«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қоғамдық пікірді кім қалыптастырып жүр – журналист пе, әлде блогер ме?

Қоғамдық пікірді кім қалыптастырып жүр – журналист пе, әлде блогер ме?
Автор
«Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді қазақ атамыз. Алайда бүгінгі қоғамда тілдің емес, шындықтың жолының кесілу қаупі әлдеқайда жоғары. Себебі сөз көбейді, ал сол сөзге деген жауапкершілік азайды. Ақпарат ағыны күшейген сайын қоғамдық пікірдің бағыты да құбылып тұр. Бір сәтте бір ойға, келесі сәтте мүлде басқа көзқарасқа еріп кететін қоғам пайда болды. Сонда бүгін жұрттың ойына ой қосып, пікіріне пәрмен беріп отырған кім? Кәсіби журналист пе, әлде әлеуметтік желіде еркін сөйлеп жүрген блогер ме, – деген заңды сұрақтар мазалайды келіп.

Бұл – бүгінгі күннің ғана емес, қоғамдық сананың тағдырын айқындайтын маңызды сұрақ. Сөз – қару болса, ақпарат – ықпал. Осы тұста ежелгі грек ойшылы Аристотельдің: «Сөз – сендірудің ең қуатты құралы» деген сөздері еріксіз ойға оралады. Ал ХХІ ғасырда бұл сөздің ауқымы тіпті кеңейді. Ақпарат – тек хабар емес, ол – ықпал, ол – бағыт, ол – қоғамдық көңіл күй.

Бұрын ақпарат санаулы арналар арқылы таралатын болған. Біз газет оқыдық, радио тыңдадық, ұлттық телеарнадан кешкі жаңалықты күттік. Ақпараттың сүзгісі бар еді. Ал бүгін әр адам – жеке медиа. Әр парақша – шағын редакция. Әр пікір – ықпал ету құралына айналғаны ащы шындық болып отырғаны жасырын емес. Қазақ журналистикасы – жай ғана мамандық емес, мектеп. Оның іргетасын қалаған Алаш арыстары сөздің киесін терең түсінді.

Ахмет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп бекер айтпаған. Журналист – қоғам айнасы болса, бірақ ол айна шындықты бұрмаламай көрсетуі тиіс. Кәсіби журналистің басты айырмашылығы – жауапкершілікті биік ұстауында. Ол заңға бағынады, этиканы сақтайды, ақпараттың рас-өтірігін тексереді. Бір дерек – үш көзден расталмайынша, жарияланбауы керек. Дана халқымыз «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді. Ал журналистиканың міндеті – сол өтіріктің алдын алу. Сондықтан кәсіби журналист эмоцияға емес, дерекке сүйенеді. Оның сөзі баяу таралуы мүмкін, бірақ салмағы ауыр.

Блогер феномені:халықтың тілі, халықтың үні Ал енді блогерге келейік. Блогер – уақыт тудырған ұғым. Ол – халықтың ішінен шыққан, халықтың тілімен сөйлейтін адам. Қазіргі таңда блогерді көпшілік неге тыңдайды? Себебі ол ресмиліктен ада, жасандылықтан алыс көрінеді. «Өз үйің – өлең төсегің» демекші, блогер өз кеңістігінде еркін болып көрінеді. Ол сценарийсіз сөйлейді, ойын бүкпесіз жеткізеді. Кейде дәл осы ашықтық қоғамға ауадай қажет болады. Блогерлер әлеуметтік мәселелерді көтеріп, көптің назарын аударып жүр. Кейбір түйткілдер журналистерден бұрын блогерлер арқылы жария болып жатады. Бұл – шындық.

«Айтылған сөз – атылған оқ» дегендей, ал сол оқ кейде нысанасын таппай, қоғамды жаралап кетіп жатады. Бүгінгі ақпарат кеңістігінде бір үлкен қауіп бар. Ол – хайп. Хайп – назар үшін күрес. Ал назар бар жерде – эмоция бар. Эмоция бар жерде – асығыстық бар. Блогерлердің бәрі бірдей емес. Бірі қоғамға қызмет етсе, енді бірі қоғамды дүрліктіреді. Қаралым үшін дабыра, лайк үшін жалған ақпарат тарату – бүгінде жиі кездеседі. Осындайда Абай Құнанбайұлының: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деген нақылы ойға оралады.

Бірақ, бүгін тыңдаушы түзеліп үлгермей жатыр. Көргеніне бірден сенеді, естігенін тексермейді. Соның салдарынан қоғамдық пікір тез қалыптасып, тез өзгереді. Қоғам бүгін ақпараттан емес, сенімнен шаршады. Кімге сену керек? Кімді тыңдау керек? Бұл сұрақ көпшілікті мазалайды. Журналистке сенім азайды – «тапсырыс орындайды» дейді. Ал блогерге сенім күмәнді – «жауапсыз сөйлейді» дейді.

Нәтижесінде қоғам екі оттың ортасында қалды. Бұл – қауіпті жағдай. Себебі сенім жоғалған жерде дүрбелең пайда болады. Неміс философы Юрген Хабермас: «Қоғамдық пікір – саналы диалогтың нәтижесі» деген екен. Ал диалог үшін сенім қажет. Сенім болмаса, пікір де манипуляцияға айналады. Қоғамдық пікір қалай қалыптасады? Қоғамдық пікір – бір адамның ойы емес. Ол – қайталанған ойдың күші. Бір ақпаратты мың адам айтса – ол пікірге айналады. Бір пікірді миллион адам қолдаса – ол қоғамдық позиция болады. Бірақ аудитория дайын болмаса, кез келген ақпарат қауіпті қаруға айналады.

«Қолына найза ұстағанның бәрі батыр емес» деген сөз осыдан шыққан. Журналист пен блогерді бір-біріне қарсы қою – қате. Өйткені бүгінгі ақпараттық қоғамда жалғыз күш үстемдік ете алмайды. Сонда ғана ақпарат мәдениеті қалыптасады. Әйтпесе, «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» – ол шыбын халықтың санасы болуы мүмкін. Қоғамдық пікір тек ішкі мәселе емес, ол – ұлттық қауіпсіздікке де әсер етеді. Ақпарат арқылы санаға ықпал ету – бүгінгі геосаясаттың басты құралы. Мағжан Жұмабаев: «Ұлттың тағдыры – оның тәрбиесінде» деген. Ал бүгінгі тәрбие – ақпарат арқылы жүріп жатыр. Егер сол ақпарат сапасыз болса, ұрпақтың санасы да әлсіз болады. Сондықтан журналист те, блогер де бір нәрсені ұмытпауы керек: олар жай контент жасаушы емес, санамен жұмыс істейтін тұлғалар. Сонымен, қоғамдық пікірді кім қалыптастырып жүр, деген сауалға келер болсақ. Жауап біреу емес. Журналист – қоғамның ойы. Блогер – қоғамның даусы. Ал ой мен дауыс бір арнаға тоғысқанда ғана әділетті пікір қалыптасады. Ақыл мен жүрек бірікпей, іс оңбайды. Қоғамға көп сөз емес, дұрыс сөз керек. Көп ақпарат емес, таза ақпарат керек. Ал ол үшін сөз ұстаған әр адам – журналист болсын, блогер болсын – ең әуелі ар алдында адал болуы тиіс.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Қоғамдық пікір – кездейсоқ қалыптаспайды. Ол – уақыттың, ақпараттың және сөзге деген сенімнің қосындысы. Бүгін сол пікірдің таразысы теңселіп тұр. Бір жағында – кәсіби журналистика, екінші жағында – әлеуметтік желі арқылы сөйлеп жүрген блогерлер. Екеуінің де қоғамға ықпалы бар, екеуінің де салмағы мығым. Бірақ ең басты мәселе – кім сөйлеп жатқаны емес, не айтып, қандай жауапкершілікпен жеткізіп жатқаны. Журналистика – тәртіпке бағынған сөз. Ол асықпайды, бірақ адастырмайды. Ол бір сәттік эмоцияны емес, ұзақ мерзімді салдарды ойлайды. Ал блогерлік – уақыттың тамырын дәл басатын, қоғамның ішкі күйін дөп көрсетеді. Бірақ ол шектен шықса, шындықты емес, шу тудыруы мүмкін. Сондықтан бүгінгі қоғамға бірін-бірі жоққа шығаратын қарсыластық емес, жауапкершілікке негізделген әріптестік қажет. Қазақта «Сөздің де сұрауы бар» деген ұғым бар. Бұл – тек журналистке ғана емес, көпшілік алдында сөйлеген әр адамға қойылатын талап. Әлеуметтік желі мінберге айналған заманда әр пікір – қоғамдық пікірдің бір бөлшегі. Ал сол бөлшектер дұрыс құрастырылмаса, қоғамның санасы да қисық қалыптасады. Қоғам бүгін көп ақпараттан емес, таза сөзден тарығып отыр. Шындықты шу басып барады. Сол себепті журналист те, блогер де өз аудиториясын ойландыруды, ажырата білуді үйрен туі тиіс. Себебі сауатты қоғам – дайын пікірге ермейтін, әр ақпаратты саралай алатын қоғам. Қоғамдық пікірді қалыптастыру – билік те емес, бір топтың мүддесі де емес. Ол – ортақ жауапкершілік. Журналист – ақиқатты айтуы тиіс, блогер – сол ақиқатты бұрмаламауы тиіс, ал оқырман мен көрермен – соны талдай білуі керек. Үшеуі үйлеспейінше, әділетті пікір қалыптаспайды. Бүгінгі басты сұрақ «кім ықпалды?» емес, «кім адал?» деген сұрақ болуы керек. Өйткені уақытша танымалдық өтеді, ал айтылған сөздің ізі қалады. Қоғамның санасына із қалдыратын сөз – салмақты сөз. Ал салмақты сөз тек ар мен жауапкершілік бар жерде ғана туады. Қорыта айтқанда қоғамдық пікірді қалыптастыратын күш – бір адамның дауысы емес, сөз мәдениеті. Сол мәдениет жоғалмаса ғана қоғам өз бағытын жоғалтпайды.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар