«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шариғатта ата-ананың разылығын алу маңызды

Шариғатта ата-ананың разылығын алу маңызды
Автор
Асыл дініміз исламда әділдік, туралық, құрмет жағына өте көп маңыз берілген. Оны дін өкілдері – имамдарымыз айтудай-ақ айтып, жеткізудей-ақ жеткізіп келеді. Қазіргі таңда отбасы құндылықтары, әке мен ұлдың, анасы мен қызының арасындағы байланыс күрделеніп, көптеген отбасында жанжал туып, реніштер орын алып жатқаны да жасырын емес. Оның барлығы дін туралы хабарымыздың аздығынан болып жататын сияқты.

Дін өкілдерінің айтуынша, шариғатта ата-ананы құрметтеу өте жоғары орында тұрады. Қасиетті Құранда: «Ата-ананың разылығын алу – Алланың разылығын алумен тең» деп те айтылады. Яғни, жақсылық жасау деген ізгі амал екенін білеміз. Ал ардақты ата-анаға қамқорлық көрсету, оларды қуанту – шексіз сауап. Іс жүзінде қалай? Сені өмірге әкелген, өсірген, тәрбиелеген кісілерге ауыр сөз айтып, көңілін қалдырудан арланбаймыз.

Жуырда жұма намаздың насихатында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб-имамы, медресенің білікті ұстазы Нұралы Бақытұлы отбасындағы жағдайлар, ұл мен қыздың ата-ана алдындағы парызы мен қарызы туралы кеңінен айтты. Жай ортада айтылған сөз басқа да, мешіттің мінберінде айтылған сөз бөлек екен. Сол насихат сөз жүрегі бар адамның жүрегін жібітті деп ойлаймын. Соншама толғанып, әкенің салмағын, ананың қасиетін айтып ой қозғағанда өн бойымызды оттай күйдіріп, төбе құйқамызды шымырлатты.

– Бауырлар! Жақында әлеуметтік желіде тараған, әкесін сабаған көріністі барлығыңыз көрдіңіздер. Әрине, жандарыңыз ауырып жүректеріңіз шымырлаған шығар. Ол – қазақ даласында бұған дейін болмаған сорақы көрініс еді. Қазақта қай бала әкесін сабап еді? Қазақта «Әкең жынды болса, байлап бақ» дейді. Ол сөздің де мағынасы әкеңді арқанмен байлап қою емес қой. Асқар тауыңды еркелетіп, жылы сөз айтып, тілін тап деген мағына болар. Рас, кез келген адамның мінезі болады. Жасы келген кісілер шыдамсыздау келеді, бір сөзді қайталай беруі мүмкін. Бірақ оған бола анаға ауыр сөз айтып, әкені сабап тастау деген сұмдық қой. Осында отырған мыңдаған кісілердің тағдыры, өмір жолы әртүрлі. Біреуінің әкесі де, анасы да өмірде бар. Кейбірінің не әкесі, не анасы қастарында ғұмыр кешуде. Ал біразының бәлкім, әкесі де, анасы да бақилық болып кеткен болар. Менің айтайын дегенім, өмір өте қысқа. Бабаларымыз «Бұл дүние көзді ашыпжұмғандай-ақ» деп бекерге айтқан жоқ. Шынымен солай. Ал қысқа ғана ғұмырда әкенің ашуына, ананың ренішіне шыдамау деген қандай қасірет. Олардың жаныңда отырғаны, ашуланып ұрысқаны да бақыт емес пе? Ата-анамыз қасымызда мәңгі жүрмейді. Оны да түсінген жөн. Бір қызметтегі таныс кісі айтты. «Анам бар еді. Бір күні қоңырау шалды, телефонды көтеріп, жұмыс істеп жатқанымды айттым. «А, а, онда кедергі болмайын. Кешке келесің ғой, сөйлесеміз ғой» деп телефонын өшіре салды анам. Арада бір сағат өткенде анамның бақилық болғаны туралы суық хабар жетті. Өкініп қалдым. Сол телефон соққан кезінде неге ұзақ сөйлеспедім деп. Менің соншалықты ауыр жұмысым да жоқ еді, дәл сол кезде. Ал ананың өзі, анамның сөзі енді қайтып оралмайды. Үйге жылдам жеттім. Имамнан таңға дейін анамның денесін құшақтап жатсам бола ма деп сұрадым. Имам рұқсат етпеді. Сонда да имам кеткен соң, анамның сүйегі жатқан бөлмеге кіріп, ол кісінің денесін құшақтап ұзақ жыладым, өкініп, кешірім сұрадым. Амал қанша? Ол кісі басқа әлемге кетіп қалған. Енді ол кісімен ешқашан сөйлесу де мүмкін емес. Содан жарты тәулік бұрын ғана маған өзі қоңырау шалған анам еді ғой. Қатты өкіндім» деген еді. Сол қызметтегі кісі айтқандай, өмірдің түбі – өкініш. Әкең болса әкеңе, анаң болса анаңа жақсылық жасап қал. Ол – сенің қазіргі мүмкіндігің. Ол – сенің бақытың. Менің де анам бар. Басқа қалада інімнің қолында тұрады. Анамды үнемі шақырып, қуантып, қонақ етіп жүремін. Уақыт тауып арнайы іздеп, сөйлесемін. Жақында анамды Тараздың ең жақсы, халал мейрамханасына апарып, күттім. Әуелі сыйлығын бердім, сосын дәм бердім. Аямадым. Нені жегісі келеді, нені жақсы көреді, барлығын алып бердім. Ол менің анам ғой, себебі. Анам маған риза болғанымен, сонша ағыл-тегіл дастарханға онша қуанбады. Өзі тұратын үйді ойлап алаңдай берді. «Нұралы-ау, сенің қазір кафеге төлеген удай ақшаңа анау менің қолымдағы інің отбасына бір айға жететін тамақ алатын еді ғой» дегені. Мен анамның қабағына қарап тұрсам, анам қолындағы кенже баласын ойлап тұр. Ана деген қуанса да баласын ойлап тұратын осындай мейірімді жан. Ата-ананы құрметте. Ата-анаң өмірде жоқ болса, олардың көзін көргендерді құрметте», – деді Нұралы Бақытұлы.

Бұл насихат маған да керемет ой салды. Менің анам да, әкем де арғы әлемде. Әкемнің және анамның көзін көрген көнелер бар. Сол кісілерге үнемі болмаса да хабарласып, жағдайларын біліп, еркелетіп, жылы сөзімді айтып тұрамын. Нұралы имамның сөзінен кейін де сол кісілерді іздеп, екі-үшеуінің хабарын біліп, жақсылыққа ұмтылғаным бар. Ата-анаңыз бар ма? Сыйлаңыз, құрметтеңіз. Шариғаттың сізге қояр талабы да осы.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар