– Біз сізді бала күндеріңізден, Таластың Аққұм ауылында тұрған кезіңізден білеміз. Әкеңіз құрылыс саласында, анаңыз білім саласында озат мамандар болды. Үлгілі ұлқыздар тәрбиеледі. Сол тәрбиенің әсері болар, бауырларыңыз шетінен биік қызметтен көрініп жүр. Өзіңіз де мемлекеттік қызметте қажырлы еңбек етіп жүрсіз. Осы жағдайға ауыл тәрбиесі, ата-ана тағылымының үлесі қандай болды?
– Алақандай Аққұмның адыр бетінде асыр салып балалық шақты өткіздік. Аллаға шүкір, ата-аналарымыздың тәрбиесі бізді осындай биікке жеткізді. Отар атам елге сыйлы болған кісі. Тұрғындардың имандылыққа келуіне үлкен үлесін қосқан. Ал апамның аты – Мәйке Айдарова. Алты Алаш ардақтаған Рафаэль Ниязбек, Шорабек Айдаров секілді азулы ақындардың әпкесі. Апамның өзі де қонақта отырғанда ойынан шығарып өлең айтып, халықтың ықыласына бөленіп жүретін. Атақты ақын інілеріне тамсанып жүріп, апамыздың талантын уақытында бағаламаған екенбіз. Дауысы керемет әнші болатын. Кез келген жиынның гүлі еді, барған тойында тойбастар айтпай қайтпайтын. Атам менің кішкентай кезімде бақилық болып кетті. Ал апам маған тәрбие берді. Апам қолымнан жетектеп алып, ағайын-туыстың той-қуанышына ертіп алатын. «Балам, адалынан тапқан 1 мың теңгең, біреуді жылатып тапқан 100 мың теңгеден артық. Ешкімнің ала жібін аттама», – деп үйретті. Сол әже тәрбиесі бізге күш қуат берді. Әжеме арнаған өлеңім бар. Оған ән жазылды. Үлкен сахналарда орындалып жүр. Өз әкем Асангелді құрылыс маманы, шежіреші, анам Фатима – мектеп директорының орынбасары, озат ағылшын тілі мұғалімі болды. Атам мен әжемнің тәрбиесін көргенімді мақтан етемін.
– Сізді әйгілі айтыскер ақын Шорабек Айдаровтың жиені, шәкірті деп танимыз. Жыр додасына қатысып, біраз жүлде алдыңыз? Айтыста естен кетпейтін қандай ұмытылмас сәттер бар?
– Әзіл айтыстың қас шебері Шорабек Бәтейұлы туған нағашым. Нағашыма еліктеп өстім, тәлімі мен тәрбиесін алдым. Не айтсақ та халықтың жүрегіне жеткізіп айтуды, адал болуды үйрендік. Менің «хит» айтыстарым аз емес. Оның сүбелісі 2022 жылы Тараз қаласында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыста болды. Жерлесім Айтмұханбет Исақов ағамен жоғары айтыс жасап, ел көкейіндегі шындықты айта білдім. Жүлдеге ілікпегеніммен, сол айтыс елдің маған деген ықыласы ерекше болуымен есте қалды. Әрине, талай рет айтыстың жүлдесіне де қол жеткіздім. Республикалық «Алтын домбыра» айтысында да өнер көрсеттім. Сол айтыста қазылар құрамында болған Қойлыбай Асанов ағамыз кейін кездескенімізде маған төмен балл қойғаны үшін өкінгені бар. Айтыстың атасы Жүрсін Ерман ағамыз кітабыма жазған алғысөзінде Атырауда, Таразда өткен республикалық айтыстардағы сәтті шумақтарымды айтып өтіпті. Жалпы, Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева, Қанат Мырзахан және басқа да үздік айтыскерлермен қызықты, деңгейі жоғары айтыс жасаған кездерім бар. Үлкен ізденіс әрқашан нәтиже береді.
– Жазба өлеңде де өзіндік айтарыңыз бар емес пе?
– Рафаэль Ниязбек нағашыма еліктеп, лирикалық өлеңдер жаздым. Рафаэль ата: «Кітабың дайын болса, алғысөзін мен жазып берейін» деп қуанып жүруші еді. Әттеген-ай, ол кісінің көзі тірісінде ондай мүмкіндік болмады. 35 жылғы шығармашылығымды теріп, өлеңдерімді жинап, жақында «Ауырмайды жүрек!» атты жыр кітабымды шығардым. «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрді. Бұл кітапта мектеп оқушысы кезімнен осы күнге дейінгі жазған жырларым, айтыстарым, айтыста және өмірдің әр кезеңінде айтқан шұрайлы ойларым қамтылды. Содан кейін ең көп арнау айтқан ақынның қатарындамын. 1996 жылы облыстық малшылар тойында сол кездегі облыс әкімі Амалбек Тшановтың алдында алғаш рет арнау айттым. Сол арнауларды да кітапқа енгіздім. Бүгінгі Алматыдағы үлкен концертімде кітаптың тұсауы кесіледі.
– Бірнеше әнге сөз жаздыңыз. Сіз сөзін жазған көптеген ән «хит» болды. Ептеп ән жазып жүрсіз. Осы шығармашылыққа тоқталсаңыз. Жалпы өнер адамдары ішінде кімдермен тығыз байланыстасыз?
– Әнге сөз жазуымның қызықты тарихы бар. 1996 жылы Нұржан мен Әлия деген достарымыз отау құрды. Сол кезде «Көріскенше, менің аяулым» деген өлеңіме, Бауыржан Есебаев ән жазып, тойға тарту ретінде алып бардық. Кезінде «Дос-Мұхасан» ансамблі «Той жыры» әнін достарына сыйлық ретінде алып барғаны сияқты ғой. Концертімде осы әнді Саят Медеуов ағам орындайды. Көптеген әндер сол Бауыржан Есебаевпен шығармашылық байланыстан туған. Халықтың жүрегінен жол таба білді. «Ауырмайды жүрек!» Қайрат Нұртастың орындауында «хит» болды. «Ұмыттың ба?», «Ақ тамақ», «Алло», «Қайдасың» деген әндерді Ернар Айдар орындап, көпшілікке танымал етті. Әнге сөз жазуыма ықпал еткен Бекжан Әшірбаевтың «Көршінің қызы» әні. Осындай бір «хит» әнге сөз жазсам деп армандадым. Арманыма жеттім деп ойлаймын.
– Тазалық пен адалдықты ауылдан алдыңыз ба? Атақтың сіз үшін маңызы қандай?
– Ауыл – біздің алтын қазығымыз. Сол ауылда тұнық табиғатта әдебиет пен руханиятты армандап өскен балалар ертең елге адал қызмет етеді. Мемлекеттік кірістер комитетінде жұмыс атқарып жүрген кезімде басқарма басшысы Айсұлу Хасенқызы маған: «Шығармашылық адамы кез келген жұмысты тапсырсаң, жақсылап орындап шығады» деп айтатын. Сол үдеден шығуға тырысқанның арқасында «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі», «Мәдениет саласының үздігі», «Үздік мемлекеттік қызметші» атандым. Жақында төл теңгеміздің мерекесіне орай «Қаржы саласының үздігі» деген мараптқа да лайық деп танылдым. Төрт саланың үздігі болған айтыскер ақын жоқтың қасы шығар. Туған жер десе елеңдеп тұрамыз. Ел мен жерге арнап қаншама жыр жаздық. Айтыс сахнасында Таластың қасиеті мен табиғатын талай суреттедік. Сол еңбектер ескеріліп, былтыр «Талас ауданының Құрметті азаматы» атандым. Аудан әкімі Нұрбол Жүнісбековке рақмет. Ең үлкен сый – туған жердің сыйы. Маған атақтан бұрын еңбектің еленгені маңызды.
– Бүгінгі өтетін «Ауырмайды жүрек!» атты концертіңізге тоқталсақ. Идея қайдан келді? Кімдер қатысады?
– «Ауырмайды жүрек!» атты ән кешінде қазақ эстрадасының Мейрамбек Бесбаев, Мұхасан Шахзадаев, Майра Ілиясова, Бағдат Самединова, Қайрат Нұртас бастаған бірнеше жарық жұлдыздары өнер көрсетеді. Арасында «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков, Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров бастаған айтыскерлер арнау жырларын ұсынады, Құлмамбет үлгісімен айтысады. Поэзия да оқылады. Танымал ағалардың мен туралы естелік, пікірлері де айтылады. Сол кеште барлығын қамтуға тырыстық. 2013 жылы Тараз қаласында «Баласағұн» сарайында шығармашылық кешімді өткізгенмін. Одан бері де бірнеше жақсы әндер, әсерлі өлеңдер туды. Жалпы 60-қа жуық әнге сөз жазып, 7-8 ән шығарған екенмін. Бірнеше жаңа әннің тұсауы осы концертте кесіледі.
– Отбасыңыз туралы айтсаңыз. Өзіңізді қандай әкемін деп ойлайсыз?
– Жарым Әсияның мамандығы мұғалім. Қазақ балалары тіл білсін деп «Ағылшын тілін үйрету» орталығын ашып, сабақ беруде. Үлкен ұлымыз Дінмұхамед – Назарбаев университетінің студенті, Нұрсұлтан – Қазақ–Британ университетінің студенті, кенжеміз Рамазан – 10 сыныпта оқиды, күй тартады. Бокспен де айналысады. Ұлдарымыздың бәрі домбыраны жақсы тартып, өлең жаттап өскені қуантады. Дінмұхамед баламыз мектеплицейде оқып жүрген кезінде кітап оқу байқауынан оқушылар арасында бас жүлде алған. Қандай әке екенім белгілі болған шығар. Барша қазақ еліне, оның ішінде Жамбыл жұртшылығына құрметім алғысым шексіз. Ел аман, Тәуелсіздігіміз берік болсын. Отанға қызмет ету – мұратым. Ел болмаса, біздің өлеңіміз де, әніміз де ешкімге керек емес. Әр қазаққа бақыт тілеймін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




