«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жалған мотивация: Коучтар елді қайда жетелеп барады?

Жалған мотивация: Коучтар елді қайда жетелеп барады?
Автор
Қазіргі қоғамда коучинг индустриясының ерекше қарқын алуымен адам санасының жаңа бір кезеңге аяқ басқаны байқалады. Әлеуметтік желілерден бастап, оффлайн орталықтарға дейін түрлі мотивациялық курс, тренинг, семинарлар қаптап кетті. Сырттан қарағанда бұл үрдіс білімге, дамуға, өзін табуға деген сұраныстың күшейгенін көрсететін секілді. Алайда мәселенің астарына тереңірек үңілсек, дәл осы танымалдықтың көлеңкесінде халыққа айтарлықтай зиян әкеліп жатқан құбылыстар да аз емес. Біреуі қаржысын жоғалтты, біреуі өз болмысынан алыстап кетті, енді бірі отбасының ыдырауына себепкер болды.

Адам ішкі күйін өзгертуге тырысқанда шынайы психологиялық көмекке емес, жалған шабытқа толы тренингтерге жүгінген сайын қоғамда «тез өзгер», «сәттілікті өзіңе тарт», «өз ойыңмен өміріңді жаса» деген үстірт ұрандар көбейді. Бұл – уақытша көтеріңкі көңіл-күй сыйлауы мүмкін, бірақ адамның терең мәселелерін шеше алмайды. Оның үстіне мұндай тренингтердің бір бөлігі отбасылық қатынастарды, адамаралық байланысты, рухани құндылықтарды әлсіретіп барады. Соның салдарынан соңғы жылдары дәл коучтың кеңесіне сеніп ажырасып кеткен жұптардың қатары артты.

Бұл мақалада коучинг индустриясының көрінбейтін қауіптері, оның қоғам психологиясына әсері, әсіресе отбасы институтына тигізіп жатқан салдары жан-жақты талданады. Бүгінде коуч болу үшін көп нәрсе қажет емес. Әлеуметтік желідегі белсенділік, жылтыраған парақша, өзіне сенімді дауыс және бірнеше апталық сертификат – бітті, сіз де «жеке даму сарапшысысыз». Ал аудитория дәл осы жылы сөзге, жалған позитивке, «бәрі қолыңнан келеді» деген ұранға тез сенеді. Бұл – адамның әлсіздігінен емес, үмітке деген мұқтаждығынан. Өмірдің ауыртпалығы көбейген сайын адам жеңіл жол іздейді. Міне, осыны жақсы түсінетін коучтар моральдық тұрғыдан дайын емес жандардың сеніміне оңай кіреді. Коучтардың көпшілігі өздерін «өмірді өзгертуге көмектесетін ұстаз» ретінде таныстырады. Алайда олардың кеңесі көбінесе нақты тәжірибеге де, ғылымға да, психологияның терең заңдылықтарына да сүйенбейді. Ең өкініштісі – адам тағдырын ойыншық көріп, күрделі мәселелерге қарапайым шешім ұсынады.

«Өзіңді сүй, өзіңді бірінші орынға қой» деген жалпылама қағида кей жағдайда адамға пайдалы болғанымен, отбасы ішінде жауапсыз шешімге әкелуі мүмкін. Конфуцийдің «Нағыз білім – өз білмейтініңді білу» деген сөзін коучинг саласына қарап отырып ерекше түсінуге болады. Себебі өмірдің қырсырына терең үңілмей тұрып, басқаның тағдырына араласу – қателік. Кей коучтардың айтуынша, адам өмірін түбегейлі өзгерту үшін оның сана деңгейін өсіру керек. Бірақ «сана деңгейі» деп отырғаны – нақты өлшемі, ғылыми анықтамасы жоқ түсінік. «Энергияны көтеру», «өзіңді қайта бағдарламалау», «сананың жаңа торын ашу» сынды ұғымдар – адам психологиясын қарапайымдандырудың бір түрі. Мұндай тренингке барған адам алғашқы күні-ақ өзін жеңімпаз сезінеді. Жоғары музыка, жалынды сөз, сахнада сенімді сөйлеген коуч – бәрі уақытша эйфория туғызады. Бірақ мұндай сезім бірнеше күннен кейін басылады. Тренинг аяқталып, адам үйге қайтқанда шынайы өмір қайтадан алдан шығады. Несие сол күйінде, жұмыс қиын күйінде, отбасындағы түсініспеушілік бұрынғы қалпында. Ал адам өзінен сұрай бастайды: «Мен неге өзгермедім?». Осылайша жалған мотивация нәтижесіз үміттің құрсауына түсіреді. Ұлылардың «Адамға бәрінен де шындық қажет, тіпті ол ауыр болса да» дегені – осындайда ерекше мағынаға ие. Шындықпен бетпе-бет келмей тұрып, жалған шабытпен өмірді түзету мүмкін емес. Ең күрделі әрі қауіпті салдардың бірі – коучингтің отбасы институтына тигізіп жатқан әсері. Соңғы жылдары Қазақстанда да, шетелде де «тренингтен кейін ажырастым» деген оқиғалар көбейіп кетті. Ал осы кезде коучтар жиі қолданатын ұрандар: «Сенің энергияң жұбайыңмен үйлеспейді», «сен өскен сайын ескі ортаңды тастауға тиіссің», «өз өміріңді сақтап қалғың келсе, алдымен өзіңе адал бол», «біреудің жанында отырып өспе». Осындай сөздер әсіресе эмоционалдық тұрғыда әлсіреген адамға қатты әсер етеді. Көп жыл бойы жиналған реніш, ашылмаған әңгімелер, шешілмеген мәселелер бар отбасы мотивациялық курсқа барған соң ажырасуды «жаңғыру» деп қабылдайды. Біреу «мені тежеп келген адамды қазір босатуым керек» дейді, тағы біреу «мен басқа деңгейдемін, біз үйлеспейміз», – деп өзін сендіреді.

Мысалы, бір әйел бірнеше тренингтен кейін «менің бақытты болуға толық құқығым бар», – деген ойды басшылыққа алып, күйеуінің пікірін елемей, балаларын алып бөлек кеткен. Бірақ бірнеше айдан кейін эмоция басылғанда, ол өзінің шешімі шынайы бақытқа емес, уақытша шабытқа негізделгенін түсінген. Өкінішке қарай, бұл кезде кеш болды. Өмірге сырт көзбен қараған коуч үшін бұл – «өсу» болса, отбасы үшін – орны толмас жара. Отбасын түсіну – коучтардың көпшілігі ойлағандай жеңіл процесс емес. Ол – психология, әлеуметтану, мәдениет, сезімталдық, тәжірибе, ең бастысы – жауапкершілік. Сондықтан оны жалған шабытпен бір-ақ күнде өзгерту мүмкін емес. Абайдың даналығымен қарасақ, Абайдың «Адам баласын заман өсіреді» дегені коучингтің бүгінгі мәселесін ашып береді. Заман адамды жеңіл жолға жетелей бастағанда адам да жауапкершіліктен қашуға бейім болады. «Өмірім өзгермесе, басқалар кінәлі» деген ой қоғамда кең тарала бастады. Коучтардың бір бөлігі осы психологияны жақсы біледі. Олар «мәселе сенде емес, ортаңда», «өзіңді тежеген адамдардан құтыл» дейді.

Мұндай сөздер уақытша күш береді. Бірақ ол адамдарды шыңдамайды, керісінше оларды әлсіз етеді. Себебі өмірден үнемі кінәліні іздеу – мәселеден қашудың ең оңай жолы. Шынайы даму ешқашан адамды жақындарынан алыстатпайды. Керісінше адам өзін таныған сайын айналасымен қарым-қатынасы да жақсарады. Ал коучинг адамды «өз әлеміне» жапқан сайын оның адамдармен байланысы үзіледі. Әрине бар кінәні коучтарға арту да дұрыс емес. Себебі кейбір адамдар тренингтен өздері қалағанды ғана алады.

Біреу жауапкершіліктен қашуға сылтау іздейді, енді бірі ұзақ жыл бойғы шаршаудан құтылудың жолын іздейді, үшіншісі басындағы мәселеге басқаша көзқарас іздеп келеді. Бірақ коучтардың өздері де жауапкершілікті сезінуі керек. Адам тағдырына араласу – ойын емес. Әр сөздің салмағы бар. Әр кеңес адамның өмірін өзгерте алады. Жалған қадам жасататын кеңестің ауыр салдарын қоғам көп жыл бойы сезінеді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар