«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«120 әнді 7 сағатта айтып шығу керек»

«120 әнді 7 сағатта айтып шығу керек»
Автор
Әнші Бақыт Шағырбаев Гиннес рекордтар кітабына енуге талпынып көрмек.

Таяуда «Абай ТВ» телеарна сынан көрші Қырғызстан мен біздің елдің өнер саласында жүрген әншілерінің біріккен «Қос қанат» хабарын тамашалап отырып, Тараздағы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының белгілі әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Шағырбаевтың баянға қосылып қырғыздың лирикалық әндерінің бірі Түгелбай Қазақовтың «Жаңбыр төкті» әнін нақышына келтіре орындағанын тамашалап, рахатқа бөленіп, өте риза болдым:

«Жаңбыр токти еш басылмай,

Коштасуда коз жасындай.

Шыгарып сап турдык бизде,

Ен соңғы рет кешти осылай.

 

Кун куркиреп, жаңбыр жауды

Жаска малып тағдырларды.

Носерлетип устин-устин

Сезим ғана жангырмады».

Иә, әр әннің өз орындаушысы бар. Бұл әнді бұрындары бірнеше белгілі әншілердің шырқауында тыңдағаным барды. Бірақ Бақыттың айтқанынан ерекше әсер алдым. Әсерлі ән артта, ту сонау алыста қалған жас шағымды еске түсіріп, қалғып жатқан сезімімді оятып, жүрегімді тербетті. Орындаушысын тапқан әсем әннің құдіреті қандай, шіркін! «Ән – көңілдің ажары», деп халық бекер айтпаған-ау, сірә! Баяғыда бір ғұлама «Мен музыканы не үшін жақсы көрем? Себебі, музыка адамнан, қоғамнан шыншыл» депті. Қазақ музыкасын зерттеген Борис Асафьев «Қазақтың ән әуездерінің тамаша бір қасиеті – оның шын жүректен шыққан эмоциялық сезімталдығы мен сезгіштігі» деген екен. Ал Ницше болса «Егер музыка болмаса мына әлем қате болар еді» («Без музыки этот мир был бы ошибкой») дейді.

Шынында, адам өз көңіл-күйін, сезімін, жүрек толқынын ән мен күй арқылы сыртқа шығарады. Жақсы музыка әуені жаныңды баурап, жүйкеңді тыныштандырып, бойыңды сергітеді. Тіпті әсерлі музыка құдіретін бұрынғы емшілер мен қазіргі дәрігерлер кейбір науқастарды емдеуге қолданған, қазір де пайдаланып келеді. Оны ғалымдар музыкамен емдеу, яғни «музыкатерапия» дейді. Музыка жүрегіңді қытықтап, жүйкеңді тынықтырып, жаныңды желпіндіреді. Ғажайып ән, әсерлі музыка әлемі болмаса мына кең дүние не болар еді? Біле білсек айналамыздағы табиғат «үні», оның әртүрлі әсем көріністері, құстардың құйқылжытып сайраған әртүрлі үні, желге тербетілген қамыс ызыңы, жағаға соғылған теңіз толқыны, тіпті жауынның қақпамызды сабалап жаууы және тағы басқа құбылыстар мен дыбыстарда музыка емес пе? «Музыка – жүрек тілі, ол – сезімдер мен көңіл-күй әлемі. Ол дыбыстар арқылы бейнеленген жан сарайы. Егер сен музыканы түсініп сүйгің келсе – оны ыждаһаттылықпен тыңдай біл! Кейін сен оны міндетті түрде ұнататын боласың, бірте-бірте өзің белгісіз мезетте қалай үйренгеніңді де сезбей қаласың, жақсыны жаманнан айыра алатын боласың. Осылай етсең сенде тамаша талғам пайда болады», – деген пікір айтады орыстың белгілі композиторы Дмитрий Шостакович. Расында солай, кейде музыка адамға жүз сөзден артық әсер ететіні бар.

Әнші Бақыт Шағырбаевтың сахна төрінен аса шеберлікпен халық әндері «Қызылжар-Семей», «Бұлбұлым», Шәмші Қалдаяқовтың «Арқалықтың ақ таңы», «Теріскей», Илья Жақановтың «Толағай», Алтынбек Қоразбаевтың «Сырғалым», Нышан Төлегеновтың «Бәйдібек баба», Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» және де басқа әндер мен термелерді нақышына келтіре, құйқылжыта шырқағанын концерттерден талай көрдім. Оның көмейінен шыққан ерекше жағымды дауысы, әндерді орындау мәнері көпті тәнті етеді. Тіпті бұрынғылардың сері азаматтарына ұқсап, бір мезгіл ел-елді аралап, өңіріміздің шалғай жатқан ауылдарына барып, өмір серігі – жұбайы Айгүл екеуі ақысыз концерт кештерін өткізетін жақсы «әдеттері» бар екенін бұрыннан естіп жүрміз. Таяуда сондай концерттік сапармен Меркі аймағында болып, 14 ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың кештерін тамаша әндермен тербетіпті.

«Меркі Родон» шипажайының директоры Серік Махамбетовтың шақыруымен демалушылар алдында екі сағаттық концерт беріп, еліміздің әр өңірінен келген емделушілерді әсем ән мен жырға бөлеп, аса риза етіпті. Шипажайда маңғыстаулықтардың бар екенін біліп, солардың құрметіне «Маңғыстау» әнін орындағаны, мойынқұмдықтар үшін Ш. Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым» әнін нақышына келтіріп шырқағаны ерекше әсерлі болыпты. Оның сол жолғы тартымды гастролдік сапары жайлы журналист Серік Құралбай жергілікті «Меркі ақиқат» газетінде кеңінен жазыпты.

– Менің туып-өскен жерім қазыналы да киелі, тарихы мол Қаратау бөктеріндегі Тамды ауылы. Бұрындары Талас ауданының «Шолақтау» совхозының орталығы болатын. Мен көпбалалы отбасында өстім. Біздің Қысатай әкеміздің тарихы қызық. Әкемді әжем Құндызай Түлкібастың балалар үйінен асырап алған. Күйеуі соғысқа кетіп, келмей қалған әжеміз Түлкібастың стансасында нан сатып жүріп, өтіп бара жатқан пойызға іліне алмай қалған 6-7 жасар баланы көреді. Содан ешкімі жоқ екенін білген әжем баланы үйіне алып келеді. Бірақ ағайындары «Ертең тұрмысқа шығасың. Аяғыңа тұсау болады ғой» десе де көнбей өзіне тәрбиеге алады. Әжем ол кезде 24 жаста екен. Бірақ әжем жарықтық енді күйеуге шықпауға ант беріп, сол баланы бауырына басады. Бала ержеткен соң әжеміз өзінің немере ағайынының қызын алып береді. Екеуінен төрт-бес бала дүниеге келеді. Кейін ес білген Қысатай әкеміз өзінің елін іздеп, газеттерге мақала жазады. Содан әкемді балалар үйіне өткізген ағайындары табылып, өз елдеріне алып кетеді. Сөйтіп туыс-ағайындары Тамды ауылынан үй салып береді. Үй дайын болғаннан соң, 1962 жылы әжемізді көшіріп алып, Тамды ауылына қоныстанады. Мен дүниеге келгенде анамыз Қаратаудың ауруханасында жатып, сырқаттанып қалады. Сонда әжем Құндызай түнделетіп Тамды ауылынан 15 шақырым жердегі Қаратауға жаяу барып, етегіне мені орап алып, ауылға алып келіпті. Әжем түнде мені бесікке бөлегенде, біреу әкетіп қалмасын деп белтартпаны қолына қосып байлайды екен. Сөйтіп біздер – бес қыз, бес ұл әжеміздің бауырында өстік. Менде мектепке барғаннан кейін-ақ ән өнеріне деген қызығуш+ылық туындады. Біздің отбасымызда әнге құмар жандар аз болмады. Әкем Қысатай сырнайда ойнап, анам Хадиша екеуі отырыстарда қосылып ән айтып, өнерлерімен көпшілікті таңғалдыратын. Әжем Құндызай да жайлап әндетіп жүретін. Ол белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлының жақын әпкесі еді. Тіпті атақты композитор Нұрғиса Тілендиевтің әкесі Атабаймен менің анамның әкесі Аймахан бір-біріне жақын немерелер болып келеді. Сол нағашыларымнан маған да бірнәрсе «жұққан», дарыған болса керек, сірә. Алғашқы кезде қазақтың қоңыр дыбысты домбырасын меңгеріп, ел аузында жүрген белгілі әндерді орындай бастадым. Одан кейін бірте-бірте Алтынбек Қоразбаевтың әндерін мәнерлеп шырқайтын дәрежеге жеттім. Көпшілік мені көрсе «Алтынбектің әнші інісі келе жатыр» деп қолпаштайтын. Кейін Сыр бойының белгілі әншісі Бексұлтан Байгелдиевтің баянмен салған әндеріне қызығып, ниетім баян-сырнайға ауысты. Міне, содан бері қаншама жылдар болды баянды өзіме серік етіп, ел алдында өнер көрсетіп жүрмін. Тыңдаушыларым менің орындаған әндерімді жылы қабылдайды. Өйткені мен қандай ән айтсам да жүрекпен орындаймын. Сондықтан тыңдаушыларым әр әнімді жылы, зор ілтипатпен қабылдайды. Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді. Өнер жолымда талай белгілі ағалар мен мемлекет қайраткерлерінен бата алдым. Мысалы, Д.Қонаев, С.Үмбетов, Ө.Байгелдиев, А.Сейдімбек, М.Жолдасбеков және де басқалар өнеріме тәнті болып, шырқата салған әндеріме ерекше сүйсініп бата берген. «Батаменен – ел көгерер» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаса керек. Елдің батасы мені әркез қолдап жүргенін сезіп отырамын, – дейді Бақыт Шағырбаев өмір жолы және өнер жолымен қысқаша таныстырып.

Сәл ойланып барып, әңгімесін ары қарай жалғастырды:

– Жезқазған мәдени-ағарту училищесінде білім алғаннан кейінгі еңбек жолым Қаратау қаласында аудандық мәдениет үйінде жеке дауыстағы әнші қызметінен басталды.

Өмір ағымымен 2001-2006 жылдар аралығында Еуразия ұлттық университетінде «Қоңырқаз» ансамблінің жетекшісі болдым. 2006-2014 жылдар аралығында өнердің ордасы, шығармашылықтың шыңы саналатын оңтүстік астанамыздағы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әнші болдым. 2014 жылдан бастап туған жерге қайта оралып, облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі ретінде халыққа өнерімді тарту етіп жүрмін. Осы жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғаным туған жерімнің сыйы деп білемін. Өнердегі жолымды Тоғжан қызым жалғастырып, бүгінде өзіммен бірге филармонияда қызмет етіп жүр.

– Алдарыңызда қандай жоспарларыңыз бар? – деген сұрағымызға әнші: «Өнерде қатар жүрген таныстарым: «Бақыт, сенің мүмкіншілігің мол ғой. Ән орындау шеберлігіңе еш күмән келтірмейміз. Ән салудан Гиннес кітабына жазылуға талпынып көр», деп ұсыныстар айтуда. Тиісті мекемемен хабарластым. Қазақтың дәстүрлі әндерімен қатар, әртүрлі сарындағы 120 әнді 7 сағатта айтып шығуым керек екен. Әрине, ол кімге болса да жеңіл емес. Әсіресе, тамаққа қатты салмақ түседі. Бірақ мен «Тәуекел!» деп өзімді сынап көрмекпін. Өйткені өзіме сенемін. Болып жатса, Құдай қолдаса, Ұлыбритания астанасы Лондонға сапар шекпекпін. Бүгінде Ақпарат және мәдениет министрлігі сол мәселемен айналысып жатыр», – деді.

«Күнде кездесіп жатқан жоқпыз, Бақыт. Баянсырнайыңды көтере келіпсің біздің аурухана ұжымымен кездесуге. Өзіңнен бір жақсы ән естіп қалайық. Шырқап жібер!» – деп қолқа салдық.

– Жарайды. Менің жиі орындап жүрген әндерімнің бірі жыр өнерінің дүлділі шиелілік Шынболат Ділдәбековтың «Шындық туралы толғау» деген термесі. Бұл толғау ертеде коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған кезде, қызыл империядан жасқанбай жазылған керемет ән-толғау. Соны орындап берейін», – деп ол қолына баяннын алды.

«Сөйле, тілім, алаңдама, тартынба!

Найзағайдай шындықты айтып жарқылда!

Қалай ғана өмір сүрдім дей алам,

Бір ауыз сөз қалмаған соң артымда?!

 

Заман қалай, адам қалай өзгерді,

Өзгергенді шүкір, қазір көз көрді.

Арың менен ақиқаттың алдында

Шындықты айтып, шыңғыратын кез келді.

 

Мәз болмайық арқамыздан қаққанға,

Мәз болмайық жұлдыз әкеп таққанға,

Кімге керек жал мен жая жегенің,

Бауырларың қылтамақ боп жатқанда.

 

Күні болған қазағымның сорлаған,

Қасіреттің қара бұлты торлаған.

Ешқашан да тарихында даламның,

Кешегідей бұрыс кету болмаған!

 

Асқар тауым, ақыл ойым, қорғаным,

Есіңді жи, ешкімге жем болмағын.

Есіл ерлер, ертеңді де ойлаңдар,

Кімге керек бес күн жақсы болғаның.

 

Айтатұғын келді бүгін ақ таңдар,

Бәрін біреу береді деп жатпаңдар.

Бір қазақты үшке бөліп бүлінбей,

Қайран елім, бірлігіңді сақтаңдар!», - деп әнші баянының үніне шебер қосылып, көмейінен ән-толғау төгіле берді. Толғаудың тәлімдігі мол отты сөздері сүйектен өтіп, ұлттық рухыңды оятып, бойларына серпіліс беріп, кімді болмасын терең ойға салады. Әсіресе, сол кездегі қазақ ұлтының саналы азаматтарына арнап айтылған толғау біраз адамдардың жүрегіне салмақ салған болар. Қазір де сол аса мазмұнды толғауда айтылған сөздер өзектілігін жоя қойған жоқ-ау, тәйірі.

– Бұл термені Жезқазғанда мәдени-музыка училищесінде оқып жүргенде үйреніп едім. Сол кезде өнерге жақын Айгүл деген әнші қызбен танысып, көңіліміз жарасып, отбасын құрдық. Содан бастап өнерлі отбасы атанып, ән әлемінде бірге келеміз. Әннің де есері бар, естісі бар. Сондықтан әр әнді орындамай тұрып, оның сөздерінің мәніне әркез көңіл аударамын. Ол әнді қандай ортада айту керек екенін жоспарлаймын. Әйтпесе, ыңғайсыз жағдайға ұрынуыңыз әбден мүмкін ғой, – дейді айтулы өнерімен тыңдармандарын тамсандырып келе жатқан санаулы орындаушылардың бірі, күміс көмейлі әнші Бақыт Шағырбаев.

Ата-бабамыздың жан-дүниесінен мирас болып қалған құндылықтардың ең құндысының бірі ән мен күй десек, ол мәнмағыналардың ғана түсініктемесі, сөздердің ғана дыбысы, белгілі мақсат-мұраттардың ғана сөз қалыбы емес, сондай-ақ ойымыздың айшықталған тілі, сезімдеріміздің тербетілген әуезі, жүрегіміздің жалындаған қайраты деп ұққанымыз жөн. Ән болмаса көңіл құлазып, мына жарық дүние көмескіленіп, түнеріп кетпейді ме? Жан жүйеміздегі келісім, сүйіспеншілік және қуаныш сезімдерін оятқан әрбір көрініс пен сурет, әрбір ырғақ пен мақам, әрбір үн мен дыбыс, әрбір үйлесімділік пен жарасымдылық, әрбір әуен мен сарын – ән емес пе? Ән – зор рухани күш сыйлайтын қасиетті әлем. Ол тазалықты, әділеттілікті сүйеді. Өмірін ұлттық өнерге, ән өнеріне арнап, шығармашылық ізденісте жүретін жандардың бірі осы Бақыт Шағырбаев емес пе?

Әнші халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген беделді өнер қайраткері. Мысалы, Астана қаласында өткен «Текті сөздің төресі – терме» республикалық термешілер байқауында Бақыт Шағырбаев ақын Нарша Қашағанұлының өлеңіне жазылған халықтық мақамдағы «Ертеңгі қазаққа хат» термелерін жоғары дәрежеде орындап, көпшіліктің алғысына бөленді. ...Ертеректе өнер иелерінің шақыруымен аты елге кең таралған созақтық дүлділ күйші Сүгір Алматыға келеді. Бойындағы бар өнерін таспаға жазып бермек екен. Бірақ Алматыда отырған «дегдарлар», «кешіріңіз, бізде соншама шығарманы жазатын магнит таспасы жоқ, кейінірек келерсіз», – деп шығарып салады.

Өмірінде ешкімнен именбеген, қалағанынша жүріп тұрған Сүгір жаман қорланыпты. Ашу қысқан ол алды-артына қарамай ауылына қайтып кетеді. Кейіннен Талиға апай (Бекхожина) фольклорлық экспедициямен Созаққа барады. Сонда магнитофонын көтеріп үйіне келген, консерваторияның бір-екі студенті бар, жетекшілері бар, бір топ адамды Сүгір табалдырығынан аттатпай, кері қайтарыпты. Сізді Сүгір күйші деп келдік қой дегендерге, «мені Сүгір деп кім айтты, Сүгір баяғыда өліп қалған, сүйегі сол Алматыда жерленді», – деп жауап беріпті.

Әрине, өзім көргенім жоқ, елден естіген әңгімем. Сүгір мен Әйкен бірнеше рет кездесіп домбыра тартысқан екен. Сол Әйкен тағы бір келгенде Сүкең: «Әй, Әйкен, баяғыда күйші келгенде ханның өзі тақтан түсіп қарсы алады екен. Кейіннен, кедейден болған шоңдардың өздерінде бұрынғы төреден қалған жөн-жоба бар еді. Сен екеумізді төбесіне көтермесе де өздерімен тең отырғызатын. Енді Алматыға барып концерт дегенін көрдім. Әншісі бар, күйшісі бар, белдемшесі белінде, бес кесесі қолында төрелерге қызметші құл мен күң есебінде екен. Басымыздан дәурен өтіпті, Әйкен», – депті жарықтық. Сол айтылғандай қарапайым адамдарға деген кертартпа мінезден, кесепаттықтан әлі ажырамай келеді емес пе жоғарыдағы шекпенділер. Бақыт Шағырбаевтың «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болуы да бір ерекше хикая. Сол кездегі еліміздің Мемлекет хатшысы қызметінде жүрген, халық қамын көп ойлайтын Қырымбек Көшербаев Жамбыл жеріне іссапармен келеді.

Ел-жұртты аралап келгеннен соң делегация-топ мүшелеріне кешкі шай бермек болып дастархан жайылады. Сол кешке облыстың атақты бірнеше әншілерін шақырып, ән айтқызады. Әлгі ән айтқандардың арасында Бақыт та болып, қазақ әндері мен термелерін баянға қосылып, нақышына келтіре шырқайды. Оның қайталанбас ерекше дауысына, орындау шеберлігіне Қ.Көшербаев тәнті болып, облыс басшылары мен мәдениет басқармасының бастығына: «Мына жігіттің тамаша өнерін елге неге танытпайсыздар? Халық арасында бағы жанбай, көлеңкеде қаншама таланттар жүр! Қолдаңыздар мына жігітті. Менің атыма ұсыныс жасап, ұзаққа созбай жіберіңіздер. Қолдан келген көмегімді жасайын...» деп құлаққағыс етеді.

Содан жауапты азаматтар: «Ой, ол консерватория немесе өнер университетін бітірмепті, қалай оған «еңбек сіңірген қайраткер» атағын береміз, деп ұсынысқа жөнді ниет білдірмепті. Сонда Бақыт Қысатайұлы ертеректе белгілі композитор Шәмшінің (Қалдаяқовтың) басынан өткен мына бір оқиғаны айтып беріпті. Шәкеңнің әндері телевидение мен радиодан күндіз-түні беріліп, сахналар мен жастар бас қосқан жерлерде үзбей орындалып жатқан шуақты күндер екен. Шәкеңнің достары оның «қолтығына су бүркіп» «Шәке, сен неге Қазақстан Композиторлар одағына өтпейсің? Барлық жағынан жөні келіп тұр емес пе?» деп ұсыныстарын білдіреді.

Шәкең қажетті қағаздарын жинап алып, Композиторлар одағына салып ұрып барады. Оның төрағасы ол кезде Еркеғали Рахмадиев екен. Бұрыннан бірін-бірі жақсы білетін екі композитор құшақтасып амандасады. Аман-саулықтан кейін Шәкең келген жұмысын баяндайды. Сонда Е.Рахмадиев қызарақтап, алдындағы қағаздарын ары-бері парақтап отырып: «Бәрі дұрыс қой, Шәке. Сенің өнеріңді бағалап, дүйім халық «вальс падишасы», «вальс королі» деп ардақтап, ауыздарынан тастамай жыр ғып айтып жүр. Композиторға одан артық бақыт бар ма?! Бірақ, сен ренжіме, досым, өнер университетін немесе консерватория бітірмегенің бар, сені қалай Одаққа қабылдаймыз? Ойланшы, тәртіп пен талапты қалай бұзамыз? », – депті күмілжіп. Ондай жауапты күтпеген Шәкең: «Әй, Еркеғали, олай десең анау Кенен Әзірбаев, атақты Құрманғазы қай консерваторияны бітіріп еді? Олар да Композиторлар одағына мүше болды емес пе?!», – деп ашуланып, кабинеттің есігін тарс жауып кете барыпты. Б. Шағырбаевтың бұл сөзі сүйектеріне өтердей болып, облыстың мәдениет басқармасы жоғарыға ұсыныс қағазын қинала-қинала жіберіпті. Сөйтіп, әділдік жеңіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген талант иесіне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген төсбелгі Бақыттың омырауына орынды қадалыпты.

Ғұлама хакім Абай Біржанның әнін тыңдап: «Әй Біржан, сендей енді қазақтан әнші ұл тумайды ғой», – дегенде, Біржан: «Абай аға, мендей әнші ұл туса туар, бірақ сіздей тыңдаушы тумайды ғой», – деп бір-бірін жарасымды бағалаған екен. Сол айтылғандай, құдіретті өнерімен ел-жұртты тәнті етіп бүгінде ортамызда жүрген, тыңдаушысын сүйсіндірген талантты, дарабоз әнші Бақыт Шағырбаев шынында ән әлемінде өз орнын тапқан ерекше өнер иесі.

Лайым, көпшілік ән орындау шеберлігі мен талантына ыстық ықылас білдіріп, ризашылықпен қол соққан, өнерлі де өрелі Бақыт Қысатайұлының қанаты талмай, саз биіктерінде ұзақ қалықтай берсін!

 

Сағынық ОРДАБЕКОВ

медицина ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар