Талас ауданында өткен жылы үш бірдей жел электр стансасының құрылысы салынды. Олар, атап айтсақ, «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жүзеге асырылды. Аталған үш жоба да Қызыләуіт ауылдық округінде бұдан бұрын салынған екі жел стансасы қасынан бой көтерген. Таратып айтсақ, «Шеңгелді» ЖШС жалпы қуаты 4,5 мегаватты құрайтын үшінші жел электр стансасының құрылысын 2020 жылы бастаған. Оның жобалық құны 1 миллиард 829,1 миллион теңгені құрайды.
Қазіргі таңда станса толық қуатында жұмыс істеп тұр. Келесі жобаның да қуаты 4,5 мегаватты құрайды. Ол жобаны жүзеге асырушы «Новатэкс» ЖШС болып табылады. Үшінші жел электр стансасының құрылысын «Шеңгелді-2» ЖШС мойнына алған болатын. Оның жобалық құны 1 миллиард 829,1 миллион теңге. Бұл жобалардың құрылтайшы директоры Жолдыбек Тұралиевті сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, стансадағы құрал-жабдықтар Даниядан әкелініп орнатылуда екен.
«Бүгінгі таңда барлық станса қондырғысы қойылып, жұмыс істеп тұр. Ондағы қондырғылардың ені мен ұзындығы 10 метр. Жалпы Талас ауданында бұған дейін пайдалануға берілген екі жел стансасы мен былтыр іске қосылған үш станса да бізге қарайды, тек олардың мердігерлері бөлек болды. Алдағы уақытта қондырғылар санын арттырып, оны 30 мегаватқа дейін жеткізуді көздеп отырмыз», – дейді жоба құрылтайшысы.
Бұл жобалар ауданның экономикалық және әлеуметтік ақуалын арттырады деп санайды аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ауданбек Тауасаров.
– Ауданда соңғы жылдары салынып жатқан жел электр стансаларының қуаты артып келеді. Бұған дейін 9 мегаватты құрайтын екі жел стансасы пайдалануға берілсе, алдыңғы жылы 13,5 мегаватты құрайтын үш станса жыл соңына іске қосылып, станса қуаты артты. Сөйтіп жел электр стансаларының қуаттылығы 22,5 мегаватқа жетті. Оның әрбірінен бір жылда 15569 мың киловатт электр қуаты өндірілетін болса, ол бес есеге артып, ауданның экономикасына тың серпін қосқалы тұр, – дейді бөлім басшысы Ауданбек Тауасаров.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




