Ал Хазірет Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың жақсысы, адамдарға пайдалысы» – деген өсиет қалдырды. Өсиет – Ислам дінінің ұғымында «Хадис» деп аталады. Құран Кәрімнің аяты мен Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқан осы хадистердің өміршеңдігі бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Адам баласы бір-біріне тек жақсылық істегенде ғана өсіп-өнбек. Мақсатына жетпек. Бір байдың байлығы мол болыпты. Әсіресе қойы шамадан тыс көбейіп, жайлауға сыймай кеткен екен. Байдың ешкімге еш қиянат жасамаған бір шопаны бар екен. Әлгі малшы қожайынға да әрдайым адал қызмет еткен.
Шопан үнемі қойларды сауып, байға жеткізетін. Ал бай болса көп сүттің үштен біріне су қосып, базарға саттырады екен. Бір күні шопан байға қарап: «Ей, қожам сүтке су қосып сатқаныңыз мұсылмандыққа қиянат қой. Алла Тағала сізге мол байлық берді. Сүтке су қоспай сатсаңыз да, дәулетіңіз жетеді ғой, қиянат жасағаныңыз өзіңізге зиян болады. Осыны ойлаңыз, – дейді.
Шопанның ойы сақтандыру болатын. Ал қожайын қандай шешім жасады дейсіз бе? Әлгі дүниесі далаға сыймай ыңыранған бай болса шопанның кеңесін тыңдамай пайданы көп түсіремін деп дүниеқоңыздыққа салына берді. Өз ісін одан ары жалғастырды. Сонымен бірде шопаны қойларды саялау жерге иірді де өзі төбенің басында қисайып жатып ұйықтап қалады. Кенеттен қатты жаңбыр жауып, сел жүреді. Сол сел қойлардың бәрін ағызып алып кетеді. Шопанның қара басы байға келеді. «Сүт қайда?», – дейді бай.
Сонда шопан: «Ей, қожам, менің айтқан ақылымды тыңдамадыңыз. Сіздің сүтке қосқан сулар жиылып, сел болып келді де, барлық қойды ағызып алып кетті», – дейді. Арада талай замандар өтіпті. Ал әлгі сараң, қайырсыз бай адам ұрпақтарының соңында «Бұлар сүтке су қосып сатқан байдың әулеттері», – деген сөз қалмай ілесіп келеді. Міне, тозаңдай жамандық бір әулетке соншама зиянын тигізді. Алғашқы кісі тозаңдай жақсылық жасады оны көрді Алла Тағала. Екінші кісі тозаңдай жамандық жасады, Алла Тағала оны да көрді. Міне, Алла Тағалам өз пенделеріне бір-біріңізге еш уақытта қиянат жасама, біреуге қиянат жасауды өзіңізге жасаған қиянат деп түсініңіздер дейді. Тағы бір мысал. Бір пенде ел аралап қайыр сұрап жүреді екен.
Күндердің күнінде әлгі кісі бір үйден қайыр сұрайды. Әлгі үйдің шайпау әйелі осы қайыршылардан-ақ күйдім, осыдан құтылайын деп жауып жатқан нанына у қосып әлгіге екі шелпек береді. Қайыршы былай шыға бере ойнап жүрген балаларға тап болады. Олар қайыршыдан нан сұрайды. Ол қоржынындағы нанды балаларға бөліп береді. Соның ішінен әлгі әйелдің екі шелпегін жеген екі бала қайтыс болады. Сөйтсе ол екі бала да әйелдің өз балалары екен. Міне, біреуге жасаймын деген қиянат әркімнің өз басына келеді. Бұл мысалдан да алар тағылым көп. Өмір деген осы. Өмірде пенденің алданатын сәті көп. Өмірдің қызықтары адам баласын жылтырап алдайды. Алла Тағала бәрін көреді.
Егер сіз біреуді шат шадыман етсеңіз өз көңіліңіз де шат жүреді. Егер біреуді қапаландырып, мұңға, қайғы-қасіретке батырсаңыз, сізде көңілді жүре алмайсыз. Сіздің де көңіліңізді мұң, қайғы, қасірет басады. Жамандық жасасаңыз, алдыңыздан шығады. Әр ауылда нашар тұратын отбасылар бар. Мешіт үйлері және иманды кісілер оларға әлінің жеткенінше көмектеседі. Сіздерде солай етіңіздер. Қадірлі көпшілік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Жақсылықта жарысыңдар», – деді. Ол әрине жүгіріп жарысу емес. Өзге адамнан жақсылығыңды асырамын деп ұмтылу. Сол ниетпен жақсылық жасай беру, жасай беру. Бұл аз күндік шолақ өмірді бос өткізбей шын ықыласпен намаз оқып, Алла Тағалаға құлшылық етіп, қолдан келгенше пақыр-міскінге қарайласу керек. Сонда Алла Тағалам оны көреді, сіз жақсы адамдар қатарына қосыласыз. Халқымыздың ардақты ұлы қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлы: «Адалдықтың адымы алты құлаш. Арамдықтың адамы бір-ақ уыс. Адал болмай азаматпын демегін. Жақсы сөз жан сүйсіндіреді. Құлаққа ұғымды, ойға қонымды келеді», – деген.
Бұл сөздерден көп мағлұмат алып, ой түйеріміз хақ. Қадірлі оқырмандар! Баршамыз ұл-қыз өсіріп, ұрпақ сүйеміз. Ол да Алланың шексіз нығметі. Сол ұрпаққа жақсы тәрбие беру – парызымыз. Әр бала – жерге қадалған көшет. Сол көшеттің түзу өсуі өзімізге байланысты. Сол көшет түзу өссе, айналаң тегіс түзу болады. Айналаңның түзу болуы – үлкен бақыт. Ол үшін өзіміз сауапты жолмен жүріп, жауапты болуымыз керек. Біз де мешітке қадам басып келген адамдарға жақсылықты үндейміз. Жақсы жолмен жүруі үшін бағыт-бағдар береміз. Бірақ, әр адам қандай жолмен жүретінін өзі таңдайды. Үлгілі жол адастырмайды. Үлгілі жолдың қайыры да, қуанышы да көп. Алла Тағаланың ісіне адал болайық. Бәрімізді оның кішіпейіл, жақсы мінезді құлдарынан ете көрсін. Әмин!
Сейітқазы МЕДЕТБЕКОВ
«Жуалы» мешітінің бас имамы
Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Таза ауыз сумен 19 елді мекен қамтылды
- 6 желтоқсан, 2025
Масылдық неге дендеп барады?
- 6 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




