Қазақтың мың жылдық тарихы бар жыраулық дәстүрінен тамыр алып өрістеген ақындық өнердің де шежіресін мақтанышпен айтуымызға болады. Өзінің тамырын тереңге жіберген алып бәйтеректі біз – ақындар десек, соның сансыз жапырағын – ақынның жыры іспетті дейміз. Қазақ өлеңі аталатын кеңістікте өз үнімен, өз қолтаңбасын қалдырған талантты ақындардың бірі – Күләш Ахметова.
Жаратылыстың алуан түрлі көрінісін суретші бояумен бедерлеп, көркем дүниелер жасайды. Осы өнер үлгілерінде нағыз өмірдің бейнесі кейде кішігірім құбылыстар арқылы танылып жатады. Көркемдік таным үрдісінде ұзын-ырғасы – уақыт пен кеңістік арқылы өлшенетін сезімдіккөрнекі табиғат дүниесі, негізінен, аңдау, байқау, байыптау арқылы тұтас, бірегей көрініс ретінде қабылданады. Көркемөнердегі жаратылыс – үнемі көңіл-күй қатынасымен ғана жүзеге асатын, өзара іштей табысқан бейнелілік, сезімәсерлердің тоғысы. Табиғаттың әсемдігі, ондағы түрлі-түсті бояулар – адамның эстетикалық танымына қозғау салады.
Күләш Ахметова оны сөз арқылы бейнелеген, қазақ поэзиясында өзіндік із қалдырған талантты ақын болды. Ол әрбір өлеңін ықшам әрі айқын жазып кеткен. Сондықтан болуы керек, оның шығармаларында өмір бойы таусылмайтын тағдыр көрінісі байқалады. Нағыз ақын өзінің аяқ алысын, алғашқы адымын, өзінің кім екенін бірден көрсете алады. Сол сияқты, К.Ахметова да алғаш қолына ұстағаннан-ақ ақын табиғатын жақсы түсінген. Ол дала және қала да, ел және жыр, достық пен қастық, табиғат пен махаббат туралы да жаза білген. Өзінің «Ақ гүлім» деген алғашқы жинағындағы М. Мақатаевқа арнаған «Ақын» деген өлеңінде:
Апыр-ау, қайда мейірім, қайда рақым,
Болдым ғой төзімімнен айырылатын.
Өлсең де өлмейтұғын өлең жазған
Қандай сен бақыттысың, қайғылы ақын! – дейді.
Иә, сонда ақын бақытты болуы үшін – қайғылы болуы керек екен ғой. Күләш Ахметованы тек бүгінгі күннің тыныштығы ғана мазалаған жоқ, ол болашақ ұрпақ жайлы да толғанған, өлеңдерінде соны бейнелеген. Ақын қолтаңбасынан қазақ поэзиясының ұлттық қасиеттері, лирикалық қаһарманның бедерлі бейнесі, тарих пен таным табиғаты жаңа уақыт талаптары, көркемдік-рухани сапасипаттарымен назар аудартады.
Заман, кезең көріністерін, адам өмірі мен еңбегін, тарих тағылымын жүйелі, сатылай суреттеу тұстарынан да көркемдік мұраттар, рухани құндылықтар, бедерлі бояу мен тың тыныс сипаттары терең танылады. Біздіңше, ақын мұраты мен ізденісі, халық өмірін көрсетудегі уақыт талаптарына ден қоюы дәлелді де нанымды әсер қалдырады.
Қалыптасан қолтаңба, ой-сөз жүйелері де шеберлік нақыштарымен, сенімді, серпінді сипаттарымен көңілге қонымды.
Мәселен, «Көктем, көк теректер» деген өлеңінде Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер, Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһіледіңдер.
Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан ана – ағаштар,
Таң ата талқысып барып, бүршік аттыңдар!
Жер Ана да бұл сәтті күтіпті Ай, Күннен,
Күрсінді ол да жасыңды жұтып қайғыңмен.
Түніменен толғатқан көктеректер,
Таң ата бүр жарғандарыңмен құттықтаймын мен! – деп жазады. Бұл өлеңді әйел ақын ғана жаза алады!
Ақын поэзиясы алуан тақырыпты, келелі мәселелерді қозғайды. Шын көңілден сыр ашады. «Тыңдаңызшы! тым жақсы әндетеді», «Өлең айтып өтеді жапырақтар» деп, табиғатқа өзге көзбен қарайды, жан сырын ұғуға тырысып, өзгеге де тыңдатқысы келеді.
«Жапырақ – жаздың жүрегі» деген өлеңінде:
Жапырақтар, әр түрлі ән құрарсыңдар Алдарыңда әр-түрлі тұрар сындар.
Нәзіктерім, Сендермен сырласайын Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар.
Ұғарсыңдар, ұғу да, тану да арман, Жасарыңдар,
Жасқанбай жауын, қардан Дайын тұру қажет-ақ барлық сынға Қорықпаңдар салқыннан, дауылдардан, – деп, тағы да өзі жапырақтармен сырласады.
Солармен сөйлесе отырып, ақын өзінің жан дүниесінде болатын құбылыстарды жапырақтай оқырманның алдына жайып салады. Әсіресе, «Менің нәзік жанымды ұғарсыңдар» деп өзінің үлбіреп тұрған нәзіктігін жапырақпен қатар қояды. Өмірдің қысқа екенін, бірақ, бітіспес күрес екенін философиялық көзқараспен білдіреді. Оны біз:
Көктем мен қыс, Жаз бен күз арасында Күрес барын, бітіспейтін майдан барын, – деген өлең жолдарынан оқи аламыз.
Ақын адамның жаны – табиғат екенін айта келіп, игі істерімізбен табиғатты қуантып, аялап, мейірімді жүзбен қарағанымыз жөн дейді. «Қалайша қырда өскен болып түс көрмейін, Қалайша өзіме-өзім күш бермейін? Таңғы нұрға тапшы екен батыс балкон Күннің нұры түседі түстен кейін» деп басталады «Балкондағы гүл мұңы» деген өлеңі. Мұнда бостандықты, еркіндікті аңсау арманы бар.
Мазмұны жағынан үйде өсірілетін гүлдің таза ауаны, көктен таматын жаңбыр тамшыларын еркін көре алмайтынын, қапаста тұрған бір мұңлық жанды бейнелейді. Өзінің өсуіне-өнуіне, ұрығын жаюына адамдардан көмек күткенін баяндайды. Біз оны мына өлең жолдарынан оқимыз:
О, адамдар!
Сәулесін бетіме Күн Түсірмейді,
Солды енді от реңім
Ұрығымды жиып ап осы күзде
Кең далаға шашыңдар
Өтінемін!
Күләш ақынның «Құт» кітабының алдындағы жыр жинағының «Күн шыққанда күліп оян» деп аталуының өзі әсерлі. Бұл атауды – үлкен бір симфония деуге болады. Өйткені, Жер ана табиғаттың өзі Күннен ғана нәр алады, Күнге ғана табынады.
Күн шыққанда, күлмейтін, жадырамайтын бір де бір тіршілік иесі жоқ. Күн нұрымен адам да, жануарлар да, өсімдіктер де күліп оянып, өз тіршілігіне кіріседі.
Ақынның «Күн шыққанда күліп оян» деген өлеңі табиғат лирикасына жазған шығармаларының қорытындысы іспетті.
Онда:
«Жүрекке мейірім мен жылу көмек
Сүйсінбеуге бола ма сұлуға ерек?
Ойлай берсең, ой да көп, уайым да көп
Шыққан Күнге қуана білу керек»,- деген өлең шумағы нағыз лирикалық ақынның жан дүниесінің айнасы.
Әрине, қуана білмеген адам күле де білмейді, баянды өмір сүре де білмейді. Бұл нағыз сезімтал ақынның жүрегінен шыққан нәзік те шынайы сезімі. Ақынның көңілкүйі әрқашан өзі өмір сүрген қоғамдық ортаның хал-жағдайына байланысты, өзін қоршаған шындықтың саяси-әлеуметтік сырымен сабақтас. Ол қуана шалқыса да, жабырқай толғанса да, лирикасында сол өз кезінің шындығы мен сыры жатады.
Күләш Ахметова поэзиясының басты тақырыптары – ұлт мұраты, ел мен жер тағдыры, адам мен оның еңбегі, елдік пен ерлік, уақыт пен кеңістік, дала мен қала, жыл мезгілдері, жастық пен достық, ғашықтық сияқты ғаламаттар болды.
Күләш Ахметова «Халық» өлеңінде:
Ортасында болуға жалықпап ем,
Жалғыз қалсам, жан орта, шабыт та кем,
Қандай қызмет жасадым, хан көтеріп,
Маған сонша дем берген, халыққа мен!
Мейіріңе қалай мен тоя аламын
Сол емес пе, аяулым сая бағым!
Халқым аман болсын деп көз ілемін
Халқым аман болсын деп оянамын – деп, туған халқының алдындағы перзеттік парыз-қарызын, ақындық мұрат-тұғырын, ұлттық болмыс пен уақыт бедерін, ең негізгісі адам ретіндегі махаббат, мейірімін, уайымын еменжарқын білдіреді.
Ақындық қуаты мен шабыт шалқарының бастау көздері – халықта екенін, онымен мәңгі бірге болатындығын да айқын аңғартқан. Ақын мұратына, өлең өрімі мен ондағы өрнекүлгілерге ден қойса, жыл мезгілдері, табиғат тамашалары мен таңғажайыптары өзіндік белгісі мен ерекшеліктерімен назар аудартатын. Өмір құбылыстары, табиғаттың сыны мен сыры адам әлемімен тығыз байланыста бейнеленген. Өмір-дүние сипаты, уақыт сырлары табиғат құпияларымен бірлік пен үндестікке берілген.
Сайып келгенде, осының бәрінен Күләш Ахметова ақындығының бел-белестері, көркемдік көкжиегі, өзіндік көзқарасы мен қолтаңбасы айқын көрінеді. Ол осы кезеңде қиял қанатына еркін еніп, тұлпар шабыс пен табиғи шабыттың тізгінін қатар ұстаған.
Менің өлең өмірім, – Менің үлкен сыбағам.
Ұлы майдан, ұлы алаң,
Бар әйелдің бақытымен қуанып,
Бар әйелдің көз жасымен жылағам.
Менің өлең өмірім, – Менің үлкен сыбағам.
Өкінемін мынаған:
Түнде оянып, ой жібіне сөз маржан,
Тізген кезде көмек берді кім оған?...
Ақын мұратынан өлеңмен өрілген өмірі, қолтаңбасы мен көзқарасы, жан-жүрек дүрсілі, сырлы сезімдері терең көрінеді. Ақындық өнер мен көркемдік қабылдау сипаттары да айқын танылады. Өмірге, адам әлеміне, дүние дидарына жіті көз, сергек көңілмен мән берілген. Жүрекпен сезіну, терең тебіреніс алдыңғы қатарда көрінеді. Ақын – тек адам ғана емес, қатардағы адамдардың бірі емес, адамдардың адамы деуге болатын тұлға. Ақынның сырын бөлісер ең сенімді әрі асыл досы тек оның жүрегі болып табылады. Әрбір ақынның жүрегі – «халқым» деп соғуы керек. Халық жоқ жерде ақын да жоқ; бір сөзбен айтқанда, халықтың жүрегі – Ақын.
Күләш Ахметованың жырлары жүрекке ерекше жылы, ерекше жақын әсер қалдырады. Бала кезіндегі түйсік құшағындағы сәби кездегідей мейірлі сезім тудырады. Балғын шағында баудың төрінде Жаратқанның өзінен басқа жан байқамас оңаша жолықыста тіл байланып, діл сөйлейтін сиқырлы сәттерді естімесе де, ұғып, сезініп, шалқып тұрып тыңдайтын жүрек лүпіліндей әсер қалдырады. Оның жырлары күннің нұрындай, гүлдің әріндей, нанның дәміндей, сүттің өңіндей, бөбектің иісіндей, ешбір емірентусіз, тебірентусіз қалмайтын, пәк жыр болып саналады. Жігері құм боп жүргенде, жүрекке күш беріп, бойды тіктейтін, қаһарына мініп келгенде райдан қайтарар қарындас пейіліндей демеу мен жебеу – осы Күләш Ахметованың шығармаларында мол кездеседі.
Аса көрнекті ғұлама қаламгер Ә.Кекілбаев Күләш Ахметованың өлеңдері туралы осылай дейді. Ақын сыры, ондағы көңіл шуағы мен жүрек сыры осында. Ақын шығармаларында байқалған сыршылдық, терең лиризм, романтикалық әуен мен философиялық кеңдік оның лирикасының басты мұратын айқындайды. Парасатты поэзия биігінен көрініп, жемісті еңбегімен әдебиетке өзіндік үлесін қосып жүрген ақын лирикасы әлі де өз биігін алатыны ақиқат. Асылы, сөз өнері – киелі һәм құдірет, қасиеті мол қымбат қазыналарымыздың қатарына жатады. Поэзия – сөз өнері, көркемдік шеберліктің теңдесі жоқ озық үлгісі.
Бұл нұрлы әлемге қадам басуға өз қолтаңбасын қалдыруға сенімі барлар ғана тәуекел етеді! Ақын арманы мен үміті – адамдарға рухани қызмет ету болып табылады. Көркемдік әлемі арқылы ол жан-жүректерге сыр-сезім сәулесін түсіріп, мейірім шуағына бөлеп, жан жылуы мен көңіл шуағын, сөз асылы арқылы аялау мен бағалауды жүзеге асырған. Күләш Ахметова өлеңдеріндегі көркемдік таным арналары қоғам мен кезең көріністерінен бастап, адам әлемінің тұңғиық сырларына еркін енуінен, оның өмірі мен еңбегін аялау және бағалаудан, сондай-ақ жастық пен достық дастандарын жан-жақты жырлаудан терең көрінеді.
Өмір зырғып өтеді. Ал сол өмірге жан бітірген сөз қалады. Күләш Ахметова тіршіліктің тынысын, адам жанының нәзік қылын өлеңмен тербетті. Оның жыры дауыстап сөйлемейді – жүрекке сыбырлап жетеді. Қырық күн – қимастық пен сағыныштың арасындағы үнсіз мезет. Сол үнсіздікте ақынның мейірімді үні, жарық болмысы сезіледі. Уақыт өтсе де, Күләш Ахметованың сөзі оқырманымен бірге, ел жадында баяу да мәңгі жасап қала береді.
Жазира АБДУАЛИЕВА
филология ғылымдарының кандидаты, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің «Қазақ тілі және әдебиеті» кафедрасының доценті
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




