Асқар тау әкесіне еліктеп әскери өмірге бет бұрған Динара Сүлейменова осынау маңызды міндетті мүлтіксіз атқарып келе жатқан арулардың бірі. Қазіргі таңда 2-сыныпты сержант Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде персоналдармен жұмыс жөніндегі бөлімде қызмет етеді. Аталған бөлімде бас-аяғы 18 жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін кейіпкеріміз антына адалдық танытуда. Динара 1986 жылы 20 шілдеде әскери отбасында дүниеге келген. Әкесі Кенжебай Әмірғалиұлы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде 37 жылдан аса әртүрлі қызметтерде абыроймен қызмет еткен, бұл күнде запастағы полковник, зейнеткер. Кейіпкеріміз отбасымен бірге бала күнінен әскери гарнизондарда қоныс ауыстырып, әскери өмірдің түрлі қиыншылықтарын көрсе де, әкесінің жолын қуып, әскери қызметті таңдағанын айтты.
– Менің әскери қызметке келуіме әкемнің тигізген септігі орасан зор. Әкемнің бойында адам баласына тән ізгі қасиеттердің барлығы жиналған. Ол – өз отбасының қамқоршысы, асыраушысы, ақылшысы, жанашыры. Әкем Отан алдындағы қызметіне адал, ерекше еңбекқор, білімпаз, ізденімпаз, өз-өзіне талапшыл, әскери білікті кәсіби маман. Адамгершілігі мол, қарапайым, «жауапкершілік» деген сөзді тереңнен ұғынатын дара тұлға. Ес білгелі гарнизондарды аралап, сан түрлі мектептер ауыстырып, әскери өмірдің өз қиыншылықтары мен қызықтарын көріп өссем де, әкемнің салған сара әрі дара жолын қуамын деп сонау мектеп кезімдеақ өзім үшін шешім шығарғанмын. Әсіресе әкемнің киген офицерлік формасы маған өте қатты ұнайтын және мен үшін оны кию арман болатын. Әкем – мен үшін үлгі, өнеге, мақтаныш бола білді, – дейді 2-сыныпты сержант.
Кейіпкеріміз 2006 жылы медициналық колледжді «Мейірбикелер ісі» факультеті бойынша сәтті аяқтайды. Ал 2007 жылы Астана қаласындағы республикалық «Жас ұлан» мектебіне орналасып, әскери қызметке шақырылды. Сондай-ақ ол 2011 жылы Қазақ инженерлік-техникалық академиясын «Есеп және аудит» факультеті бойынша тәмамдаса, 2017 жылы Қазақ гуманитарлық Заң университетінде оқып, «заңгер» мамандығына ие болады.
Қазіргі таңда Динара тәп-тәтті үш баланың анасы. Бір қызығы, ол үш түрлі мамандық бойынша білім алса да, жанына жақын әскери қызметті таңдады. 2-сыныпты сержант қызмет барысында жоғары жауапкершілік пен ұқыптылығымен ерекшеленеді. Ол әрдайым өз міндетін кәсіби және лайықты атқаруға талпынады. Сондықтан да, персоналдармен жұмыс жөніндегі бөлімнің жұмысын жілікше шағып, әріптестерінің ыстық ықыласына бөленіп жүр.
Асылы, егемен еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында Динара Кенжебайқызы сияқты әскери борышын озық атқарып, тек қазақ қыздарына тән инабаттылық пен нәзіктікті, сыпайылық пен кішіпейілділікті жоғалтпай, шаңырақтың ұйытқысы бола білу біздің бойымызға мақтаныш сезімін ұялатады. Ұлы Отанды қорғау жолында сүбелі үлесін қосып жүрген білімді, сан қырлы білікті әскери маманның болашағы жарқын екеніне сенім мол.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар
- 9 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




