«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасыл желекке бөлінген қаржы далаға кетті ме?

Жасыл желекке бөлінген қаржы далаға кетті ме?
Автор
Таразда 1455 көше бар, оның ішінде 838-і асфальтталған, ал қалған 607 көшеде топырақты жол. Биыл 240 көшені жөндеу жұмыстары қолға алынды. Сонымен қатар 163 ауланы абаттандыруға бюджеттен 2,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл мәліметтер Тараз қалалық қоғамдық кеңесі тарапынан жүргізілген «Қаланы көгалдандыру, абаттандыру және қала келбетін көркейту жұмыстарының жай-күйі туралы мониторингтік зерделеу мен қоғамдық сараптама нәтижелері» атты жиында айтылды.

Бірінші мәселе бойынша қаладағы жаз бойы суғарылмаған жасыл желектің жайы талқыланды. Қала әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі берген мәліметке сәйкес қаланы абаттандыру және көріктендіру жұмыстарына 2024 жылы наурыз айында 1 миллиард 872 миллион теңге, 2025 жылдың ақпан айында 2 миллиард 100 миллион теңге бюджеттік қаражат бөлінген.  

Бұл қаражаттың 105,7 миллион теңгесіне қылқан жапырақты талдар – қарағай, арша, тікенекті, сібір шыршалары, шығыс және батыс бозаршалары сатып алынып, Айша бибі, Тәуке хан көшелерінің, Теміржол вокзалы және «Арбат-1, 2, 3» скверлерінің, «Үшбұлақ-2», Түйте каналдары жағалауының, «Қазақ хандығы» және «Біз біргеміз» монументінің, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т. Рысқұлов атындағы саябақтарға, Ы. Дүкенұлы атындағы қалалық Мәдениет үйінің маңайына, облыстық оңалу орталығының айналасына егілген. Сонымен қатар Жібек жолы ауданының «Қызыл Абад» алқабында «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 20 мың түп қарағаш, қала ішінде 5000 түп әр түрлі тал көшеттері отырғызылған. Оған қоса «Әулиеата» ауданында демеушілер тарапынан 7 мың түп, «Жібек жолы» ауданында 5 мың түп ағаш егілген. Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жыл аяғына дейін отырғызылатын ағаш көшеттерінің саны 200 мыңға дейін жеткізіледі деген мәлімет бар. Әрине, бұл – жанға жылу беретін ақпарат.

Бұл деректерді оқыған адам Таразды көкжелек көмкерген иранбағы ретінде елестетері сөзсіз. Дегенмен, шындығына келгенде бұл жоспарлы есепті түгендеу тәрізді көрінеді, өйткені оларды күтіп баптауға қатысты бірқатар өзекті мәселелер қалыптасуда. Сан қуамыз деп сапа естен шығып жатқан сыңайлы. Көшеттердің өсу көрсеткіші өте төмен, егілген әрбір үшінші ағаштың бірі бой алып кетпейтіндігі анықталып отыр. Бұл жайында зерттеу жұмыстарына атсалысқан қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Сәкен Қондыбаев былай дейді.

– Тараз қаласының батыс бөлігінде химиялық зауыттан шығатын қалдық пен түтіннің залалын төмендетеді деген мақсатта уақытында ағаш егіліп, жасыл белдеу құрылған болатын. Алайда егілген тал-терек қараусыз қалып, бүгінде бірі қалмай қурап кетті. Ал кәсіпорын мамандары ағаштың қурауына зиянды қалдық емес, судың аз болуы себеп деп отыр. Тараз қаласындағы 2-ші және 5-ші шағынаудандардың арасындағы екі жолдың бойына жағалай тал-дарақ егілгені баршаға мәлім. Бірақ, олардың жайқалып, қаланың көркіне көрік қосып тұрғаны шамалы, керісінше сиқын қашырып тұр деген дұрысырақ болар. Қоғамдық бақылау барысында «Ұлы дала» шағынауданындағы Көшек батыр көшесі бойындағы саябаққа биылғы көктемде егілген 150 терек, 200 қарағаш, 75 катальпа, 75 шаған ағаштары, басқа да талдарақтардың күйі мәз емес екендігіне көз жеткізілді. Біз тексеріп барғанда талдар суғарылмағандықтан, ауру ағаштарды емдеу шаралары дер кезінде ұйымдастырылмағандықтан көбісі қурап кеткен. Арасын арам шөп басқан. Ағаштарға шетінен құрт түсіп, ауырып тұр. Күтімі жоқ көшет қайдан өнсін? Оның үстіне қоғамдық кеңес жанындағы сараптамалық топ көгалдандыруға қатысты мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған мәліметтерге сараптама жасаған болатын. 2024 жылға дейін жыл сайын талдарды сатып алу, суару, күтіп-баптау, химиялық өңдеу жұмыстарына жеңімпаздар конкурс арқылы анықталатын, ал ағымдағы жылы осы үрдіс тоқтатылып, талдарды күтіп-баптау жұмыстарын «Жасыл ЕлТараз» мекемесі жеке дара атқаратын болған. Аталмыш мекеме биылғы көшеттерді де бір көзден, тендерсіз сатып алған. Кепілдігі бір жыл. Бұл ауызша айтылған мәлімет. Нақты іс жүзінде, кепілдігі бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Қаладағы жасыл желектерді инвентаризациядан өткізу, паспортын жасау мәселелері «Жасыл Ел-Тараз» мекемесі үшін жат ұғым тәрізді. Көшет отырғызу маусымын таңдауда да қателік бар. Жас өскін алғашқы 3 жыл бойы дұрыс күтімге алынбаған. Ағаштың әрі қарай өніпөспегені неліктен бақыланбайды, талданбайды? Заманауи жүйелер неге жұмыс істемейді? – деді Сәкен Қондыбайұлы.

Шындығында 2023 жылы Таразда «Жасыл белдеу» жобасы аясында 10 гектар жерге егілген 12 мың түп ағаш, қурап кеткен еді. Сол жылы Құмшағал, «Қызылабад» шағынаудандарына егілген ағаштар да түгелге жуық қураған болатын. Осылайша бюджеттен бөлінген миллиондаған қаражаттар желге ұшқан. Абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі проблемасы әкімдік тарапынан жүйелі жұмыстың болмауынан туындап отыр деген тұжырым жасап отырмыз.

Ирригациялық жүйеге шағым көп

Қала әкімдігінің дерегінше қаланың ирригациялық жүйелерді жаңарту, тазалау жұмыстарына 2023 жылы бюджеттен 2 миллиард 40 миллион теңге қарастырылған. Бұл жұмыстарды жүргізуге «Сұңқар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз болып танылып 2023 жылы жалпы ұзындығы 30,2 шақырым, өткен 2024 жылы 12 шақырым лоток жүйесі жүргізілді. Осы жылы жалпы ұзындығы 17 шақырымды құрайтын арық жүйесін жаңғырту жұмыстары жүргізілген. Аталмыш жұмыстар Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Сүлейменов көшелері және «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында жүзеге асырылуда. Сонымен қатар Қант зауыты мен Тектұрмас алқаптарындағы ирригация жүйелерін және «Үшбұлақ» каналын механикалық тазалау жұмыстарын, қала көшелеріндегі науалық желілер мен арналарға тарату шлюздерін орнату жұмыстары қолға алынып жатыр. Қала әкімдігінің дерегінше бұл ауқымды жоба 2027 жылға дейін жалғасын таппақ.

Өкінішке қарай, қаланың ирригациялық жүйесін дамыту бойынша қолға алынып жатқан тірліктер әлі де көңіл көншітерліктей болып отырған жоқ. Жоғарыда аталған қаладағы лоток жүйелерінде бүгінгі күнге дейін ағып жатқан судың белгісі де білінбейді. Қоғамдық кеңес тарапынан құрылған мониторингтік топ қала бойынша кейбір көшелерде ирригация жүйесін қамтамасыз ететін науалардың тозығы жетіп, су жүретін құбырлардың аузы бітеліп қалғандығын, ескі науаларды жаңасына ауыстыруда лотоктың көше қиылыстарына жете бере тұйықталып қалғандығы, ағын судың жолдың арғы бетіне өтуі үшін жасалған жол астындағы құбырлардың аршылмай, кейбірін талдың діңгегі бөгеп тұрғандығы, лоток қиылыстары бетондалмағаны секілді бірқатар келеңсіздіктерді анықтады. Осындай жағдайларды шағынаудандардағы Т. Рысқұлов, Қ. Тұрысов және басқа да орталық көшелердің бойынан байқауға болады. Тіпті су жүйелерінің үстіне үйлер, тұрмыстық құрылыстар салынып кеткен.

– Жалпы, Тараз қаласының аумағында 12,7 шақырым ұзындықты құрайтын 2 дренаж каналы бар. Сондай-ақ «Сеңкібай», «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді», «Базарбай», «Түйте» атты 8 каналдың жалпы ұзындығы 82, 55 шақырымды құрайды. Ирригациялық арық жүйелерінің жалпы ұзындығы – 164 шақырым, оның ішінде лоток жүйелері – 21,4 шақырым. Елімізде Тараз сияқты 8 каналы бар қалалар кемде-кем. Демек, көне шаһардың ирригациялық жүйесі өте жақсы, яғни каналдар, арықтар көп, бәрі бір-бірімен байланысқан. Соған қарамастан облыс орталығында бұл мүмкіндікті тиімді пайдалана алмай отырғандықтан, шаң көтеріліп, егілген көк қурап жатыр. Бастауын көршілес Қырғызстаннан алып, қаламыздың су жүйесінің күре тамыры болып отырған «Қапал», «Сенкібай» және «Үшбұлақ» каналдарын біріктіре отырып, Тараз қаласындағы ирригациялық жүйелерге, арықтарға су жеткізу арқылы қала аумағындағы 7000 гектар суармалы жердегі жасыл желектерді жайқалтып отыруға болар еді. Әсіресе, соңғы жылдары 4 айға дейін созылатын жаздың аптап ыстығында арықтардан сылдырап су ағып жатса шаһардағы ылғал мен ауа тазалығына қол жеткізуге, сонымен қатар, қала тұрғындарын ағын сумен қамтып, олардың жеке учаскелерінде көкөніс дақылдарын өсіріп, күн көрісіне пайдалануына да мүмкіндік туындар еді. Қаланың 60 пайызын ағын сумен қамтамасыз етуге арналған облыс орталығындағы каналдар жүйесінің күре тамыры, жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын «Түйте» каналы. Соңғы жылдары аталмыш канал мемлекет меншігіне өткен соң 1,7 шақырымға созылған каналдың жағалауы толық абаттандырылып, 9,1 шақырым тротуар төселді. Декоративті ағаштар отырғызылып, жарық шамдар мен орындықтар орнатылып, су арнасының айналасы бүгінде таза әрі жайлы серуен аймағына айналды. Өкінішке қарай, каналдың қорғау аумағындағы заңсыз орналасып, қала эстетикасын бұзып тұрған ретсіз салынған ғимараттар, бизнес нысандары, дүкендер мен дүңгіршектер әлі де жетерлік. Кезінде «Түйте» каналының жекеменшіктен мемлекет меншігіне қайтарылуын көпшілік құп көрді. Дегенмен, қоғам белсенділері аталмыш су нысандары бюджет қаражаты есебінен толық абаттандырылып болған соң, дайын күйінде қайтадан басқа біреулердің жекеменшігіне айналып кетпейді ме деген күдіктердің барын да жасырмайды. Кез келген су торабы стратегиялық нысан. Өйткені су бар жерде қауіп те қатар жүреді. Қауіпті жер қашан да стратегиялық маңызға ие. Сондықтан да қазір үлкенкішілігіне қарамастан, әрбір су торабының жұмыс тәртібі мемлекет тарапынан бақылануы керек. Қанша су жинау, қаншасын қалдырып, қандай мөлшерде ағызу керек – осының бәрін мемлекеттік орган қадағалап, реттеп отыруы қажет. Міне, біз осы мәселені сауатты реттеу арқылы жүргізе алмай отырған тәріздіміз. Мысалы, ағымдағы жылдың 7 тамыз күні кешкі сағат 20:35 шамасында Тараз қаласында белгісіз біреу «Зербұлақ» көліне тиесілі шлюзді рұқсатсыз ашуы салдарынан суармалы каналдарға шамадан тыс су кеткен. Соның салдарынан Достоевский, Жуанышев, Ұлбике ақын көшелеріндегі аулалар мен Ниетқалиев және Бөлтірік шешен көшелерінде су деңгейі 30 сантиметрге дейін көтеріліп, кейбір үйлерді су басқан. Әкімдіктің мәліметінше, барлығы 30 тұрғын үйдің ауласын және 2 жертөле бөлмесін су басқан. Абырой болғанда Төтенше жағдайлар қызметі жедел түрде іске кірісіп, алдымен шлюздер жабылып, су ағыны тоқтатылды, – дейді қоғамдық кеңестің мүшесі Серік Қойбақов.

Көше комитеттерін көбейту қажет

Бүгінгі күні қала ішіндегі тазалықты сақтауға қоғамдық ұйымдардың, соның ішінде көше комитеттерінің белсенділігі өте қажет-ақ. Осы орайда қаламызда бірнеше жыл бұрын құрылған Тараз қалалық көше комитеттерінің «Ақ ниет» атты бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі, қаламызға танымал кәсіпкер Ергеш Нұралиев қалалық, облыстық деңгейдегі алқалы жиындарда билік иелерін осы маңызды іске оң көзқарас танытуын жалықпай көтеріп келе жатқандығын айтпасқа болмайды. Өкінішке қарай, бұл азаматтың көтеріп жүрген мәселесіне билік тарапынан әзірге құлақ асып жатқан жан байқалмайды. Сондықтан тәртіпті реттеу үшін комитеттердің жұмысын жандандыруды қала әкімдігі қолына алып, халықтық, бұқаралық сипаттағы қозғалысқа айналдырса деген ұсыныс айтылды.

Көше комитеттерінің төрағаларына мемлекеттік бюджеттен қоғамдық негізде жұмыс атқаратын жұмыскерлерге төленетін қаржы есебінен жалақы тағайындап, олардың статусы мен жауапкершілігін белгілеп, әкімдіктің аға инспекторлары арқылы жұмыстарын үйлестіріп отырса оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Бүгінде осындай әдіспен жұмыс істеп жатқан Түркістан, Қызылорда қалаларында қайта жанданған көше комитеттерінің белсенді қызметі олардың халықтық, бұқаралық сипаттағы қозғалыс екендігін, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын біліп отыру, қоғамдық тәртіп пен көше тазалығын қадағалау, жалпы белгілі бір аумақтың тұрақтылығын сақтау бағытында халықтың көңілінен шығатын үлкен қоғамдық қозғалыс екендігін, ол өзін-өзі басқарудың мемлекеттік деңгейдегі қадам екендігін іспен дәлелдеп отыр. Оған біз бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі жарияланымдар арқылы көз жеткізіп отырмыз.

Ендігі жерде қала билігі осы қоғамдық ұйымның жұмысына жан бітіріп, оның өкілеттігін айқындайтын тұжырымдама әзірлесе, құзіретіне кіретін тазалық жұмыстарынан бөлек, бүгінгі күні бақылаудан шығып, кең етек жайған үрдіс, кейбір пәтерлер мен жеке баспаналарға есепсіз тіркеліп алған азаматтар арасынан, жүрістұрысы белгісіз, күдікті азаматтарды анықтауда қаламыздағы құқық қорғау органдары өкілдерінің таптырмас көмекшісіне айналар еді. Осы істе белсендік танытқан көше комитеттерін арнайы номинациялар бойынша анықтап, жеңімпаздарына қаржылай сыйлықтар табыстап ынталандырып отырса тіпті нәтижелі болар еді.

Тараз қаласының аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату да ең өткір мәселе болып отыр. Қалада оларды қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың дамыған және заманауи инфрақұрылымы жоқ. Айта кетейік, қаланың қатты тұрмыстық қалдықтары «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қоқыс полигонына жіберіледі. Сонымен бірге қаладан 8 шақырым жерде «Махмудов» кәсіпкерлігінің жеке полигоны бар. Байзақ ауданында орналасқан «Алди и К» компаниясы да қаладан шыққан қалдықтарды өңдеумен айналысады.

Алайда, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жағдайы да көңіл көншітпейді. Өндірілген қалдықтардың барлығы дерлік қайта өңдеусіз полигондарға орналастырылатындықтан, олардың көпшілігі осындай мамандандырылған объектілерді орналастыру, жайластыру және пайдалану жөніндегі санитарлық, гигиеналық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Қоршаған ортаның ластануын шешу үшін қалдықтарды басқарудың қолайлы жүйесі қажет.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар