«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
Автор
Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау – мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы маңызды әрі жауапты бағыттардың бірі және бұл салаға бөлінетін қаржыны тиімді пайдалану қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер ететіні белгілі. Жыл сайын артып келе жатқан бюджеттік шығындардың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын бағалау мақсатында облыс бойынша тексеру комиссиясы 2025 жылға арналған аудит жоспарына сәйкес мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз етуге және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қаражаттың пайдаланылуына кешенді аудит жүргізді. Аудит облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасын және оған бағынысты 16 мекемені қамтып, нәтижесінде саладағы қол жеткізілген жұмыстармен қатар, шешуді талап ететін түйткілдердің де аз еместігі анықталды.

Әлеуметтік қолдау жүйесінің қазіргі ахуалы

Тексеру комиссиясының мүшесі Ермек Қарабаевтың айтуынша, облыста мүгедектерді техникалық оңалтудың қажетті құралдарымен, жеке көмекшілер қызметтерімен, ымдау тілі мамандарымен және міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан енгізілген цифрландыру қызмет алушыларды тіркеу, жазылу және жеке оңалту бағдарламаларының орындалу деңгейін бақылау ісін айтарлықтай жеңілдетіп, қолжетімділікті арттырған.

2023-2024 жылдардағы деректер бойынша облыстағы жеке оңалту бағдарламаларының орындалу көрсеткіштері республикалық орташа деңгейден жоғары екені байқалғанымен, әлеуметтік инфрақұрылым мен кадрлық әлеуетке қатысты маңызды мәселелер анықталған.

Аудит облыстағы стационарлық және жартылай стационарлық үлгідегі әлеуметтік мекемелердің арнаулы қызмет түрлерін ұсынып отырғанын растайды, алайда олардың материалдық-техникалық жағдайы көңіл көншітпейді. Қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан №1, №2, №3 және №4 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының ғимараттары тозып, қазіргі уақытта күрделі жөндеуді қажет етеді.

Мекемелерде жүргізіліп отырған ағымдағы жөндеулер санитарлықтехникалық талаптарды толық көлемде қамтамасыз ете алмайды, ал бұл қызмет алушылардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Мүгедек балаларға арналған оңалту мекемелерінің ішінде Шу қаласындағы орталықтың жағдайы ерекше назар аудартады. Ол орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған, таза ауыз суды скважинадан алып отыр және орталық ауласында жарықтандыру жүргізілмеген. Материалдықтехникалық жарақтандыру деңгейі төмен болып, бұл мекеменің қызмет сапасына айтарлықтай әсер етуде.

Бұған қоса, кадр тапшылығы да аса өткір мәселелердің бірі болып отыр. Кейбір мекемелерде медициналық мамандар мен әкімшілік қызметкерлерінің басым бөлігі облыс орталығынан қатынап жұмыс істеуге мәжбүр, мысалы №6 орталықтағы жағдай осыны айқын көрсетеді. Мұндай жағдай қызмет көрсету сапасының тұрақтылығын төмендетіп, қызметкерлердің кәсіби жүктемесін арттырады. Ермек Қарабаев атап өткендей, әлеуметтік қорғау саласындағы педагог қызметкерлердің құқықтық мәртебесіне қатысты айқын сәйкессіздік бар. «Педагогтердің мәртебесі туралы» Заң нормалары бұл санаттағы мамандарға қолданылмайтындықтан, олар аттестаттаудан өту, біліктілік санатын көтеру және жалақы мөлшерін арттыру мүмкіндігінен шет қалып отыр. Бұл жерде әлеуметтік саладағы педагогтардың жалақысы білім беру жүйесіндегі әріптестерінен 20-40 пайызға төмен екені және олардың апталық оқу жүктемесі 40 сағатқа дейін жететіні белгілі болды.

Мұндай айырмашылық кадрлық тұрақтылыққа да, қызмет сапасына да айтарлықтай теріс әсер етеді. Аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған жартылай стационарлық мекемелердің қызметі белгілі бір медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты шектелуі мүмкін. Ал Тараз қаласында Білім басқармасының қарауына берілген арнайы орталықта балаларды дамыту, оқыту және әлеуметтік бейімдеуге бағытталған кешенді бағдарламалар қолданылады. Осы себепті Ермек Қарабаев аутизмі бар балаларды қолдау орталығын да Білім басқармасының қарауына беру мәселесін қарастыруды ұсынады. Бұл шешім білім беру, түзету-дамыту және әлеуметтік қолдау қызметтерін бір жүйеге біріктіріп, орталықтың кадрлық және әдістемелік әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Қаржы мақсатты игерілуде

Жалпы қамтылған қаражат көлемі 15 миллиард 932,2 миллион теңгені құраса, оның ішінде 2 миллиард 591,4 миллион теңге мөлшерінде әртүрлі қаржылық бұзушылық анықталған. Оның 1 миллиард 573,4 миллион теңгесі тиімсіз жоспарланған сомаларға, яғни коммуналдық шығыстар мен жалақы сомасының нақты қажеттіліктен жоғары көрсетілуіне байланысты.

Бұдан бөлек 758,9 миллион теңге көлемінде негізсіз жоспарлау фактілері, 54 миллион теңгеден астам артық төленген жалақы мен орындалмаған жөндеу жұмыстары анықталған. Құрылыс жұмыстарына қатысты зерттеулер басқарма мен ведомстволық мекемелердің 667, 4 миллион теңге сомасына ағымдағы жөндеу жүргізгенімен, олардың сипаты күрделі жөндеу деңгейіне сай келетінін, алайда жобалық-сметалық құжаттаманың жасалмағанын, техникалық және авторлық қадағалаудың болмағанын көрсетті. Сонымен бірге 383,4 миллион теңгеге сатып алынған тауарлар мен қызметтердің бухгалтерлік есепте тіркелмегені және 28,9 миллион теңгеге амортизация есептелмегені анықталған.

Жалақы есептеу кезінде коэффициенттерді дұрыс қолданбау нәтижесінде 1,8 миллион теңге көлемінде негізсіз төлем жасалғаны белгілі болды. Аталған заң бұзушылықтардың басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп жүргізу, сәулет және қала құрылысы салаларындағы талаптардың сақталмауымен байланысты болғандықтан, тиісті лауазымды тұлғаларға қатысты материалдар уәкілетті органдарға жолданды. Қорытындылай айтқанда, жүргізілген мемлекеттік аудит мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында өңірде белгілі бір нәтижелер бар екенін көрсеткенімен, саладағы өзекті мәселелердің әлі де көп екенін айқын көрсетті.

Инфрақұрылымдық кемшіліктер, кадр тапшылығы, педагог мәртебесіне қатысты заңнамалық сәйкессіздік, қаржыны жоспарлау мен жұмсау барысында жіберілген бұзушылықтар әлеуметтік қызметтің тиімділігіне тікелей әсер етіп отыр. Бұл мәселелерді шешу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді жұмысы қажет және басты мақсат – мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын толық қамтамасыз етіп, олардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты әрі нәтижелі шаралар қабылдау.

Қоғамның әлсіз тобына көрсетілетін қолдаудың сапасы мемлекеттің әлеуметтік әділеттілік деңгейінің көрсеткіші екенін ескерсек, бұл саладағы әрбір шешім мен әрбір жұмсалған қаржы аса жоғары жауапкершілікпен қаралуы тиіс.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ

Ұқсас жаңалықтар