Көктем шығып, күн жылынған кезде денесінде ауру қоздырғышы бар аш кене ірі қараның терісіне жабысып, қанын сорады. Кенелер малға тек қана қора ішінде емес, жайылымдағы, түс кезіндегі демалыс орны мен суат басында да жабысады. Сол кезде ауру қоздырғышы, яғни, паразиттер кененің сөлі арқылы мал ағзасына өтіп, лимфа бездерінде, одан кейін қан айналу жүйесінде, бауырда, көкбауырда жылдам көбейіп, ағзаны ластайды. Салдарынан тейлериозға шалдыққан малдың жүрекқан тамыр, ас қорыту, жүйке, зәр шығару жүйелері зақымданады.
Аурудың клиникалық белгілері: жануардың бір жағындағы иық алды, желін үсті лимфа бездері ісініп, дене қызуы 40-41 градусқа дейін көтеріледі. Көздің кілегей қабықтары сарғаяды, анемияға ұшырайды, азыққа тәбеті болмай, ас қорытуы нашарлайды. Сауын сиырлардың сүті азайып кетеді, буаз мал түсік тастауы мүмкін. Дер кезінде емдемеген малдың басым бөлігі өлімге ұшырайды. Әсіресе тейлериоз инвазиясы тіркелмеген аймақтардан әкелінген асыл тұқымды ірі қаралар аталмыш ауруға қатты ұшырап, емделуі қиынға соғады.
Ауырған малды сойғанда еттің сыртқы қабығы сарғайып тұрады. Тейлериоздың алдын алу үшін отандық ғалымдар ауру қоздырғышының жергілікті түрінен соңғы жылдары вакцина жасап шығарып, тиімділігін анықтаған. Вакцинаны тейлериоз ауруы тіркелетін мезгілден бұрын яғни, кенелер малға жабыспай тұрып егу қажет. Меншігінде ірі қара малы бар жекеменшік иелері малдың аман болуын көздесе, аталған вакцинаны пайдаланғаны жөн.
Облыста тейлериоз ауруының жиі тіркелуіне орай облыстық бюджет қаражат есебінен энзоотиялық ауруларға қарсы бағдарлама есебінен тейлериозға қарсы вакцина ірі қара төлдеріне тегін егіледі, ауылдағы мал дәрігеріне хабарласып, малдарыңыздың осы ауруға қарсы толық егілуін қамтамасыз етуді ескертеміз. Тейлериоз ауруының негізгі профилактикасы – мал қораларың санитариялық тазалығын сақтау және мал жайылымдарында кенелерге қарсы дезинсекциялық іс-шаралар жүргізу.
Тейлериозды емдеуге еліміздің ғалымдары бупакон, фармакон, телемакс сынды препараттарды сынақтан өткізіп, тейлериозды емдеудегі тиімділігінің жоғары екенін анықтады. Дер кезінде диагноз қойып, ерте емдеу шараларын жүргізсе ауруға шалдыққан малдар тез сауығып кетеді.
Талғат ҚОЖАБЕРГЕНОВ
облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




