртына көшіріліпті. Бұл жазушының қоғамдық көп істерінің бір тамшысы ғана. Ал айтылмағаны қаншама? Негізінен балалар әдебиетінің дарынды өкілі болып танылған Әлдихан Қалдыбаев шығармашылығының бір ерекшелігі – оқиға таңдай білу, мінезді кейіпкер табу.

Алғашқы «Көк дөңгелек» әңгімесінің кейіпкері Серікбек жолдасы Мараттың дөңгелегін бопсалап, алдап тартып алып, соны басына киіп шығара алмай азапқа түседі ғой. Сол сияқты «Қос тентек», «Бауыржан деген бала бар», «Рахима» шығармаларынан ерекше мінездерді көреміз. Әдеттегідей жұмсақ бала, жақсы бала, тәртіпті бала емес, мінезді бала, қиқар бала, өжет бала, тентек бала. Қай туындысын алсаң да оқиға бар, әрекет бар, тартыс бар. Сол арқылы сенімді, қызықты бейне жасалады. Оның ішінде ауыл баласы да, қала баласы да жүр. Ескі өмір суреттері, бұрынғы мектеп, қазіргі шаһар тірлігі, жаңа мектеп, мінездерінде, жүріс-тұрыстарында айырма мол, әртүрлі толқын оқушылар, сан қырлы өмір суреттері. Прозашы Қалдыбаев – театр сахнасына қойылған, көп жылдар көрерменді өзіне тартқан бірнеше пьеса жазған белгілі драматург. Пьесаларының ішіндегі биігі, бүкілодақтық байқауда бас жүлде алған «Шаншар атай» комедиясы. Өзге біреу ондай табысқа жетсе көзіне май бітіп, мақтаныштан жарылып кетер еді, ол оған аса мән бермей, бір бүлк етеді де қоя салады.

Әлдиханның қаламдастар туралы ілтипаты да бөлекше. Әдеби тұсауын кескен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев туралы арнайы зерттеу жасады, өзімен жерлес қаламгерлерден Бауыржан Момышұлынан тартып, Кәрім Баялиевке дейінгі бірқыдыру жазушылар туралы ағынан жарылып, салмақты пікір айтып, «Көңіл көмбесі» деген тартымды кітап жазды. Әлдиханның орнықтылығы қызмет бабынан да жақсы аңғарылса керек. Ол қырық жыл бойы табан аудармастан күшқуатын облыстық газетке жұмсап, әдеби қызметкерден бас редакторға дейінгі қызмет баспалдақтарынан өтіп, күнделікті журналистиканың отымен кіріп, күлімен шыға жүріп, табиғат берген, ананың сүтімен келген жазушылық дарынына опасыздық жасаған жоқ. Соның жақсы бір айғағы – өмірінің соңғы жылдары жазған «Мен – апамның баласымын» деген романы.

Қазір жартылай публицистика, жартылай мемуар, жартылай деректі, жартылай қиялдан туған, жанрлық талаптар сақталмайтын, формалық шекаралары шайылып кеткен, ешкі басты, қой аяқты дегендей дүмбілез шығармалар қаптаған заманда шын, таза проза үлгісімен сағынып көріскендей боласың. Аяғын сындырып алып, төсекке таңылған Әлден (Әлдихан десеңіз де болады) баланың еске түсірулері арқылы берілетін соғыстан кейінгі қазақ ауылының суреті, анықтап айтқанда, Жамбыл атырабы, Шу бойы, Кербұлақ өңірінің кескіні жеткіншектің адал, пәк, таза қабылдауы арқылы көрсетілетін ауыр, жүдеу болғанымен, риясыз, иманды қатынастарға құрылған әке-бала, шешебала, күйеу-ене, бала-табиғат, ағақарындас, жас сүйіспеншілік ұшқыны, еңбек рахаты, ойын қызығы, жақсы ат, жүйрік тазы, балалық арман – осы алуандас сарындар ықшам, жинақы, мәдениетті проза талаптарына орай нақты адамдар бейнелері арқылы суретті күйде, бояулы қанық тілмен, реалистік қалыпта суреттелген.

Қысқасы, Әлдихан Қалдыбаев саналы ғұмырында қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп үлес қосқан, соны мысал, ертегі, әңгіме, хикаят, романмен жанрлық түрлерді байытып, есте қалатындай жанды кейіпкерлер арқылы өмір құбылыстарын көркем бейнелеп берген, қарасөздің қабырғалы қайраткері, өзінің айрықша дарынын қалың оқырманға, әдеби қауымға әбден мойындатқан байсалды жазушы екендігін разылықпен айту әділет болмақ» деп жазады «Сағыныштың бір тамшысы» мақаласындағы «Әлдиханның балалар әлемі» атты бөлімінде «Егемен Қазақстан» (12.03.2010ж.) газетіндегі мақаласында бір курстас досы (өкінішке қарай, мақала авторы сайтта көрсетілмепті).

– Әлдихан жасынан бастап еңбек кештігімен танылды. Ол бар бақытын туған жерден, Тараз топырағынан тапқан адам. Балалар әдебиетін биік шыңға көтерді. Журналистика саласына өлшеусіз еңбек сіңірді. Отызға толмаған жас кезінде облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды. Сенімді ақтады. Облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы ретінде де ерекше ұйымдастырушылық қабілетімен танылды. Елдік жұмыстарға ұйытқы болған қайраткер. Әлдекең әр істі адал атқарды. Кісілігі, қарапайымдылығы, адалдығы ол кісінің болмысын таудай биіктетіп тұратын. Өмірден өткенше қолынан қаламы түскен жоқ. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрсе де қаламына, жазушылық талантына адал болды. Адам баласына жамандық жасамайтын адал азамат болатын, – деп еді облысымызда жүріп-ақ дүйім елге танылған атақты күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев жерлесі жазушы Әлдихан ағамыз туралы бірде сөз болған сәтте.

Иә, жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өшпейді... Мұның барлығы күні кеше едi. Аспайсаспай мамырлай басқан қарапайым, бауырмал қалпы, аяулы иманжүзді бейнесі. Салмақты, сабырлы үнмен айтқан әзіл-қалжыңы... Ал бүгiн осының бәрi естелiк. Әлдихан ағайды танитындардың бәрiнiң көз алдында, ойында қалған естелiк. Есiме қайта сол баяғы редакцияда алғаш кездескен Әлдихан ағаның салмақты кейпі, жымия күлген бетбейнесі, содан кейінгі жылдары «Ақ жол» газетінің редакциясында сандаған жылы жүзді, шырайлы кездесулер, ой-пікір бөлісу сәттері келеді.

...Әлі есімде, ту сонау балғын бала кезімде түнгі айсыз тұңғиып аспанға қарап: «Апа, бүкіл Қазақстанның аспанында да қазiр осы жұлдыздар көрiнiп тұр ма?» – деп сұрайтын менiң бала жүрегiмдегi туған жерге деген сағынышымды басқан жанның өзi де бүгiнде сағынышқа айналды. Мәңгілік тыныштық құшағына еніп, туған жер құшағында тыныстап жатыр. Иә, табиғаттың заңдылығына бағынып, түнгі аспандағы жамыраған сансыз жұлдыздардың біріне айналды... Әлдихан аға да, сірә, сол мыңдаған жарық жұлдыздар арасынан өз орнын тапқан болуы керек. Лайым солай болғай!

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ

дәрігер-хирург

медицина профессоры

облыстың Құрметті азаматы.

Ұқсас жаңалықтар