«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Аңыз адам өмірден өтті

Аңыз адам өмірден өтті
Автор
ӨМІРДЕН КІМ ӨТКЕНІН БІЛЕСІЗ БЕ?

Қазақ өнері мен руханияты қара жамылды. Асанәлі ағаның да соңғы сағаты соғыпты. Ол Қазақстан киносы мен театр өнеріндегі тау тұлға еді. Суық хабарды естіп қабырғамыз қайысты. Асанәлі Әшімов елдің ұлы, халқының сүйікті перзенті, біздің жамбылдық жерлесіміз. Ол кино және театр актері, режиссер, театр педагогы, профессор ретінде қазақ өнерінің қарыштап дамуына қомақты үлес қосты. Өнердің биік шыңын бағындырып, еселі еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты атанды. Қазақстанның Еңбек Ері (2017) атағын алды.

Асанәлі Әшімов 1958 жылы түсірілген әйгілі «Ботагөз» фильміне студент кезінде-ақ түсті. Ал көптің көзайымына айналған Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры» фильміндегі рөлін ел ерекше ықыласпен қабылдады. Кинокартинаны 1972 жылдың өзінде 30 миллионға жуық көрермен тамашалады. Сондай-ақ «Транссібір экспрессі», «Маньчжур нұсқасы», «Қыз-Жібек» фильмдері халықтың жүрегінен орын алды. Жалпы ол кино мен театрдың терезесін тең ұстады. Өнердегі өнегелі еңбек жолында 30-дан астам фильмге түсіп, Әуезов атындағы қазақ драма театрының сахнасында 50-ге жуық рөлді сомдады, 1963 жылдан бастап актер және режиссер ретінде еңбек жолын бастады. Ол Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театры сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Абайында» – Керім рөлін, «Еңлік-Кебегінде» – Кебекті, «Қара қыпшақ Қобыландысында» – Айшуақты, «Таңғы жаңғырығында» – Жарасбайды, абит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» – Қодарды және өзге де кейіпкерлерді ерекше сомдап, актерлік шеберліктің шыңын танытты.

Көрнекті артист басшылық қызметтерді де абыроймен атқарды. Ұзақ жылдар бедерінде Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті қызметін атқарды. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болды. Соңғы сапарына шыққан ағамыздың рухы шат болсын! Оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Жаныңыз жәнатта болсын, жақсы аға!

 

Гүлдара НҰРЫМОВА

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

Бәйтеректей биік еді

Біздер замандаспыз. Бір дәуірдің перзенттеріміз. Әрине, таңдаған өнер саламыз бір болғанымен, басқа жағдайда, басқа тараптарда еңбек еттік. Ол – биікке ұмтылып, шарықтап кетті. Өзінің таланты, ізденісі, бақ, несібесі ғой. Жас күнінен аңызға айналды. Әрине, ондай дара тұлғаны танып, тек қолдауымыз керек. Қазақ елі Асанәлі Әшімовты жақсы таныды, қолдады деп ойлаймын. Өнерде, кино әлемінде бір кісі армандайтын биікке жетті. Аса талантты актер ретінде халыққа беретін дүниесін берді. Өзін танытты, қандай мүмкіндігі бар, барлығын көрсете алды деп ойлаймын.

Асанәлі замандасымның бақыты осы болар. Оның өмірі тек қуаныштан, бақытты сәттерден тұрды деп те айта алмаймыз. Асанәлінің отбасына ауыр сынақ келген уақыттар да болды. Үлкен адам сол сынақтарға сынбай, мықтылық танытты. Ол да Асанәлі деңгейіне сай мықтылық еді. Тараз қаласына жиі келіп тұратын. Келген сайын облыстық қазақ академиялық театрына соқпай кеткен кезі жоқ. Осы 2005 жылдың қазан айында ғана келіп кетіп еді. Ұстазы Асқар Тоқпановты үнемі құрметтеп, ерекше бағалап айтып жүретін. Қош, қазақтың Асанәлісі. Сенің ғұмырың ұзақ жалғасады. Бақұл бол! Нұрсифат САЛЫҚОВА, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Қазақ өнерінің қара нары құлады

Жуырда ғана өткен Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығы мен Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына келген сапарында Асекем менің «Толғауы тоқсан Тоқпанов театры» кітабымның лентасын қиып, ақ батасын беріп еді. Бұл сапар туған топырағына ең соңғы келуі екен-ау. Кетер алдын өз музейіне де соғып, Тараз Жастар Театры актерлерімен де кездесіп ақылы мен тілегін айтып қыймай қоштасқаны көз алдымызда. Абыз ақсақал, театрдың қара нары аңыз адам қош болыңыз. Жаныңыз жәннат төрінен болсын. Енді өнерде де, өмірде де орныңыз ойсырап тұратын болды.

 

Асқарбек СЕЙІЛХАН

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Алланың ісіне амал қанша?

Ғажайып адам болды. Ел құрметтеді. Соншалық биікте жүрді. Бірақ, қарапайым қасиеттерінен айныған жоқ. Оның бойындағы парасаты, білімі, әділдігі, адалдығы көрініп тұратын. Ел мен жерге деген құрметі ерекше болатын. Ұстаздарға деген жоғары құрметі таңдандыратын. Өзі талай талантқа ұстаз бола жүріп, өздерінің ұстаздарына бас июден жалыққан емес. Ол – ең асыл қасиет. Әулиеатаны жақсы көрді, Сарысу топырағын құрметтеді.

Туған жеріне келетін сапары аз емес еді. Өңірдегі өнер өкілдерін ұмытпай, үнемі театрға келіп, қай кезде де ұжымның жанынан табылды. Тіпті, жас актерлерге дейін үміт артып, жылы сөздерін аяған емес. Сол Асанәлінің жылы сөзі қаншама жас таланттарды қанаттандырды десеңізші! Енді, міне, сол аяулы Асанәлі ағамыз да келместің кемесіне мінді. Алланың ісіне амал қанша? Ұзақ жасағанымен, мұндай ғажайып талантты кісіні кім қияды?

Ғасырдың аңыз адамы ғасыр жасаса да артық емес еді. Қош дейміз енді. Жаны жәннатта, топарағы торқа болғай.

 

Мәкен РАХЫМЖАНОВА

Қазақстанның халық әртісі

Таудай еңбегін тарих жоғары бағалайды

Қазақ руханиятының тарихында аты аңызға айналған тұлғалар жетерлік. Сондай екі дәуірдің аңызына айналған ерен тұлға, Қазақ өнерінің ұстазы, белгілі театр және кино актеры, Кеңес Одағы және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ағамыздың өмір жолы өскелең ұрпақ үшін өнегеге толы. Ұлттық мәдениеттің бастауынан нәр алған биік тұлғалар Шәкен Айманов, Асқар Тоқпанов, Әзірбайжан Мамбетов секілді ұлы тұлғалардан тәрбие алып, солардың көзі болып, ізгілік пен парасаттылықты бойына сіңіріп, ақыл-кеңесін алып, бір дәуір өнерінің бірегей тұлғасы, Алаш ардақтысына айналды. «Туған жер қымбат. Әулиеата өңірі, кіндік қаным тамған Жайылмама бүйрегім бұрып тұрады», – деуші еді. Халықтың алақанында тербеліп, құрметіне бөленген аңыз ағамыз Раббысына қайтыпты. Орны толмас қаза. Асанәлі Әшімов ағаның есімін ертерек естідік. Әрине, фильмде ойнаған рөлдері арқылы. «Қыз Жібек» киносындағы Бекежан образы әр көрерменнің жадынан ешқашан шықпайды. Ағаның жасап кеткен таудай еңбегін тарих жоғары бағалайды.

Облыстық мәдениет басқармасында басшысының орынбасары, басқарма басшысы болып 8 жылға жуық қызмет атқардым. Осы жылдарда Асанәлі Әшімовты жақыннан танып, көбірек кездесіп жүрдім. Облысымыздағы мәдени іс-шараларға, театр өнеріне қатысты жиындарға жиі келетін. Асқар Тоқпанов атындағы театр ұжымын жоғары бағалап, жас актерлерге дейін назарына алып жүретін. Асқар Тоқпанов ұстазы жайлы да жылы естеліктер айтудан жалықпайтын. Республикалық ақындар айтысына да қазылар алқасының мүшесі болып, талай рет өзінің әділ бағасын берді. Қай келген сәтінде де осы өңірдің перзенті ретінде елге еркелеп, қасиетке бас иіп келетін. Сахнаға шығып сөйлеген әр сөзінен даналығы мен даралығы көрініп тұратын. Ол кісі келген сайын театр ұжымы да, мәдениет саласының азаматтары үнемі қуанатын. Себебі, Асанәлі ағаның дауысын есту, ақылы мен тәлімін тыңдау ерекше әсер беретін. Жастар ол кісінің өмірлік тәжірибесін, жүрген жолын жадында сақтауға күш салатын.

Әулиеата жеріне Асанәлі Әшімов талай рет келді. Қасында бірге жүріп, талай тағылымды сөзін тыңдадық. Алдында қызмет жасап, алғысын алдық. Бойындағы кісілік, парасат, тектілік әрқашан жағымды әсер ететін. Ол кісі кездескен әр адамын бағалап, жылы сөз айтатын. Қарапайымдылық танытатын. Елге мақтан, бәрімізге мерейі биік кісі еді. Қазаны естіп, қабырғамыз қайысты. Артының қайырын берсін, иманын жолдас қылсын. Өмірі өнерімен өрілген дарын иесі, тағлымы мол ұстаз, оның жарқын бейнесі, мол мұрасы, мәдениет пен руханият тарихында өшпес мұра болып мәңгі сақталары сөзсіз. Қош бол, өнердің қара нары.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай. Қош бол, аңыз ағам!

 

Дүйсенәлі БЫҚЫБАЕВ

облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы

 

Ұқсас жаңалықтар