«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оқушылар климат өзгерістерін ғарыштан бақылау жолдарын зерттеуде

Оқушылар климат өзгерістерін ғарыштан бақылау жолдарын зерттеуде
Автор
Оқушыларды түрлі тақырыптарда ғылыми зерттеу жүргізуге жетелеумен мектеп мұғалімдері жастардың ізденістерін арттырып отыр. Мектеп оқушыларының ғылыми жобаларының байқауларын ұйымдастырумен жас ізденімпаздардың білімге деген құлшынысын арттырып, тың идея табуға, өмірлік қажеттілікке пайдасы тиер жаңалық ашуға жетелейді. Осындай байқау жақында Тараз қаласы білім бөліміне қарасты Шерхан Мұртаза атындағы №30 мектеп-гимназиясында өтті. Бұл меткепте өткен қалалық кезең тараздық оқушылардың ғылыми жобаларының ішіндегі ең өзектілерін іріктеп, облыстық кезеңге жолдады.

Аталған ғылыми жобалар байқауына физика пәнінен Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 11А-сынып білім алушылары Ерасыл Абдықадыр мен Арнұр Болатбек қатысты. Оқушылардың ғылыми жетекшісі, физика пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Нұрсұлу Қабылова бұл жобада жас зерттеушілер климат өзгерістерін ғарыштан бақылау жолдарын зерттегенін, онда қандай қызықтарға тап болғанын әңгімелеп берді.

– Жобаның негізгі мақсаты – Тараз қаласының климаттық өзгерістерін ғарыштық бақылау құралдары арқылы зерттеу және алынған деректерді талдау. Мақсатқа жету үшін бірқатар міндеттер қойылды. Біріншіден, ғарыштық бақылау құралдары мен олардың жұмыс принциптерін зерттеу, екіншіден, Тараз қаласының климаттық деректерін ғарыштық бақылау деректерімен салыстыру міндеттелді. Сонымен қатар спутниктік суреттер арқылы климаттық өзгерістерді бақылау, атмосфералық газдардың концентрациясын талдау және графиктер, диаграммалар арқылы нәтижелерді көрсету, зерттеу нәтижелерін қорытындылап, практикалық қолдану салаларын анықтау көзделді. «Зерттеу нәтижесінен не күттік?» дегенге келсек, осы зерттеу нәтижелері климаттық өзгерістерді дәл анықтауға, жергілікті экологиялық жағдайды бағалауға және болашақта экологиялық мониторинг пен алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері Тараз қаласы мен облысымыздың климаттық өзгерістерге бейім өңір екенін көрсетті. Температураның артуы, жауын-шашынның азаюы, ауа сапасының нашарлауы және мұздақтардың қысқаруы өңірдің экологиялық тұрақтылығына тікелей әсер етуде. Ғарыштық бақылау әдістерін қолдану климаттық құбылыстарды дәл анықтап ғана қоймай, экологиялық мониторинг жүргізуге, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және болашақтағы климаттық өзгерістердің салдарын болжауға мүмкіндік беретіні дәлелденді. Ғылыми жоба барысында Тараз қаласының климаттық өзгерістері жергілікті метеостанция деректері мен ғарыштық бақылау мәліметтері арқылы зерттелді. Жүргізілген талдауларға сүйене отырып, соңғы онжылдықта аймақта ауа температурасының жоғарылағаны, жауын-шашын мөлшерінің азайғаны және жаз мезгілінде құрғақшылықтың жиілей түскені анықталды. Қазгидромет ұсынған ауа сапасы көрсеткіштері бойынша көлік тығыздығы жоғары және өнеркәсіп орындары шоғырланған аудандарда ластану деңгейі жоғары екені байқалды, – дейді ізденімпаз оқушылардың жетекші мұғалімі Нұрсұлу Талқанбайқызы.

Ғылыми жобаның қалалық кезеңінде «Климат өзгерістерін ғарыштан бақылау» тақырыбын жоғары деңгейде қорғап шыққан Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының білім алушылары қалалық кезеңнен ІІ-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Облыстық кезең өткен аптада облыс әкімдігі білім басқармасының Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды.

Ғылыми жоба байқауына облыс әкімдігінің білім басқармасына қарасты Тараз қаласы білім бөлімінен және аудандық мектептерден білім алушылар қатысты. Тартысты додада Ерасыл Абдықадыр мен Арнұр Болатбек ІІ-орынның биігінен көрініп, республикаға жолдама алды. Ізденімпаз жас зерттеушілердің алдағы байқаудан да жүлдемен ораларына сенеміз.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар